Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, рухани жаңғырудың негізі ұлттық кодымызды жаңғыртудан бастау алуы тиіс. Ал біздің ұлттық кодымыздың негізі – ұлттық жазу.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ағартушы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (менталитет), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалады», – деген. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз.
Қазіргі біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырдың ақпарат дәуірі екендігін ескерсек, компьютер мен интернет пайдалану үлесі артқан сайын қолданыстағы әліпбидегі қазақ әріптерінің компьютерлік код жүйесіне енгізілмеуі салдарынан қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі коммуникативтік әлеуетін көрсете алмай, тілдік бәсекелестіктен ұтылып отыр. Міне, осындай тілдік, ақпараттық-коммуникациялық себептерге байланысты қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – заман талабы.
Жақында Парламентте латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылғаны белгілі. Бұл жерде біз асығыстыққа жол бермей, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек. Сондықтан осы бағытта құрылған жұмыс тобы тілші-ғалымдардың, зиялы қауымның және жалпы жұртшылықтың пікірін ескере отырып, сындарлы шешім қабылдайды деп үміттенемін. Себебі әліпби реформасының жемісті жүргізілуі, ең алдымен, қабылданатын әліпби нұсқасының дұрыстығына тікелей байланысты. Басы артық әріптерден арылған, тіліміздің дыбыстық жүйесін толық қамтитын, сонымен қатар интернет жүйесіне де сәйкес келетін әліпбиді қабылдаумен қатар, емле ережемізді де түзеуіміз керек. Бөгде тілдің элементтерінен арылғанда ғана ұлттық сана жаңғыратын болады.
Латын әліпбиіне көшу реформасы шеңберінде әліпбиіміздегі басы артық бөтен әріптердің саны азайып, тілді үйрену оңайлай түспек. Заманауи ақпараттық технологияның құралына айналған латын қарпін үйрену, әсіресе шетел тілдерін, соның ішінде Еуропа тілдерін жетік меңгерген жастарға қиын емес. Егер де әліпбидің жеңіл әрі ұғынықты нұсқасы бекітілсе, оны үйреніп алу аға буынға да ауыр соқпайды.
Өкінішке қарай, мәселенің байыбын жете түсінбейтін кейбір азаматтар «Латын тіліне көшу қазақ тілінің дамуына тежеу болады», деген негізсіз ой айтады. Нақтылап айтайын, біз латын тіліне емес, тек латын графикасы негізінде әзірленген қазақ әліпбиіне көшеміз. Сондықтан тіл мен графика ұғымдарын шатастырмауымыз керек.
Әлемдегі көптеген ұлттардың мәдени тарихы көрсеткендей, ұлттық бірегейлікті қайта қалпына келтіруде жазу тілден де маңызды рөл атқарады. Қытайлар үшін иероглифтары қытай халқын біріктіретін мәдени код болып саналады. Себебі бір ғана Қытайдың өзінде қытай тілінің түрліше сөйлеу нұсқалары бар, ол ауызекі коммуникацияға кедергі келтіруде, ал ортақ жазуы арқылы олар бір-бірін түсінісе алады. Орыстар, грузиндер, армяндар, еврейлер, арабтар үшін қолданыстағы әліпбилері олардың тілдерінің жай графикасын ғана емес, діни, мәдени, тіпті ұлттық бірегейлігін де танытады. Кезінде түрік халқының көшбасшысы Ататүріктің латын жазуы негізіндегі әліпбиге көшуі империялық (османдық) бірегейліктен ұлттық (түріктік) бірегейлікке ауысуын білдірді. Сол сияқты қазақ жазуын латын графикасына көшіру қазақ халқы үшін кеңестік (отарлық) бірегейліктен зайырлы (ұлттық) бірегейлікке ауысуды білдіреді.
Супердержавалар аз ұлттарды жұтып жатқан жаһандану дәуірінде біздер үшін де ұлт болып бірігудің маңызы зор. Бұл ретте Қазақстанның қазақ елі екендігін айғақтайтын басты атрибут, ол – қазақ тілі. Ал қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі, қазақша ойлауы үшін әліпбиді заманға сай жаңғырту қажет.
Латын графикасына негізделген әліпбиді бекіту арқылы қазақ ұлттық бірегейлігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, әлем қазақтарымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ғаламторда қазақ жазуы толық оқылып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсекеге қабілетті ұлт боларымыз анық.
Айдос СӘДУАҚАСОВ,
саяси ғылымдар кандидаты