Есте жоқ ескі замандардан бастап-ақ ежелгі адамдар өзінің арман-қиялын, түйсігімен сезгенін, санасымен топшылағанын үңгірлердің қабырғаларына өрнектеп салған, тастарға бәдіздеген.
Кей-кейде бағзыдағы емле әріптерінің сына түрінде болып келуінің басты себебі де сол, оларды тасқа қашап жазу ыңғайлы болғандықтан шығар деп ойлаймыз. Қалай десек те, адамзат тарихының талай-талай парақтары мәңгі өшпестей етіп тасқа жазылғанын, әмбе ешқашан жойылып кетпестей етіп таспен жазылғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Иә, жаңылыс айтып тұрған жоқпыз, жер бетіндегі жеті ықылым дүниенің дәурен-көшінде тасқа жазылған тарих бір бөлек те, одан басқа таспен жазылған тарих бар. Антикалық Эллада мен ежелгі Римнен қалған мың сан заттық ескерткіштер жауһарларының басым бөлігі тастан жасалып, тастан тұрғызылып, тастан салынған жоқ па. Бұлардың ішінде көне заманның ең үлкен де айбынды амфитеатры саналатын Колизей, барлық құдайлардың үйіне баланатын Пантеон, Римнің өзі пайда болған Капитолий төбесіндегі Капитолий храмы, Грекияның ғасырлар қойнауынан жеткен ғаламат жәдігер ескерткіші Акрополь және басқалары жалпы адамзаттың да, осынау елдердің де ұлттық мәдени-тарихи мұрасы болуымен қатар ежелгі өркениет сырына бойлатар таспен жазылған тарих екендігі және даусыз
Әрине ежелгі Грекия мен Рим тарихын тәпсірлеген сол замандардың жазба айғақтары да жетерлік. Әйткенмен ХІХ ғасырдың екінші жартысында Генрих Шлиман Кіші Азиядан Троя қаласының тас қорғандары мен қамалдарын таппағанда, көне грек әдебиетінің ең байырғы ескерткіші – Гомер қарияның эпикалық «Илиада» жырының оқиғасы әлі күнге дейін аңыз, ертегі күйінде қалып қоюы да ықтимал еді-ау.
Оны айтасыз, соңында қалған мәңгілік, тастан соғылған ескерткіштері болмаса, испан конкистадорлары тып-тыйпыл етіп қырып тастаған ацтектер, инктер мен майялар өркениеті адамзат тарихынан із-түзсіз, зым-зия жоғалар еді. Тұтас жартастан қашалып жасалған Малиналько ғибадатханасы, тастан мүсінделген құдайлар, сәулет өнерінің жауһарына жатар Күн қақпасы, Күн құдайының ғибадатханасы бастаған Алтын сарай топтамасы, бұдан басқа да толып жатқан тас көнеліктер арғы тегі азиялықтар деп те болжанатын осынау мексикалық үндістердің ертедегі биік өркениетін болашақ ғасырларға паш етуде. Сөйтіп тұтас бір халықтардың тарих сахнасынан өздері кетсе де таспен жазған тарихтары қалып, адамзат әулетімен бірге жасасып, талай ойлы көкіректерді тебірентіп, толғандырып келеді.
Тарихты таспен жазудың барлық замандардағы бүкілжаһандық эталонға айналған ғаламат үлгісі, әлбетте, Мысыр пирамидалары мен Қытай қорғаны. Перғауындар еліндегі бір шайқасты бастар алдында Наполеон пирамидаларды нұсқап өз армиясына: «Уа, сарбаздарым! Сендерге қырық ғасыр қарап тұр» деп дем берген екен. Тарихтың қатпарлы қойнауларының ең көне толағай артефактілері дүниежүзілік тарих оқулығының ашық бетіндей болып көрінеді. Артта қырық ғасырын қалдырған Ніл дарияның аңғарындағы тарих Гималайлары осы тапжылмай тұрған қалыптарында тылсым арқалап, алдағы қырық ғасырына жол тартып адымдап барады. Еңку-еңку жер шалған тарих кейуанасы – Қытай қорғаны да осындай, болашақтағы жүрер жолы өзінің ұзын ырғасынан ұзын.
Ұзынқұлақ айтады: қытайлар бұл қорғанды біздің жаужүрек бабаларымыздан қорғану үшін нешеме ғасырлар бойы тұрғызған дейді. Сондай еңселі бабаларымыз өздерінің өрлік пен ерлікке толы тарихын тасқа да жаза білген, таспен де өріп жазған. Мұның бірден-бір басты дәлелі – Орхон-Енисей ескерткіш жазбалары. Дат ғалымы В.Томсеннің көне түркі руникасының кілтін тауып, құлпын ашуының арқасында ортағасырлық түркі қағанаттарының қалтарыста қалған қаншама тарихы жалғанның жарығына шықты. Білге қағанды, Тоныкөк дананы, Күлтегін ерді солай, тасқа таспаланған тарихымыздан танып білген едік.
Одан қала берді қазақ жері – таңбалы тастардың отаны. Жетісу жеріндегі «Таңбалы» петроглифтер кешені. Іленің бойындағы әлемдік ғылым айналымына алғаш Шоқан қосқан Таңбалы тас шатқалы. Таңбалы Нұра. Басқа да өрнекті, оюлы, шимайлы жартастар. Бұларда ғасырлар бойы қазақ даласын қоныстанған тайпалардың мыңдаған таңбалары, ұрандары, тасқа ойып түсірген әдемі өрнектер, «қошқар мүйіз», «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі», т.б. белгі-бедерлер көптеп кездеседі. Ғалымдар айтса айтқандай, олар – «тарихтың зор куәлігі». Айталық, Таңбалы Нұра жартасындағы таңбалар ХІ-ХІХ ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл арада 1710 жылы жоңғарға қарсы соғыста үш жүздің басын қосқан үлкен жиын өткен. Халқымыз қасиеттеп кие тұтқан таңбалы тастар сыры осындай.
Ежелгі Отырардың орнындағы қамал мен қорған қирандылары, Арыстан баб пен Әзірет Сұлтан кесенелері, Қозы Көрпеш-Баян сұлу мен Айша бибі мазарлары да бабаларымыздың таспен жазған тарихы. Қазақ елі әлі тастан сомдап талай ғажайып тарихтар жасауға жазсын!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»