Үстіміздегі жылдың сәуір айында сенатор Мұрат Бахтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы аң мен құстың азайып бара жатқанына байланысты дабыл көтерген еді.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында сенатор Мұрат Бахтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы аң мен құстың азайып бара жатқанына байланысты дабыл көтерген еді. Соның ішінде депутат «Ресми мәліметке сүйенсек, жерімізде мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр. 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылдың көктемінде Қазақстандағы құстар саны 2 миллионға кеміп кеткен. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2017 жылғы 16 ақпан мен 14 маусым аралығында көктемгі аң-құс аулау маусымына тыйым салды», дей келіп, оған аңшылық жасау мақсатымен құрылған шаруашылықтардың қарсы шыққанын жеткізеді.
Депутат соңғы бірнеше жыл көлемінде елімізде 300-дей аңшылық шаруашылығы құрылғанын айтып, пайда таппаса осыншама шаруашылық құрылмас еді дейді. Демек миллиондаған киіктің жоғалып жатқаны осылардың әрекеті екені айдан анық деген ой түйеді. «1991-1999 жылдар аралығында елдегі 1 млн 200 мың киіктің 150 мыңы ғана қалған. Ал 2003 жылы Қазақстандағы киіктердің саны небәрі 21 мың ғана болған. Ерке киіктерге қатысты мұндай қылмыс тек қаскөй адамдардың қолымен жасалған деуге негіз бар», дейді ол. Үкіметтің киік аулауға тыйым салғанына қарамастан, заңнамалар өрескел бұзылып, қарда жүретін техниканы, автоқұралдарды пайдалану арқылы заңсыз аң аулау жүйелі және үдемелі сипат алуда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы прокурорының мәліметі бойынша, осы аймақта 2014-2016 жылдар ішінде осы санаттағы қылмыстың саны 5 есе өскен, алынған киік ұшасы 4 есе өскен, мүйізі 8 есеге артқан.
Келтірілген зиян 423 млн теңгені құраған. Ал еліміз бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 312 киік ату фактісі тіркеліп, 1397 киік ұшасы, 6285 мүйізі тәркіленгенін жеткізе келіп, сауалының қорытындысында М.Бахтиярұлы «ықылым заманнан бері қазақтың ұлы даласын мекендеген киелі киік тұқымы соңғы жиырма шақты жыл ішінде жер бетінен жойылып кетудің алдында тұр», деп Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа «бұл мәселе дереу және түбегейлі шаралар қабылдауды қажет етеді. Киіктерді сақтау және олардың санын көбейту мәселесі бойынша елімізде «Киіктерді қорғау» жоспары жасалуы тиіс және бұл мәселені шешуге мемлекет, қоғам атсалысуы керек деп санаймыз», деген ұсыныс айтады. Бұл сауалды қолдап М.Бақтиярұлынан басқа бірқатар сенаторлар қол қойған еді.
Осы сауалға Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан төмендегідей жауап келді. Жауапта: «Сіздердің киіктерді сақтауға және санын көбейтуге, «Киіктерді қорғау» іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және осы мәселені шешуге мемлекет пен қоғамның белсенді қатысуына қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Қазіргі кезде киіктерді қорғау үшін республикада АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жұмыс істейді. Оның киіктерді және басқа да жануарлар түрлерін қорғаумен айналысатын Астана, Ақтөбе, Қызылорда және Орал қалаларында орналасқан төрт өңірлік филиалы бар. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің материалдық-техникалық базасын нығайту және браконьерлікпен тиімді күрес жүргізуді ұйымдастыру мақсатында 2016-2017 жылдары ғана 81 бірлік жол талғамайтын автокөлік сатып алынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын киіктерді сақтауға және браконьерлікпен күресуге бағытталған шаралар әзірлеу мақсатында, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен (ІІМ, БП, ҰҚК, Қаржымин) бірлескен қызметті үйлестіріп отыру үшін жұмыс бабындағы кеңестер өткізіп тұрады. Киіктерді сақтау ісінде қоғамдық ұйымдар да ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясы (бұдан әрі – ҚБСА) АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, республика шекарасында киіктер мүйізін заңсыз алып өтуді анықтау үшін із кесетін иттер жаттықтыру жұмысын жүргізді. Үйретілген иттердің алғашқы тобы Қазақстанның кеден органдарына беріліп, жұмысқа кірісіп те кетті. Ал қазір ҰҚК Шекара қызметіне беру үшін иттердің екінші тобы дайындықтан өтуде.
Қазіргі кезде ҚБСА Каспий құбыр консорциумымен бірлесіп, жануарлардың қоныс аударуына тұрақты мониторинг жүргізу және қорғау іс-шараларын жүзеге асыру үшін Жайық және Үстірт таралымдары киіктеріне 30 спутниктік радиошам (қарғыбау) орнату жұмыстарын жүргізуде. Спутниктік шамдарды пайдаланып киіктерге мониторинг жүргізу технологиясы республикада 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде киіктерге 140-тан астам спутниктік қарғыбаулар тағылды, олар киіктерді қорғауды ұйымдастыру шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде киіктер саны 2009 жылғы 81,0 мың бірліктен 2015 жылы 295,4 мың бірлікке дейін көбейді.
Киіктер санына кері әсер ететін факторлардың тағы бірі жұқпалы аурулар болып табылады. Жабайы жануарлар таралымындағы жұқпалы аурулар дүмпулері өзінің эпизоотиялық әлеуетіне, кейде тым жоғары дәрежедегі ажал құштыру коэффициентіне, емдеу мен алдын алудағы проблемаларға және басқа да болжап болмайтын зардаптарға байланысты елеулі қиындықтарды туғызуда. Бетпақдала таралымы киіктерінің 2015 жылы пастереллезден жаппай қырылуы киіктерді аурулардан қорғау жөнінде ғылыми негізделген шаралар қабылдауға шақырып, үрейлі дабыл болды.
Киіктерді сақтауды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету олардың таралымына әсер ететін барлық факторларды қамти отырып, кешенді зерттеулер жүргізу бойынша ғылыми бағдарлама әзірлеу және іске асыру арқылы ғана мүмкін болмақ. Қазіргі кезде АШМ Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтымен (БҚПҒЗИ) бірлесіп, киіктерді сақтау бойынша 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама әзірледі, оны Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның кезекті отырысында қарау жоспарланып отыр. Бұдан басқа АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұсынысы бойынша киіктердің жаппай қырылуының алдын алу мақсатында Бетпақдала және Жайық таралымдарының киіктері төлдейтін орындарда мониторингтік іс-шаралар шеңберінде өсімдіктерді, топырақты, суды және ауаны зерттеу және талдау жүргізілуде. Бұл іс-шараларға Зоология институты және БҚПҒЗИ өкілдері, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, ҚБСА және Ұлыбритания мен Германиядан келген халықаралық сарапшылар қатысуда. Осылайша Үкімет тұрақты түрде бұл мәселелер бойынша қажетті шаралар қолдануда», делінген жауапта.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»