«Халық – алтын!.. Алтынның сынығы да – алтын! Біз үшін қазақ халқы сом алтын. Жат елдер мен аймақтарда қандас-қазақтарымыз да сол сом алтынның сынықтары. Алтынға алтын қосылса кенге, қазаққа қазақ қосылса елге айналмай ма!?
Сондықтан ОРАЛМАН деген сөзді «АЛТЫН КӨШ» деген атаумен ауыстыру керек. Себебі «АЛТЫН КӨШ», ұлттық бауырластық пен тұтастықтың, тарихи тұрғыдан мәні мен маңызын, өзгермейтін өміршеңдігін бейнелеп тұрар еді. Елдің қайта бас құрап, дәуірлеп, сындарлы кезеңді бастан кешіп жатқанынан да хабар беріп, айтылуға да, көшіп келуші мен күтіп алушы қандас бауырлардың ортақ мүддесі мен уыз-ниетіне де, тарихи танымына да бірегей атау мен айғақ болар еді. Бұл атау ұлтымызды тұтастыққа бастаған ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ да алтын дәуірі болып, ұлттың да, ұрпақтың да көңілін шуақтандырып, өзгеше сипатқа ие боларына сенімдімін. Күллі Қазақтың рухани жан дүниесі біртұтас алтын тұғырға айналар еді.
«Алтын орда», «Алтын ғасыр», т.с.с. кезеңдер мен киелі ұғымдар ел басындағы осындай тарихи сәттер мен себептердің, өнегелі өрістер мен жеңістердің уақыт сараптаған бағасы мен өлшемі және атаулары емес пе?! «Алтын көш» дәуірі болып аталар еді».
Бұл Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ақын Сабыр Адайдың 2014 жылы «Қазақстан-ZAMAN» газеті бетінде айтқан ұсынысы еді. Шынында да орынды ұсыныс деп санаймын. Өйткені өткен ғасырдың 90-жылдарының орта тұсында басталған ұлы көшті әлдекімдердің айтуымен «оралман көші» деп қабылдап кеттік. Ал осы «оралман» атауы бүгінде қазақты қазақпен біріктіріп емес, керісінше екі жікке бөліп тұрған атауға айналғаны жасырын емес. Сондықтан да болар, соңғы кездері осы атауды өзгерту туралы баспасөз беттерінде алуан түрлі пікірлер айтылып жүр.
Мен кеден қызметкері ретінде 1996 жылы ұшақпен Түркиядан, кемемен Ираннан Қазақстанға келген алғашқы көшті қарсы алған, осы көштің бастауына куә болған жандардың бірімін. Бұл шындығында да көшіп келушілердің де, күтіп алушылардың да жанарына жас үйірген, көңіліне толқыныс туғызған сәт болды. Атамекенді сағынып жеткен қариялардың сақалын жас жуып, қара жерді құшақтай жылағаны ешкімді жайбарақат қалдырмаған еді.
Сабыр Адай «Алтын көш» атауының авторы, ал сол көштің өзінің авторы кім еді? Сыртта жүрген қандастарын қай ел Атамекеніне шақырып көшіріп алып жатыр? Менің білуімше, әлемде ондай тек екі ел – Израиль мен Қазақстан ғана.
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы, Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алған, әлі аяғына қаз тұрып кете алмай небір қиыншылықтарды бастан өткеріп жатқан кез. Мемлекет қоржыны бос, тыстағы түгіл іштегі елдің жай-күйі мәз емес, әрбір отбасы ертеңгі күніне нанды қайдан аларын білмей отырған күйде.
Осындай кезде заманның қыспағымен сыртқа кеткен қандастарды елге көшіріп алуға батыл қадам жасаған, оған қаражат қарастырып, жағдай туғызған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома-шындық!
Елбасына осы бір аса күрделі шешімді қабылдатқан нендей күш? «Әуелі елді аяғынан тік тұрғызып алайық, сосын да тыстағы ағайындарды көшіріп аламыз ғой» деп шешсе, онысын ешкім теріс дей алмас еді. Бірақ мына әлемдік жаhандану саясаты жүріп, жаңа технологиялар баса-көктей дамып жатқан заманда бір жылға кешеуілдеудің өзі осы «Алтын көшті» жоққа шығаруы мүмкін еді. Кешіккенде ата-бабамыздың тілін, салт-дәстүрін сақтап келген соңғы «могикандардан» қол үзіп қалған болар едік, ал олардың тілді, ділді ұмытқан ұрпақтары ұлт ретінде жойылып, сол өздері өмір сүріп жатқан елдің ұлтымен кірігіп кетер ме еді, қайтер еді! Міне, Нұрсұлтан Әбішұлын асықтырған, қамшылаған күш оның «қазағым!» деп соққан жүрегінің әмірі болуы керек. Ол кезде өз елінде азшылық болып отырған қазақтарға оны ашып айту оңай болмады деп ойлаймын. Мені бұл ойға биылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сөйлеген сөзінде әлемдегі барша қазаққа тағы да Сабыр Адайдың бүгінгі күннің ұранына айналған «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген сөзін сәлем ретінде жолдағанда оралған еді.
Ішкі демографиялық өсумен қатар, 1,5 миллионнан астам сырттағы қандастарымызды көшіріп алған «Алтын көштің» нәтижесінде қазір Қазақстандағы қазақтарымыздың саны 11 миллионнан асып, елдегі халық санының 70 пайызын құрады. Бұл – факт! Қазақтың мемлекеттің негізін құраушы ұлтқа айналғаны, бұл да факт. Енді «Әр қазақ – менің жалғызым!» деп батыл түрде айта алатын жағдайға жеттік. Елбасымыздың да жүрегі осылай соғып тұрғаны хақ. Ендеше «Алтын көштің» авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл көш тарихта «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты «Нұрсұлтанның Алтын көші» болып қалары сөзсіз, өйткені Президентіміздің елорданы Астанаға көшіруі, Семей облысын Өскеменге қосуы, қазіргі кезде қазақтарды солтүстік өңірлерге қоныстандырып, сол аймақтарды қазақтандыру саясатын ұстануымен бірге нақ осы қадамы қазақ халқының өміріндегі, бүгінгі жасалып жатқан тарихындағы ешкім балталаса да өшіре алмайтын қас ерлігі, көрегендігі, жүрегінің «қазақ» деп соғуы – оны әрқайсымыз да мойындауымыз керек.
Және бір айта кетер жайт, дәл осындай істі басқа елдер жасаса, оны өзімізге үлгі етуге шақырып, өзгенің ісін дәріптеуге шеберміз. Біз керісінше өзіміздің елде қолға алынып, жиырма бес жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Нұрсұлтанның алтын көшін» неге басқаларға үлгі-өнеге етіп, жақсының жақсылығын неге жария етпейміз?
Мен Елбасының саяси тұлғасына, оның басқа да саясаттағы жетістіктеріне баға беруші емеспін. Саясат – өте күрделі процесс, онда бірде ілгері, енді бірде шегініс қадамдар жасауға тура келеді. Кейбіреулеріміздің пенде ретінде елдегі кейбір жағдайларға реніш білдіріп, оны Президентімізге байланыстыра айтып жататынымыз да өтірік емес. Бұған айтарым, біз қай іске де баға бергенде әділ болуымыз керек, ақты «ақ» деп, қараны «қара» деп баға бере алсақ қана әділдіктің үстемдік құрары анық. Бірақ дәл осы «Алтын көшке» байланысты айтарым – осы дәуірдегі өте терең ойластырылған және жүзеге асырылған аса ардақты іс. Қазақ халқы сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына риза болып, алғыс айтуы тиіс.
...Көш келді, нар қомынан ұл қарап тұр, Күміс тақ көңіліне сырғалап бір. «Көкеңді» жау танытар көп болмасаң, Елге қос бір қазақты, мың қазақ қыл!
Жау көріп: «Ызғары көп, салқын!..» – десін, Дос көріп: «Сүйген ел ғой, халқын!..» – десін. Күтіп ал күннен ыстық жүрегіңмен – Қазақтың қайта келген – АЛТЫН КӨШІН!
– деп ақын жырлағандай, ендеше Елбасы жүзеге асырған, Алла аузына салып ақыны жырлаған «Алтын көшпен» «оралман» сөзін ауыстырып, қазақты қазаққа қосқан «Нұрсұлтанның алтын көш дәуірі» тарихымыздағы бір белес болып қалсын деп тілейік!
Қолғанат НҰРЖАУБАЙҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АҚТАУ