• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2017

Павлодарға Оңтүстіктен бір айда бес отбасы қоныс аударды

1996 рет
көрсетілді

Павлодар облыстық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­ламаларды үйлестіру бас­қар­масының мәліметінше, биыл­ғы мамыр айында ішкі көші-қон бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан өңірге 22 адамы бар 5 отбасы қоныс аударды. 

Яғни Ертіс ауданына 3 отбасы (16 адам), Ақтоғай ауданына 1 отбасы (3 адам), Успен ауданына 1 отбасы (3 адам) орналасқан. Біз жұмыс сапарымен Ертіс ауданына барғанымызда онда 8 отбасы (34 адам) көшіп келгенін білдік. Осындағы Голубовка ауылына Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Ынтымақ ауылынан қоныс аударған Азат Демесіновтің өз мамандығы ин­женер болса, әйелі мұғалім екен, отбасында 3 баласы бар. Бірден үйлі болған Азат «Абай» ЖШС-іне инженер-бақы­лаушы, ал Людмила мектепке жұмысқа орналасып, 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақыға ие болды. Олардың 1 жылға дейін коммуналдық төлемдер мен жалға алу шығындары өтеліп, басқа да көмектер берілмек. Осы ауданның Бұланбай ауылы­на жергілікті кәсіпкер Аман­тай Мусиннің ұйытқы болуымен Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысынан және Өзбекстаннан 5 отбасы көшіп келді. Олар 3 мыңдай жылқысы бар «Алтай», «Қарпық», «Сай­далы», «Сартоқа» шаруа қожа­лық­тарында еңбек етуде. Көшіп келгендерге үй берілген. Алда­рын­да малы да бар.

Амантай аға­мыз жыл соңына дейін тағы 3 отбасын қабылдап алуға әзір. Қазір аудан орталығы Ертіс пен Ағашорын ауылында 24 пәтерлі, Северный мен Голубовка ауылдарында 2 пәтерлі 4 үй салынуда. Голубовка мен Бұланбайдан басқа Ертіс, Амангелді ауыл­дары­на да оңтүстіктегі Мақта­арал, Түлкібас, Сарыағаш аудан­­дарынан келген бірді-екілі отбасылар орналасыпты. Аудан әкімдігі келесі жылы 200 от­басын орналастыруға әзір­ленуде.

Сонымен бірге Павло­дар ауданына да Нәти­желі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 1200-ге жуық адам келіп қоныстанады деп жос­парлануда. Ауда­н басшысы Александар Бабенко бастаған әкімдік қызметкерлері оңтүстік өңірлерге барып қайтты. Нәти­жесінде Чернорецк ауылына Сарыағаштан 5 отбасы келді. Олар қазір жұмысқа орналасып, уақытша беріл­ген үйлерге орналасқан. Оңтүстіктегі сияқты Павлодар ауданы да көкөніс өсіреді. Бір Черноярка ауылында 150 шаруа қожалығы бар. Біз Чернорецк ауылына келген Ербол Молдабаев, Ұлан Молдиев есімді азаматтармен кездестік. Екеуі де жергілікті «Мақаш» шаруа қожалығына жұмысқа орналасыпты. Аудан әкімдігі оларға үй салу үшін жер берілетінін жеткізіп, бір жылға арналған жалдық пәтер құнын төлеуге уәде беріпті.

Бастысы, шеттен келген аға­йын­дар мен оңтүстік об­лыс­­­тар­дан қоныс аударушы­лар­­дың отбасыларын орналас­тыру­да қазақ тіліндегі мектеп­тер мен сыныптардың болуы, балабақшалармен қамтыл­уы, жаңа ортаға тезірек бейім­деліп кетулеріне жан-жақты көмек қажет. Жергілікті әкім­дік­­­тердің ақпарларына қара­сақ, өн­дірісті өңірге жұмыс­шы­­лар, бақ­ташылар, тракторшы­лар жетіспейді. Сондық­тан оңтүс­тік өңірлер­ден көшірі­летін тұр­ғындар алдымен осы орын­дарды толтыруы тиіс. Екібастұз, Ақсу сияқты өндірісті қалалардың діттегені де осы. Ал Железин, Баяна­уыл аудандарының кәсіп­керлері ауылшаруашылық ма­ман­дары үшін жұмыспен бір­ге тұрғын үй беруге да­йын. Басқарманың көші-қон бөлі­­мі «Оңтүстіктен солтүстік өңір­­лерге көшіп келіп, еңбек ет­­кісі келетіндердің қатары көп. Мәселен, Шымкенттен 200 және Қызылордадан 300-дей отбасы Павлодар өңіріне қо­ныс аударуға ниет білдіруде. Бі­рақ баспана мәселесі қиындау. Кел­ген­дерінде үй жоқ, олар жұ­мыс берушілер тарапынан берілетін қызметтік пәтерлерде және пәтер жалдап тұрып жатыр» дейді.

Қазір облыс аумағындағы ауыл халқының саны – 223 742 адам (29,5 пайыз). Сондықтан Павлодар облысына көшірудің негізгі маңызы демографиялық демеу болуы тиіс екенін ескерген абзал. Бұл үшін көшіп келген тұрғынға әуелі баспана керек. Қоныс аударған отбасыларға тегін үй берілмейді. Балалы-шағалы отбасы бар адамның бір жерден екінші жерге көшіп келіп, үй жалдауға күйі келмесі анық. Бір жылдан кейін күйі кетеді, еріксіз қайта жолға жиналады. Еліміздегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы 2013 жылы қабыл­данды. Бағдарламада жұмыс күшіне тапшы өңірлерден жұмыс күші артық облыстарға ша­қыру айтылғанымен, бұл мәселеде алдымен өңірлік жос­пардың керегі анық. Мысалы, облыстық әкімдіктің көші-қон бағдарламасы қандай, нақты жоба-жоспар жасалған ба деген сұрақтар баршаны мазалайды. Ал қазіргі ахуалға қарасаңыз, об­лыс­тық әкімдіктің отырыстарын­да бұл жайында талқылау, талдау жасалғаны байқалмайды. Сон­дық­тан бірді-екілі адамның көшуі­­мен қоныстандыруды жүзе­ге асы­ру­дамыз деген сөз әлі шикі­леу. Оңтүстіктен, шеттен келген қазақ­тар болсын, жергілікті әкім­дік­­термен тығыз байланыс орнатуы қажет. Оларға керегі ауылына ел қонып, жұрт көшіп келіп жат­қан­да құшақ жая қарсы алып, оларды жаңа қонысқа бейімдеу ғой.

Бұған дейін Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов «Кө­шем деген азаматты ынталандыру керек. Ол сол аймаққа қызығушылықпен баруы қажет. Біз оларға үй алып береміз, жағ­дайыңды жасап береміз деп үміт­тендірмеуіміз керек. Мем­­лекет ешкімге бара салып үй әпер­мейді. Ал көшіп жатқан­дарға біз тұрғын үйлік несие алу­дың жеңіл­детілген түрлерін қарас­тыру­ға немесе жалға алған үй­дің шығын­дарын өтеу сияқты құрал­дарды қарастырамыз», деген-ді.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы 5 жылдың ішінде 59 мың отбасыны көшіру, көші-қон жұмыстарын 2018 жылдан бас­тау жоспарланған. Оларды әлеу­меттік қолдау үшін бір жыл бойы баспана жалдау мен ком­мунал­дық қызметтерді төлеу­ге әр­тарап­тандырылған кө­мек қар­жысы бөлінбек. Көшу шығын­дары да мемлекет есебі­нен қарас­тырылады. Өңір басшылығы осы көшке осы бастан әзірлік жасауы тиіс. Ке­зін­де бұрынғы Мә­жі­ліс депутаты Светлана Жал­ма­ғамбетова «Ақ­мола, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар, Қос­танай облыстарында халық саны аз. Ол жаққа оңтүстіктен тұрғындарды көшіру керек. Ауыл­дар бос жатыр», деп дабыл қа­ққан еді. Мәселе әлі күн тәр­ті­бінде тұр. Мысалы, ауыл тұр­ғын­дары қажетті жер телі­міне қол жеткізе алмайды. Біреу­лер ие­ле­ніп алса да бұл жер­лер бос жа­та­ды. Ауылды сақтау, ауыл­ға ел қон­дыру мәсе­лесі облыс­тық проку­ра­тураны да ойлантып отыр.

– Сондықтан өңірдегі аудан прокурорларына жердің ай­қын, заңды және әділ бөлінуін қам­та­масыз ету міндеті жүктелді. Жыл сайын аграрлық сектор­­ды дамытуға ауқымды қаражат бөлі­неді. Бұл туралы ауыл тұр­ғын­дары біле бермейтіндері рас. Субсидия мен несиелер жыл сайын белгілі бір адамдарға ғана берілмеуі тиіс. Ауылдықтарды жұмыспен қамту тұрғындардың қалаға қоныс аударуын азайтады. Облыс халқының 20 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Халықтың орналасу тығыз­дығы төмен. Тұрғындары аз әрі шал­ғайда орналасқан әр ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау экономикалық тұр­ғыдан тиімсіз. Аудан прокурорлары жергілікті атқару органдарымен бірлесіп әр ауыл бойынша бұл мәселені зерделеп, шешуге міндетті. Сумен жабдықтаудың өзге де көздерін қарастыратын жобаларды іске асыруды ұсыну қажет, – дейді бұл ретте облыс прокуроры Серік Қараманов.

Ал ауылдарда, аудан орта­лықтарында қазір бос үйлер де жоқ. Егер мемлекет тарапынан үй берілсе немесе үй сатып алу­ға жететіндей қаражат бөлі­не­тін бол­са ғана солтүстікке ел көші­ру­ге болады. Мысалы, көшіп кел­ген отбасы Ертіс ауданындағы Голу­бовка ауылына барады. Өйт­кені онда ауылды өркениетті дәре­жеге жеткізген Николай Миллер есімді кәсіпкердің шаруашылығы бар. Ол шағын қалашық салып, баспана беріп отыр. Яғни кө­шіп келушілер ауылдарға қызығу­шы­лық­пен баруы керек. Біз қалай қызықтыра аламыз? Көп ауыл­д­арымыз шалғайда. Жол­сыз, сусыз. Сондықтан келу­ші­лер облыс орталығының ірге­сін­­дегі көк­өніс өсіруге әлеуеті жет­­кі­лікті Пав­лодар ауданы, Екі­бас­­тұз, Ақсу сияқты өндірісті қала­­ларға, Желе­з­инка, Успенка, Қашыр аудан­дары сынды халық­аралық жолдардың бойында тұр­ған, шаруа­шылықтары дамы­ған жер­лерге ірге тепкісі келеді. Мы­­салы, Өзбекстан жағы­нан кел­­ген қа­зақ­тардың дені Екібас­тұз­­дың Сол­нечный кентіне қарай жол тартады. Бұл жерде ГРЭС-2 стансасы мен оның бос тұр­ған, жөндеу жүргізіліп жатқан пәтерлері бар.

Айта кетерлігі, көшіп келу­шілерге «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» мемлекет­тік бағ­дарламасы аясында жол шығы­нын өтеуге субсидия бері­ле­ді. Яғни үйдің отағасы 50 ай­лық есептік көрсеткіш және бас­қа мү­ше­лері 35 айлық есеп­тік көр­сет­кіш мөлшерінде жәрдем­ақы алады. Облыстық білім бас­қар­масының мәліметінше, биыл өңірдің технология, химия-механика, бизнес, аграрлық-техни­калық колледждері «Серпін» мем­лекеттік бағдарламасы бо­йынша Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Маңғыстау, Алматы, Жам­был об­лыстарынан 200 жас­ты қабыл­дамақ­шы. Қуаныш­ты­ақ хабар. Елге ел қосылса – құт. Алай­да өңірлік жоба-жоспар қа­был­данбай, көш қабылдау ісі­нің тұрақты жолға түспейтінін түсінсек екен.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы