Үш ай бойы Астана қаласында ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы көптеген кездесулер өткізді, 22 келісімшарт пен меморандумға қол қойылды.
Құжаттардың бірі италиялық «Бионет» компаниясымен бірлесіп, тұрмыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салуға арналған. Жобаның құны – шамамен 100 млн доллар. Бұл деректерді Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев айтты.
«Биыл ЭКСПО-2017 көрмесінің ұйымдастырылуы бізге таптырмас мүмкіндік алаңы болды. Оны іске асыру үшін арнайы павильон тұрғызылды, онда Инвестициялар және даму министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің өкілдері әрекеттегі және әлеуетті шетелдік инвесторлармен кездесулер өткізді. Онымен қоса, «Kazakh Invest» павильонының базасында әлеуетті инвесторлардың Астана халықаралық қаржы орталығы, «Astana Innovations», «Назарбаев университеті» және ұлттық компаниялар өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылды.
Көрме барысында 150-ден астам жиын өткіздік. «Kazakh Invest» компаниясы мүмкіндікті барынша пайдаланды. Шараға қатысқан елдердің өкілдерімен кездесіп, еліміздің инвестиция саласына қандай қолдау көрсетіліп жатқанын түсіндірдік. Сонымен қатар басқа павильондарда өткен бизнес конференцияларға, басқосуларға қатысып, қосымша 100-ден астам жиынға атсалыстық. Нәтижесінде 22 құжат рәсімделді», деді ол. Біржан Бисекенұлының айтуынша, бұдан бөлек АҚШ, Нидерланды, Швейцария, Монако, Түркия, Қытай сияқты Қазақстанның қазіргі ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, өзара ынтымақтастық бағыттары айқындалған. Инвесторлар тарапынан біраз ұсыныстар айтылса, оның барлығы пысықталу үстінде.
Біржан Канешев қол жеткізілген уағдаластықтар аясындағы маңызды жобаларға тоқталды. «Салмағы басым 4 жобаны атап өткім келеді. Себебі, оларды іске қосуға мүмкіндік бар. Мысалы, «Гендигрупп» компаниясы Теміртау қаласындағы сутегі өндірісі бойынша зауытқа инвестиция салды. Жобаның құны нақты анықталмаған. Шамамен 150 млн долларды құрайды. Сонымен қатар Италияның «Бионет» компаниясы тұрмыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салуды ұсынды. Бұл – өте маңызды жоба», деген басқарма төрағасының орынбасары алдағы уақытта Польшаның «Polpharma» компаниясы отандық фармацевтика компаниясына қаржы салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. 1935 жылы ірге қалаған бұл ұйым қазіргі таңда Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия нарықтарында көш бастап тұр.
«Polpharma» еліміздегі дәрі-дәрмек саласына реинвестиция жасамақ ниетте. Бұл саланы да бізге дамыту қажет. Өйткені, қазіргі таңда қазақстандық фармация саласында халықаралық деңгейде аккредитациядан өткен ғылыми-зерттеу лабораториясы жоқ. Сондай-ақ, біз «Ingave Kazakhstan» компаниясымен де байланыс орната береміз. Соңғысы Астана қаласындағы «smart» жобаларға қатысты. Жалпы, келісімшарттар аясында мұнай және химия, фармацевтика, IT-технология, машина құрастыру салаларына басымдық беріледі», деді «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілі. Оның мәліметінше, ұлттық компания мен «Engave Kazakhstan» арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалған. Келісім аясында «Астана қоғамдық көліктері жолаушыларын ақпараттандырудың мультимедиялық жүйесі» инвестициялық жобасы жетілдіріледі.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»