• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 12 Қазан, 2017

Ағалар өнегесі өмір жолыма шырақ болып жанды

734 рет
көрсетілді

Жаны да, ары да таза, ойы тұнық, бала мінез адамдар өмірде аз емес. Ондай жандар көбінде бұраң-бұлтарысы жоқ, тума талант болып келеді. Жалпы, шын таланттың бойында да, ойында да қысқа есеп, жар жағалап жатып жықсам деген жат қылық, батпақ былық, қыңыр ниет болмайды. Сөйлесе бүгіп, бүктеп қалмай ағынан жарылады. «Аузын ашса, көмейі көрінеді» дегеніңіз сол. Өткен жаз айында атына, шығармашылығына сырттай қанық болғанмен, бетпе-бет отырып дидарласпаған қазақ киносының қазіргі қабырғалы өкілі, белгілі актер, кинорежиссер Болат Қалымбетовпен сыр-сұхбат құрған едік. 

– Сонымен, «Қазақ киносының қара баласына» құлақ қоялық.

– «Қазақ киносының қара баласы» деген тіркес көкейдегі қоламтаны қозғап, санама ұшқын түсіргенін қарашы, ә?! Көз алдыма алып ағаларды, кеудесі күм­бірлеп тұратын апаларымды әкелді. Мен олардың шарапатын көп көрдім. Алты белеске көтерілгеннен бері өзімнен бұрын ұлтымның сол арыстары туралы айтқанды мақұл көріп жүрмін. Өзіңіз дәйекке келтірген «Қазақ киносының қара баласы» деген сөзді кескін келбеті, жаратылысы, бітім-болмысы көп адамда кездесе бермейтін ұлы жазушы, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлы әр кездескен сайын қайталап айтып , қолымды қысып, жадырай сөйлеп ақ тілегін білді­руші еді. Ол тұста кемел де кемеңгер аға «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болатын.

Иә, адамды өмірге ата-анасы әкеліп қатарға қосқанмен, азамат болып қалып­­тасуына айналасы үлкен үлес қоса­тыны белгілі. Сол айналасындағы адамдар­дың жаны жайсаң, көңілі дархан, бар адамды бауырына тартатын, әсіресе өрім­дей өскін жастың маңдайынан сипап, төңірегіне мейірімін төгетін ұлт ұлыларының жөні де, жолы да бөлек. Мен сондай асылдардың он жасымнан шуағына шөл қандырып, тәлімін көріп өстім. Мен үшін көш ба­сында тұрған табиғаты таңқаларлық Абдолла аға бар. Атақты кинорежиссер Қарсақбаевты айтамын. Өнерге, оның ішінде киноға мені сол Абдолла аға әкелді ғой. Хантәңірдің баурайынан Алматыға келіп, №12 қазақ мектебінде оқып жүрген едім. Бойым аласа, түрім қара қошқылдау болатын. Сабақтан қолымыз босай қалса футбол ойнаймыз. Мені ылғи қақпаға тұрғызып қояды. Бір күні ойын үстінде шатақ шықты. Ересектеу баланың бірі мұрнымнан ұрғанда қан саулап кетті. Шақарлығым ұстап, шамам жетпесе де шалғайына жармаса кеттім. Сол сәтте «Әй, не болды, ей?!» деген қарлығыңқы дауыс шықты. Оған мән бере қоймадым. Әлгі дауыс қайта шыққанда жалт қарадым. Бізді ажыратты. Бірақ, қайта қоймай қарсыласыма тап-тап беремін, ашу буып барады. Шамама қарамай кегімді қайтарғым келеді. «Сен кімсің?» демесім бар емес пе, араша түскен адамға. Ол да маған тесіле қарап «Өзің кімсің?» деп қарсы сұрақ қойды. «Мен Қалымбетовпін!» дедім. «Онда мен Қарсақбаевпын!» деді де қолымнан жетектеп мектепке қарай жүрді. Мен өзіме зәбір көрсеткендерге тісімді қай­рап, артқа қарай беремін. Мектептің алдына келсек, беделді ұстазымыз Ра­фика Нұртазина оншақты баланы тізіп қойыпты. Мені көре салып: «Мына жақсы оқитын оқушылардың ішінен таңдау керек», деді. Бейтаныс кісінің назары менде, «Оларды да аламыз, қазір бізге мына баланы әкетуге рұқсат беріңіз», деді. Бейтаныс кісінің қасында жүрген жылы жүзді апай «Әттегені-ай!» деп менің бет-аузымды сүртіп, бауырына тартып, бүйірінде «Қазақфильм» деген жазуы бар машинаға әкеліп кіргізді. Кейін білдім ол екінші кинорежиссер Сара Жорабаева апай екен. Сөйтіп Абдолла аға өзі түсіргелі жатқан «Балалық шаққа саяхат» деген киносындағы Бектас деген баланың рөліне мені таңдапты.

Киностудияға келсек, мен секілді қара шотпақтар қаптап жүр. Неше түрлі сынақтан өттік. Кейде бүйіткен киносы құрысын деп мектепке қашып кеткен де кезім болды. Бірақ Сара апай дедектетіп қайта әкеледі. Қандай мінезім ұнағанын білмеймін, Абдолла аға маған ұрыспайды, қайта басымнан сипап, «Сен кинода Бектас деген өзің секілді баланың бейнесін шығаруың керек», дейді. Сынақ кезінде Бектасқа тән біраз оқиғаларды атқардым. Бай баласы мен жетім баланың жайы белгілі. Ағыл-тегіл жылаған да, жалбарынып біреуден сауға сұраған кезім де кездесті. Бір ай­дан кейін сынақтың қорытындысы шығатын болыпты. Бектастың рөлінде ойнайтын баланы таңдап алатын отырыс өтетін жерге бізді де әкелді. Сара апайды төңіректеп тұрған едік. Анандай жерде келе жатқан кісі көзіме жылы ұшырай кетіп, «Сара апай, Алдар көсе келе жатыр!» дедім. «Тәйт, Алдар көсесі несі, келе жатқан Шәкен ағай ғой», деді. Мен Шәкен аға екенін қайдан білейін, кинодағы Алдар көсе көз алдыма келді.

Үлкендердің бас қосуы бес-алты сағатқа созылды. Бір кезде Абдолла аға жүгіріп келіп, «Сен киноға түсетін болдың!» деді құшағына қысты. Фильмге арқау болған шығарманың авторы Бердібек Соқпақбаевты да сол күні көрдім. Сәл жымиып, «Талантың бар секілді, талпыну керек», деді. Абдолла аға мен Бердібек ағаның ортасында тұрғанымда еңсесі биік, маңдайы жол-жол Шәкен аға жақындап келіп, «Сені Бектастың рөліне мен бекіттім. Бойыңда жігер бар екен, қайсарсың, осы бетіңнен танба, бала!» деді. Ұлы тұлғаның сол бір сәттегі үні күні бүгінге дейін құлағымнан кетпей, шыңылдайды да тұрады. Кейін де талай дидарласып жүрдік. Бірде ілтипатымен жан дүниемді жадыратса, кейде баласынбай әзілдеп те қоюшы еді. Мен сол шоқтығы биік шоқ жұлдыз Шәкен аға өмірден озғанда Мәскеуде жүр едім. Абдолла аға «Біздің Ғаниды» сонда түсіріп жатқан. Мен Айдар рөлінде едім. Қазақ киносының атасымен сол қалада мәңгілікке қоштасып қала бергенім бар. Қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов те, қазақ ғылымның көшбасшысы Қаныш Сәтбаев та, қазақ киносының із ашары Шәкен Айманов та Мәскеуде қайтпас сапарға аттанды. Ал сол Шәкен аға да, Абдолла аға да, Мәжит аға (Бегалин) да елудің ортасынан аса өмірден озды. Осы бір жайлар ойыма оралғанда, ұлт жақсылары фәниден бақиға неге ерте аттанады екен деп кәдімгідей толғанатыным бар. Е, мені қазақ киносынның үлкен-кішісі бірде «қара бала», бірде «Бектас» деп атап жүретін еді-ау!

– Қанша киноға түстіңіз?

– «Балалық шаққа саяхаттан» бас­тап, «Раушанда» Ермекті, «Біз төртеу­мізде» Көжекті, «Даладағы қуғында» Ғалымжанды, «Қызылтас маңындағы заставада» Қабышты, «Біздің Ғанида» Айдар­ды, «Жаңбырда» Маратты, «Адам­ды қабылдаңдарда» Ерлан элек­трикті, «Кездеспей кеткен бір бейнеде» Қайсарды – ұзын саны қырыққа таяу фильмде өзге де кейіпкерлерді шығаруға қатыстым. «Секерде» басты кейіпкер Құрмаштың, «Кешікен махаббатта» Сапардың бей­несін сомдадым. Ол кезде кино түсірудің өзі бір кереметтей еді. Мысалы, Абдолла аға «Балалық шаққа сая­хатты» ертеңгі сағат оннан кешкі алтыға дейін түсірсе, Шәкен аға «Тақиялы пе­ріштені» түнгі үшке дейін түсіруші еді. Сол кездегі олардың бір-біріне деген ілтипаты, жарасымды сөздері қандай керемет еді. Әмина Өмірзақованы, Бибігүл Төлегенованы, Әлімғазы Райымбековті сол жерден көретінмін. Алда да айттым, қазақ өнерінің қара шаңырағын көтерген Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Кәукен Кенжетаев және болмысы бөлек Нұрмұқан Жантөрин, Сейфолла Телғараев, Қасым Жәкібаев Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғай­баев, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боран­баев, Рая Мұхамедиярова – кілең мық­тылар еді-ау. Ұлт руханиятына олар өлшеусіз үлес қосты. Атақ-абыройларына қарамастан, кішілігі мен кісілігінен айныған жоқ. Қазір олар туралы айтсаң, аңыздай естілуі мүмкін. Қанабек ағаның қарапайымдылығы, Құрманбек ағаның келбеті қандай еді? Кәукен аға ше? «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деп Кәу­кен ағаға еркелей беруші едім. Ондай кезде ол кісі: «Оқасы жоқ, қара бала, бәрін түсінем»,– деп қалың қабағын жадыра­тушы еді.

Мен Қасым Жәкібаев, қазіргі арамызда жүрген үлкендеріміздің бірі Нұржұман Ықтымбаев ағалармен көп бірге жүрдім. Олардың білімінің қандай екеніне мен баға бере алмаймын, табиғи таланттары көлдария екеніне еш күмәнім жоқ. Қазақтың даласы қандай байтақ болса, олардың көңіл көкжиегі де сондай кең болатын. Ардақты ағалар өнегесі, сөйлеген сөздері менің өмір жолыма шырақ болып жанды десем, артық айтқандық болмайды. Шәкен, Абдолла ағалар рухы, өзге де көзін көрген, ақылын тыңдаған жақсылар мені адамдықтан, адалдықтан ауытқытпай, тура жолмен жетелеп келеді. Мен әркез өнердегі әкем – Абдолла Қарсақбаев, шешем – Сара Жорабаева, рухани демеушім – Нұрғиса Тілендиев деп айтудан жалыққан емеспін, бұл сөзімнен танбаймын да. Абдолла аға мектеп ауласында ойын баласы болып доп теуіп жүріп, таяқ жеген кезімде қолымнан жетелеп киноға әкелгенін, алда айттым. Егер алғаш рет бір топ баламен қатар сынаққа түсіп, олардың арасынан бір оқушыны таңдайтын тұста Шәкен аға «Бұл баланы емес, ана бір баланы қабылдайық», десе ол кісіге кім қарсы келер еді, кім қолын қағар еді. Бұл арада әділдік жолы, үлкен сыйластық, бірін-бірі түсіну, құрметтеу жатыр. Соның арқасында мен өнер есігін аштым. Мектепте жүргенде де, жоғары оқу орнын­дағы кезімде де киноға көп түстім. Әртістермен бірге Ғабит Мүсірепов бастаған. Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, өзге де қалам қайраткерлерімен араласып жүрдім.

Иә, менде біраз атақ бар. Бірақ, оны айта бермеймін. Киноларым туралы да желпіне сөйлеуді жақтырмаймын. Оны қажет десе жұрт өзі біліп, шығар­маларымды көріп, бағасын бере жатар. Есесіне өзім шарапатына бөленген аға-апаларым туралы айтуды азаматтық парыз әрі қарыз санап келе жатырмын. Өйткені олар біздің ұлттық өнеріміздің басында тұрған, қилы кезеңде ұлт рухын жаңғыртудан жаңылмаған, қайта қыңыр саясаттың арасынан жол тапқан қайраткерлер ғой. Сол жақсы мен жайсаңдарды өнеге етпей, кейінгі ұрпаққа айтып отырмай болмайды. Мен қазір шәкірт тәрбиелей бастадым. Шәкірт­теріме сабақ жүргізгенде ұлы ұстаз­дарымның дария ақылын, таза пейілін, білім-білігін жеткізуге тырысамын.

– Білім баспалдағына қалай өрледіңіз?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның актерлік бөлімінің түлегімін. Ол кезде консерваторияға екі кезеңмен қабылдайтын. Бір себептер болып, бірінші кезеңнен қалып қойғаным бар. Енді не істедім деп дәлізде келе жатсам Хадиша Бөкеева апай кездесе қалмасы бар ма? Жылы ұшырай кетті. «Сен киноға түсіп жүрген баласың ғой?» деді. «Иә!» деп қуанып кеттім. «Оқуға келіп едім, кешігіп қалыппын». Күмілжідім. «Кешіккен жоқсың, қыркүйекте тағы қабылдау болады, білесің ғой. Сонда келіп сынақ тапсыр». «Апай, рахмет!» дегенде даусым қарлығыңқы шықты. Тамағым ауы­рып жүрген еді. Қасында келе жатқан бір әріптесі «Бұл темекі тартатын бала секілді ғой», деді. Хадиша апай «Құдайым-ай, неге олай дейсің, бұл бала киноға түсіп жүр. Сен өзің кино көрмейсің бе?» деді де аты-жөнімді жазып алды. Айтқан уақытта келсем Хадиша апай ауруханаға түсіп қалыпты. Енді қайттім деп апай отырады деген бөлмеге барсам, аласа бойлы, бір аққұба келген әдеміше жігіт отыр. Жайымды айттым. Ол кісі иманды болғыр, Әшірбек Сығай екен. «Ә, Хадиша апай тапсырып кеткен. Киноға түсіп жүрген қара балаға дұрыс көзіңмен қара деген», деді. Қырылдаған дауыс ашылған. Оны ашқан әкемнің шешесі Дәнекүл әжем еді. Жұмыртқа ішкізіп, қойдың құйрық майы­н ұртатып жатып «Өнерді үйрен, өнер өлмейді, өнерлі де өлмейді», дейтін. Сауаты қол қоюға ғана жететін. Бірақ ой-өрісі керемет болатын. Осы күні төрімде тұрған суретіне тәу етіп, «О, ғұлама әжем менің!» деймін. Бүгін ондай адамдар бар ма, жоқ па, қайдам?

Мен Хадиша апамның класында оқыдым. Атақ жетеді. Қазақстанның, КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты. Әйтсе де мен-мен емес, қарапайым. «Әй, қарындарың ашып қалды ма, үйге жүріңдер», деп кейде бізді үйіне ертіп апарып тойғызып жіберетін. «Тарығып қалдыңдар-ау?!» деп ақша да ұстататын. Кейде «Апай, сіздің сөмкеңізден ақша алып, тамақ ішіп келдік», десек, «Е, дұрыс», деп алып, артынан – «Әй, осы сендер мені тонап бітіресіңдер-ау!», – деуші еді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Хадиша Бөкеева апам мені қолымнан жетелеп, қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Ба­лалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Маман Байсеркенов ағай­ға тапсырғаны және бар. Ол жерден әскерге аттанғанымда Хадиша апам мен Сара апам шығарып салып, жиі-жиі хат жазып тұрды. Сонда, «Уақыт тау­ып кітап оқы, біреуге соқ­тық­пай,тыныш жүр»,– дейтін екеуі де. Мен де анда-санда хат жазып қоятын едім.

 Қазақтың баласына мұндай қамқор­лық жасайтын аяулы аналар қазір азайы­п кетті-ау деймін. Ал Абдолла ағаның маған деген ниеті есіме түссе, көзіме жас үйіріледі. Әскерден келгеннен кейін қарғадайымнан бауыр басқан «Қазақ­фильмге» жұмысқа тұрдым. Тағы да абзал жандардың жол көрсетуімен қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына кинорежиссер мамандығына түсіп, оны Маман Байсеркеновтің класынан бітіргенде, ол кісі маған кино түсіруге рұқсат берді. Соның нәтижесінде жазушы Марал Ысқақбаевтың әңгімесінің желісінде «Тамшы» деген шағын фильм түсірдім. Ол жоғары бағасын алды. Одан кейін кино әлеміне бел шеше кірістім. «Айналайын», «Ызғарлы күз» деген фильм­дер шықты. Бұл екі фильм де өз елімізде ғана емес, шетелдерде де үлкен сұ­ранысқа ие болып, халықаралық кино бәйгелерінде әлденеше жүлдені қанжығасына байлады. Қазіргі белгілі кинорежиссерлердің бірі Сатыбалды Нарымбетов «Айналайынды» өзіне үлгі етіп, жоғары бағалағанына қарағанда жаман шықпаған сияқты. «Сар­дар» фильміне келер болсам, мұнда XVII-XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы дәуірін қамтиды. Бас-басына би болу, тақ таласы мен бақ таласы көркем бейнеде көрсетілді. Ағалы-інілі екі сарбаздың тартысы арқылы береке-бірлік болмаған жерде елдік мүдде күйрейтінін алға тарттым. Мен Абдолла ағадан үйренген жоғары талапты өзім кино түсіргенде жаңғыртып жүрмін. Кейіпкерді сомдауға кез келген адамды емес, жасандылықтан бойын аулақ ұстайтын шын дарынды табуға тырысамын. «Сардардағы» патша ханшайымы Сарымтананың рөлін ойнаған Сана Шандыбаеваны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің арасынан таптым. 800 үміткердің ішінен осы қыз сенімнен шықты. Бұл туынды америкалықтардың қызығушылығын туғызды. Еуропалықтар да жақсы қабылдады. Кино негізін махаббат құрамайды. Ол қосалқы оқиғада ғана желі тартады. Негізінен тарихи оқиғаны айта отырып, ұлттық құндылықты сақтауды, береке бірлікте болуды көтердім. «Талан» деген жаңа фильмді аяқтадым. Ол туралы кейін айта жатармыз. Менің бір орындалмаған арманым бар секілді. Ол – кино әлемінің құпиясын құлағыма құйып өсірген Абдолла ағаға бір дүниемді көрсете алма­ғаным. Осы күндері өзім де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шеберхана ашып, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Олардың алды қазір өз жетістіктерімен көзге түсе бастады. Бұл менің кинорежиссер ретінде тәжірибе-дәрі­сімнің еш кетпегенін көрсетсе керек. Мысалы, Алмас Бектібаев, Арман Алда­жаров, Шәрипа Оразбаева, тағы басқа азаматтарға толық метражды кино түсіруге мүмкіншілік берілді. Бұл да еңбек­тің жанғаны болар.

– Өнер адамдарының әл-ауқаты туралы не айта аласыз?

– Нарық заманы біраз тығырыққа тіреді. Әсіресе өтпелі кезең ауыр тиді. Қазір тәубе дейік, ілгерілеушілік бар. Сол аумалы-төкпелі заманда көбіміз жатақ­ханада тұрдық. Кино түсіру мәселеге айналды. Соны кемелдікпен аңғарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы «Қазақфильмге» келіп алқалы жиын өткізді. Қасында Үкімет басшысының орынбасары Мырзатай Жолдасбеков болды. Алдыңғы толқын ағалар елдік істі айтып, есеп беріп жатты. Тәуелсіздікке тәу етіп біз отырдық. Өнер адамының қашанда бір кемі болмай қоймаған. Бізде де ол жағы аз емес еді. Жиын аяқтала бергенде қол көтеріп, орнымнан тұрдым да «Қазақ­­фильмге» 10 жасымда келгенімді, содан бері көптеген киноға түсіп, біраз бейнелер сомдағанымды, кинорежиссер ретінде алғашқы еңбектерімді халыққа ұсынғанымды айтып, жатақхананың аядай бөлмесінде бала-шағаммен өмір кешіп жатқанымды жеткіздім. Мырзатай аға кинода жүрген жастардың үйсіз жүргені ақиқат екенін Елбасына дәлелдермен айтып бола бергенде, талантты азамат, мына өмірден 42 жасында өте шыққан кинорежиссер Аяған Шәжімбаев орнынан тұрып, ұл-қызбен бір бөлмеде тұру ерлі-зайыптыларға ауыр тиетінін алға тартты. Елбасы тереңнен ойлайтын дана адам ғой. Сол жерде біздің мәселемізді шешіп, үйсіз жүрген әрқайсымызға 4 бөлмеден баспана берілетінін айтты. Қуа­нышымызда шек жоқ, кетуге бет алғанда мен Мырзатай ағаға жақындап, «Аға, Нұрсұлтан Әбішұлына рахметімді айтсам қайтеді?» дедім. «Тұра тұр, алдымен үйіңді алып ал, тағы бір жолыққанда жеткізерсің», деді жүзі жылы Мырзағаң. Енді ойлап отырсам, «Қорыққан да бір, қуанған да бір» деп ол да бір көңіл-күйдің мың құбылған сәті екен ғой. Қазір Елбасына алғысымызды әр күн сайын айтып келеміз. Кинодағы табысымыз сол үйден бастау алып, елге жетіп жатыр.

 

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»