• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНСЕ, КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

1335 рет
көрсетілді

“Ұлттық саясат тұжырымдамасының интернетте шыққанын естідім де, балама айтып, компьютерден әдейі шығартып алдым. Жасыратыны жоқ, алға­шында тұжырымдаманы еліміз үшін игі бастамалар көтерілген болар деген оймен асыға оқи бастадым. Алайда, жобаның кіріспесімен танысқаннан-ақ ойым­ның ойраны шықты. Қазақ деп шапқылап, айқай салып жүрген дардай, нардай деген азамат­тарымыздың ұзақ уақыт толғанып-толғатып тапқан тұжырымдамасы осы болса не шара?”, – деп мұңайды редакцияға арнайы келген астаналық бір ардагер. Одан әрі ол өзінің саясаткер емес екенін, өмір бойы ұстаздық етіп нанын адал тапқан адам екенін айтты. “Қазір зейнеттемін, Аллаға шүкір, тұрмыс жағдайым да жаман емес, біреуден артық, біреуден кем дегендей, тұрмыс кешіп жатырмын... Айтайын дегенім, мен қарапайым, бірақ та елдің болашағына жәй қарай алмайтын азаматпын, мен сияқтылар қоғамда баршылық, басым бөлігі десек те болады. Сондықтан, ел болашағына қатысты құжатты талқылау барысында біз сияқтылардың да ойы ескерілсе деймін”, деді. Бұл тұжырымдамамен біз де танысып шықтық. Ал онда алдымен қазақтың жауы билік және оның жүргізіп жатқан саясаты деген ұғым менмұндалайды екен. Сонда біздің биліктегілер кімдер? Қазіргі таңда билік басындағылардың 98%-ы қазақ ұлтының өкілдері. Демек, қазақтың жауы қазақ болғаны ғой. Сонда әлгі данагөйсымақтардың басқа ұлт, басқа дін, басқа тіл деген аты мен тегі жоқ, нақты ашып көрсетілмеген белгісіз жаулармен күреспек болғаны не сасқаны? Халықты ақыл-есінен айырылған Дон Кихотқа теңеп, диірмендермен күреске салмақ ойлары нені меңзейді? Тұжырымдаманы оқып шықсаңыз, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ жаңашыл ештеңе жоқ, бәрі де Конституцияда, Елбасының Жолдауларында, одан қалса күн сайын туындап жатқан мемлекеттік бағдарламаларда айтылып жүрген сөздер. Иә, билік мүмкіндігінше бәрін жасап жатыр. “Егер өміріңде мың іс атқарып, бірақ ең бастысын жасай алмасаң, текке ғұмыр кешкенің, ал егер мың іс жасамай, тек басты бір істі атқарсаң, онда босқа өмір сүрмегенің”, деп атақты ғұлама Әл Ғазали айтқандай, Елбасы халқының, елінің алдында шешімі аса күрделі көп істерді абыроймен атқарып шығуымен қатар, Қазақстан мемлекетіне алысты көздейтін сара даму жолын таңдап беруімен де ел тарихынан өшпес орын алады. Соңғы 18 жыл ішінде, яғни тәуелсіздік жылдарында ғасырға бергісіз қаншама тарихи оқиғалар өтті. Тәуелсіз мемлекетіміздің 18 жылдық даму жолына көз тастай отырып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен Қазақстан Республикасын құру жолындағы ұлан-ғайыр еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сол бір қиын-қыстау өтпелі кезеңде жас, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстаған Н.Ә.Назар­баев өзіне тән даналық пен көрегендік танытып, ел бірлігін, елімізде ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан ұлттар достығын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеті­міздің шаңырағын шайқалтпай, іргесін мықтап бекітіп, нарықтық қатынастарды білгірлікпен жетілдіре отырып, сол арқылы туған халқын ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік тұғырына қондырып қана қоймай, сондай-ақ, басқалармен терезесі тең ел болу арманына қол жеткізді. Бүгінде, тәуелсіздігіміздің 18 жылдығы барысында қазақ мемлекеттілігін құру жөніндегі тарихи миссияның ойдағыдай жүзеге асырылғанын сеніммен атап өтуге болады. Бүкіл әлемге мемлекетімізді, оның экономи­касын, білімін-ғылымын, мәдениетін, өркениетін, діні мен ділін, тілін таныту Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың көреген басшылығымен жүзеге асуда. Біз қазір Президентіміздің басшылығы, халқымыздың қосшылығы нәтижесінде толайым табыстарға қол жеткізіп отырмыз. “Бегі әділ болса, елі бақытты, халқы түзу болса, бегі бақытты” деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алғыр басшылығымен 18 жыл ішінде еліміз қол жеткізген ауыз толтырып айтатындай жетістіктерді тілге тиек еткенде, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмайсың. Уақыт – төреші деген ақиқат екен. Тәуелсіздік жылдарында ғасырға бергісіз қаншама тарихи оқиғалар басымыздан өтті. Елбасының сындарлы да салиқалы, жүйелі түрде жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясаты­ның арқасында елімізде тыныштық пен татулық орнап отыр, соңғы кездері әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың тигізген зардаптарынан арылудың алғашқы нышандары да байқалуда. Ресей Федерациясымен, Беларусь Республикасымен Кеден­дік үштік одақ құрып, Бүкіләлемдік сауда ұйымына бірге мүше болып кіруге талпынудамыз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесі, “Мәдени мұра”, “Жол картасы” бағдарламаларының ойдағыдай орындалып жатуы, басқа да осы сияқты еліміз үшін аса маңызды әрі күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жобалардың өз шешімін табуы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның тікелей басшылығымен жүзеге асырылуда. Президенттің ішкі-сыртқы саясатын мақұлдап қана қоймай, ынтымақпен соңынан ерген Қазақстан халқы да өз кезегінде Елбасының бағын жандырып, абыройын асқақтатып отыр. Көпэтносты Қазақстан халқы қазіргі кезеңде әр түрлі тілде сөйлесе де, мемлекеттік тұтастық пен өзара түсіністік арқылы қасиетті көк байрақтың астында бірлік пен достықты мұрат етіп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Елбасы мен халықтың арасындағы арақатынасты саралай отырып, тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін ұғына түскендейсің. Әлем тарихына зер салар болсақ, өз елі тәуелсіздігінің берік іргетасын қалап, аса қысқа тарихи мерізімде дамудың сара жолына салып жіберген мемлекет басшылары саусақпен санарлық. Осындай тұлғалардың бірі Елбасы Н.Ә.Назарбаев екені Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан мемлекеттілігінің болашағына күмән келтіргендер де аз болмады. Көптеген қиындықтарды бастан кешкеніміз де рас. Зейнеткерлердің зейнетақысын, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын тауып бере алмадық. Көптеген қалаларымыз бен елді мекен­дері­міз электр қуатынсыз қалған кездерді де бастан өткіздік. Бұл республиканың тәуелсіздікке ие болғаны­на бірер жыл ғана толған, КСРО-ның ыдырап, зауыт-фабрикалар жұмыс істетуін тоқтатқан, ел жаппай дағдарысқа ұшыраған, жаңа ғана айналысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын-қыстау кезең еді. Бұл жылдары тәуелсіздікті баянды ету оңай шаруа болған жоқ. Бұрынғы кеңестік кеңістікте қалыптасқан жүйелі, жоспарлы экономикалық байланыстардың үзілуі, көптеген ірі кәсіпорындардың тоқтап қалуы немесе шығарған өнімдерін сата алмауы, соның салдарынан дүкен сөрелерінің қаңырап бос қалуы егемен елімізді тығырыққа тірегендей болды. Осы бір елдік пен ерліктің нағыз сыналар кезеңінде Елбасының саяси ұпай жинаудан гөрі, нақты экономикалық реформа­ларды іс жүзіне асыруды шешуші орынға шығаруы, қандай істі қолға алса да осы бағытты ұстана отырып іс-әрекет жасауы елді есеңгіреткен әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бірте-бірте еңсеруге мүмкіндік берді. Ал тұжырымдамадағы ұстанымдардың көпшілігі шын мәнінде тек орындалмас ұран сөздер сияқты. Себебі, әдемі мақсат бар да, орындау жолдары мен тәр­ті­бі жоқ. Тәртібі аталса да нәтижесі күмән туғызады. “Демократиялық үрдістерді тереңдету, азаматтық құқық, теңдік, қазаққа артықшылық, байлықты адал бөлу, тілді дамыту, басқа ұлттарға өз тілін үйренуге қолдау көрсету, ауылды дамыту, қазақтарды ауылдан қалаға көшіру сияқты жүйесіз, логикасыз таңдалған бағыттар таңқалдырады. Бірақ, бір қарағанда, бұл тұжы­рым­дама шын мәнінде билікпен бірлесе отырып, келісіліп жасалған жоба ма деп қалғандайсың. Әрине, бұл ойдан аулақ болған абзал. Тағы бір атап көрсететін жәйт – басқасын былай қойғанда, 2009 жылдың ішінде қарағанда биліктің қолға алып, халықтың қолдауына ие болған игі бастамаларын қайталап ұсынып отырғандары несі дегендейсің. Атап айтсақ: “Балабақшаларды мемлекетке қайтару” мен “Ислам мәдениетін қолдау қоры”, “Тек қазақ тіліндегі телеарналар ашу”, “Балабақшалар – мек­теп­­тер – жоғары оқу орындарында бір жүйе арқылы қазақ тілін үйрету”, т.б. көтерілген бастамалар қазіргі уақыттың өзінде қарқынды атқарылуда. Қарап отырсақ, бұл жоба шын мәнінде ұлттың болашағын ойлаған патриоттардың идеяларына қара күйе жағып, күлкіге айналдыруға және оларды басқа топтарға жау ретінде көрсетуге бағытталған сияқты пікір қалыптастырады. Жалпы, Қазақстанда мемлекет құраушы бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ, қалғандары этнос болып табылады. Бұл – басы ашық мәселе. Бірақ осыған екпін түсіріп, ұлттарды І сорт, ІІ сортқа бөлу ешқашан жақсылыққа алып келмеген. Елімізде қазақты шыңға көтеріп, басқаларға қонақ екенін мойындатуға тырысушылықтан еш нәрсе ұтпасымыз анық. Өйткені, тұжырымдамада айтылған шетелдегі қандастарымыздың мүддесін қорғау, тілін, мәде­ниетін дамыту жағы қалай болмақ. Өзіміз еліміздегі өзге этностарға ІІ сорт деген таңба тақсақ, шетел­дердегі қазақтарға құрметті қалай талап етпекпіз? Осы орайда, қазақ жерінде ата-бабасы, әкесі туып-өскен өзгелерді қайтпекпіз? Қазақстанның дамуына ата-анасының еңбегі сіңген өзге этностар алдында не айтпақпыз? Сонымен қатар, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін діни сенім мәселесін де оп-оңай шешеміз дегендері адамды шошындырады. Өзгелердің ішінен де өзімізге жақыны мен өзегімізді шірітетіндерін айыра білуіміз қажет. Ғасырлар бойы татулықты насихаттап, елімізге де, бір-біріне де кесірі тимейтін діндерге тиісудің қажеттілігі қанша? Мысалы, шетелдерден қаржылан­ды­ры­латын діни ұйымдарды жабу деген сөз халқы­мыз­дың (супер патриоттардың пайымы бойынша, Қазақстандағы этностардың) 4 миллионнан астамы сиынатын православие шіркеулерін жабу керек дегенді меңземей ме? Мұндайда Ресейдің үндемей қалмайтыны тағы анық. Отанымыз – Алланың жазуымен көп ұлт пен ұлысты ғана емес, көп дінді де мемлекет. Еліміз жас, зайырлы. Қазір дінге деген көзқарас бұрынғы замандағыдай емес, Құдайға шүкір, Ата Заңымызда “сенім бостандығы” ойып тұрып өз орнын иемден­ген. Мұсылмандардың мешітімен қатар, православие, католик шіркеулері еркін жұмыс атқаруда. Иә, бәрімізге белгілі, әлем халықтарының төрттен бірі ұстанатын Ислам діні бүгінде Қазақстанда да даму үстінде. Елімізде заман талабына сай діни істерде реформа жасалып, оны өркениетті жолмен дамыту мақсатындағы шаралар атқарылуда. Әсіресе, бұл маңызды да күрделі міндеттерді орындауда соңғы жылдары республикамызда көп істер жүзеге асты. Ислам дінін насихаттауға жол ашылуы Қазақстан мұсылмандарының мемлекеттік саясатты белсене қолдауын туғызды. Осының айғағындай, Елбасы бастамасымен былтыр Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі үшінші мәрте өткізілді. Мұның қажет шара екені мойындалғанының көрінісі емес пе, ІІІ съезге әлемнң 35 елінен 77 делегация келіп қатысты. Сөйтіп, бүгінгі Қазақстан – дінаралық үйлесім мен келісімнің жаһандық үлгісіне айналды. Ал отандастарымыздың 70 пайыздан астамы Ислам дінін ұстанса, қалғандары өзге конфессияларға жататыны белгілі. Олардың бәрі де діни сенім-нанымына қарамастан, бір-біріне шынайы құрмет пен төзімділік танытып отыр. Сондықтан да біздің Жаратушы Иеміз сүйген жерде өзара түсіністік пен келісім ахуалы берік орныққан. Республи­камыздың маңызды геосаяси орны Қазақстанның тарихи бейбітшіліксүйгіш қызметін айқындайды. Жұртымыздың әлемдік кең ауқымдағы шынайы бейбітшілікке ұмтылысы халқымыздың табиғи болмысымен астасып келе жатыр деуге әбден болады. Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауым­дастығы, бір ғана Жаратушы бар, ол – Алла тағала, бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше, барша адамзаттың тілегі де бір. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: “Қазақстан – көп конфессиялы мемлекет. Бізде қазір 46 конфессия бар. Дін мен мемлекет заң бойынша қанша жеке тұрғанымен, біз бәріміз Қазақстанның тәуелсіздігіне, ішкі тыныш­тығына, дүние жүзіндегі танымалдық дәрежесіне жұмыс істейтін адамдармыз. Қазіргі мұсылман дінінің Қазақстанға тарап, жаңа мешіттердің ашылып, барлық жағдайдың жасалуы еліміздің тәуелсіздігіне байланысты”, – деген болатын. Ғибадат етіп жүрген мешіт те, басқалары да бізге тәуелсіздіктің тартуы. Кеңес заманында республикамызда 25-ақ мешіт болса, қазірде олардың саны 2300-ден асты. Тұжырымдамада сондай-ақ ұлттық саясатты жүргізгенде жалтақтамау, алаңдамау керек дегенді жиі кездестіруге болады. Сонда ғасырлар бойы қазақ хандары өздерінің қара бастарын ойлағандықтан ғана Ресеймен, Қытаймен келісімге, түсіністікке ұмтылған ба? Қазір заман басқа, әлемдік қоғамдастық бар дейтін­дер де табылар. Оларға айтарымыз – Ирак, Палестина, Таулы Қарабақ, Сербия, жақындай кел­сек, Абхазия мен Оңтүстік Осетия сияқты жағдай­лар­да сол қоғам­дастық жанжалдарға тікелей араласа алмай, бір шетте қалғаны мәлім ғой. Оның үстіне католиктерді, про­тес­танттарды қудалаған елге Еуропа да қайырылып қара­май­тындығы белгілі. Сондықтан бізге солтүстік аймақ­тарымыздың ұлттық құрамын да ұмытпағанымыз жөн. Жалпы, тұжырымдаманың өзегі мынау. Жер қазақ­тікі, сондықтан жер қойнауынан шыққан байлықты сатудан түскен қаржы тек қазақтарға бұйы­руы қажет. Басқалар қалай күн көрсе, солай күн көр­сін, біз оларға кедергі жасамаймыз. Тек қазақ тілін білсе, бізге ұнаған дінге сиынса болғаны. Онсыз да ұнатпағандары кетіп, ұнатқандары, елімізді қолайлы көретіндері тұрып жатыр ғой. Біз билікке келсек, орындау жолын көрсетеміз, бәрін қатырамыз... ...Айналайындар-ау, алдымен қазақтың өзін қазақ­ша сөйлетіп, тілге құрметті өз арамызда қалып­тастырып алайықшы, өздерің исламды қырыққа жіктеп, “сопы”, “құранид”, “вахабит”, “салафит”, “нұршы”, “жыршы” деп өз дәстүрлерімізге ие бола алмай жүр емеспіз бе? Сондықтан өз дінімізге де тыныштық берейік. Ең маңыздысы – осындай “ойындарды” ойнап жүріп, ғасырлар бойы армандап, аңсап жеткен тәуел­сіздігімізге нұқсан келтіріп алып жүрмейік, ағайын! Ал, тәуелсіздіксіз мына байбаламдардың бәрі бекер. Самат МҰСА.