Басы мұздақпен көмкеріліп, бауыры жасыл қарағаймен қымталып, бұлағы бұрқырап, өзені күркіреп жататын Алатау баурайында туризмге таптырмайтын небір жерлер баршылық.
Кезінде соның бірегейі делінген, жауһардай жалтырап жатқан Есік көлі қас пен көздің арасында бұрқ-сарқ етіп, етегіндегі жұртты есеңгіретіп кеткен болатын. Бұл 1964 жылдың жаз айы еді. Қазақтың айтулы ақыны Қуандық Шаңғытбаев «Күйдірген қан мен қазыңды, Күндеген талай патшалар, Ұрлаттым гауһар тәжімді! Қай жақтан табам, бәтшағар? Жоғалды алтын балдағым, Салып ем көзін лағылдан, Қапа боп жанды қармадым! Қақты екен қандай қағынған? Күл-талқан болды шарайнам, Інжуден еді жиегі, Сұқтанған еді-ау талай жан! Өзегім от боп күйеді. Айырылдым алтын алқамнан, Жаһұтпен үзіп, ойдырған, «Есік» деп жазған бар таңбам, – Көрдіңдер қайсы ой-қырдан? Пері боп ұшты ғашығым, Дертіне дәт қып төзбедім: Есігім – есіл асылым, Түскендей ағып көздерім!..» деп «жоқтау» жыр жазғаны есте. Егер Алматыдан 60-70 шақырым жерде болған сол ботаның көзіндей тұнып жататын көлдің қадіріне жетіп, қауіптің алдын алғанда қазір ол жер қазақтың ғана емес, өзге жұрттың да көзайымына айналар еді.
Осы Есік көлімен бір ендікте жатқан Алматы облысындағы Түрген шатқалы да, ондағы сарқырамалар да ұлт байлығы деуге тұрарлық. Биылғы жазда оған тағы куә болдық. Ол жердің табиғатын ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Қараш-Қараш оқиғасы» атты туындысында келістіре суреттейді. «Қараш-Қараш айналадағы қоршаған тасты тақыр биіктер, қарағайлы жүндес жоталар, шошақ төбелер мен үш салаға бөлінеді: Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш. Осы үш сала мен маңайындағы биіктері, адырлары мен барлық өңірді «Қараш-Қараш» деп атайтын», дейді де сарқырамаларға келгенде «Қазанда қатты қайнаған судай, өне бойымен түгел бұрқылдап қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бұрқ-сарқ етіп тасиды. Талас салып, жарысып екпіндей жөнелген жік-жік ағын бұйра толқындар жүз жыланның сумаң қағып жарысқанындай. Өрттен, қуғыннан қашып, дүркіреп жосыған көп жайынның жөңкілуіндей. Шаттың аяғы тік біткен мұрыншақ тас. Шың тастың ішінде, биік құздың арасында иіріліп аққан су бір мүйістен екіншіге қарай шыққанда, тау қойнынан шыққан құсықтай ақтарыла жөнеліп, екінші мұрыншықтан бұрылғанда жер тесігіне сүңгіп, құйылып жатқандай болады. Қалың биік, алып жартас бір ұртына бір өзенді сіміріп жұтып, жер астына әкетіп жатқандай. Мұрыншақтан аса беріп, асау су жоғалып жатыр», деп ағыл-тегіл ақ шәлі сарқырамаларды көз алдыңа әкеледі. Осындай керемет сарқырамаларды біз әлі күнге әлетке жарата алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.
Көктем жазға ұласып, күздің салқыны тітіреткенше Түрген шатқалынан адам үзілмейді. Табиғат қорғаушылар бекетіне өлшемді ақшаңды төлесең өте бересің. Сап түзеген шипажай типтес үйлер онша көп емес. Есесіне жерді жалға алып, қазақтың қараша үйінде қызмет көрсететіндер жетіп-артылады.
Бұл арадағы айтпағымыз, Іле Алатауының солтүстік жағындағы Түрген ойпатындағы сарқырамалар жайы еді. Сарқырамалардың ұзын саны 7-ні құрайды. Солардың ішінде қазір демалушылар тамашалап жүрген қалың жартастың арасын жарып ағатын Аюлы сарқырамасы. Сарқырама Аюлы деп тегін аталмаса керек. Бұрын мұнда аю көп болған көрінеді. Ата-бабаларымыз жер атын көрінісіне, не мекен еткен аң-құсына, өзге де жайларға орайластырып атаған ғой.
Аталмыш сарқырама шатқалдағы асфальт жолдан 1300 метр биікте. Жалғыз аяқ соқпақпен шор-шор қайрақ тастарды басып, «Сұлулық бұлағын» жағалап, өрге қарай өрмелегенде жол бойындағы алуан түрлі шөп, бойлай өскен тал-терек, иісі мұрын жарған тау жуасы, шоқ-шоқ гүл қуатыңды арттырады. Жартастың басынан атқылап аққан ақ жолақ керемет әсерге бөлейді. Жақындағанда денеңе тиген бүркінді тамшы күмістей жылтырайды. Күн сәулесі қара тасты қыздырып, ыстық леп бетіңді қарығанда сарқырамаға таясаң салқын леп бірден сергітіп, көңіліңді шалқытады. Сарқырамаға екінің бірі жете алмайды. Алда айтқанымыздай, жолы қиын. Мың бұралып аққан «Сұлулық бұлағының» суында көпір жоқ. Аттай алмайтын жерге бірлі-жарым тақтай қойған. Ол да селкілдеп, қиқалақтап тұр. Сарқырамадан тараған салқын ауа, «Сұлулық бұлағының» балдай суы өзегіңді ашады. Табиғи таза ауа, табиғи таза су дегеніңіз осындай-ақ болар. «Бір кем дүние» (Ш.Мұртаза) демекші, осы бір құндылықты пайдаға асыра алмай отырғанымыз жанға батады.
Өткен жылы Қытай мемлекетінің Гуанчжоу қаласының маңындағы Байюньшань тауындағы Ақсу сарқырамасын көзбен көріп едік. Сол сарқыраманың ұшар басына шыққанға дейін 9999 баспалдақ салып қойған. Үйдей тастарды ұрып жатқан сарқыраманы бойлай салған баспалдақтар бірде ағаштан, бірде тастан құралыпты. Жағасындағы бір тал өсімдікке, табиғи жаратылысқа зиян келтірілмеген. Баспалдақтардың екі жағына ұстап шығатын ұзынынан жалғастырған ағаштарды да әдемі ойластырған. Қылаяғы қоқыс тастайтын жәшіктің өзін табиғатпен ұштастырыпты. 9999 баспалдақты басып төбесіне шыққан адам ұлтын шын сүйген болып есептеледі екен. Содан ба жас-кәрі бірі өрге өрмелесе екіншісі мақсатым орындалды деп төмендеп келе жатады.
Шіркін, Түргеннің де сарқырамаларын қолға алсақ, ел игілігіне жаратсақ, ұтылмас едік. Бұған ары таза, жаны пәк, ұлтым деген бір азамат ұйытқы болса, жұртты жұмылдырса, жер бетіндегі байлық қазынаға қаржы құятыны сөзсіз. Қазақтың қараша үйінің орнына қала маңдарындағы коттедждердей келісті де әдемі болмаса да шаралы төрт кереге жетіп жатыр. Ең бастысы, қызмет көрсетуді оңалтып, қарабайырдан құтқарып, күнімдікті емес, өмірлікті насихаттап, бұл азат елдің тірлігіне, тіршілігіне, келешегіне қажет десек, ойға алған орындалады. Сол өңірдегі жұртшылықтың да әл-ауқаты артуына септігін тигізеді.
Иә, осыған әкім-қаралар сергектік танытса, жұмыстың ілгері басатынына сеніміміз мол. Аз уақыт жалға алып, ақша тапқандармен шектеліп қалу шекені қыздырмайды. Қыздырғанды қойып табиғатты ластап, өзен бойын, тау ішін ошақтың күліне, қоқысқа толтырып тастауымыз кәдік. Сондықтан ел болып Түрген шатқалындағы сарқырамаларды тиімді қолдансақ екен дейміз. Егер бұл сарқырамаларды сақтай алмасақ, бір кездері «Есік» көлінің күйін кешпесіне кім кепіл бола алады. Мұндай табиғат кереметін, яғни тегін байлықты игілікке іркіліссіз жаратсақ, қане. Барды ұқсату дегеніңіз осы болар.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»