Қазақстан туризмі дегенде «ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау туризмі тасада қала алмайды. Өңірде қазір бұл бағытта біраз жұмыстар жасалынып, бірқатар бағыттар бағамдалды. Әйтсе де «туризмді түгендей алдық» деп тоқмейілсуге әлі ерте. «Сырт көз – сыншы» дегендей, болашағынан үлкен үміт күттірер өрелі жастардың бірі, түркітанушы, өлкетанушы Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫМЕН Маңғыстау туризмі бағытында сұхбаттасқан едік.
– Бекболат, сіз өңірдің өн бойына жиі сапарға шығып, зерттеп-зерделеп жүрген ізденуші ретінде түбекте туризмді қандай бағыттарда дамыта түсуге болады деп ойлайсыз?
– Иә, Маңғыстау облысының туристік әлеуетін бірнеше бағыттарда дамытуға болады. Оның бірі – классикалық туризм, яғни Каспий теңізі, қала арқылы деуге болады. Бірақ теңіз жер бетінде тек бізде ғана ма? Біз шетелдіктерді немен қызықтыра аламыз? Осы жағын ойлау керек. Біздің басқа өңірлерден айырмашылығымыз табиғи және тарихи, мәдени мұраларымыз – ескерткіштерімізді таныстыру мүмкіндігіміз. Мұны өңірдің өзіндік келбеті деуге болады. Сондай-ақ Маңғыстауда экотурзимді – өңірдің ландшафттық, экологиялық ерекшеліктерін көрсетуге негізделген экологиялық туризмді дамытуға болады. Өңірде барынша қолайлы туризм түрі – этнотуризм. Аты айтып тұрғандай, бұл бағыттың да көкжиегі кең, яғни өңірдің қолөнері, этноауылдар, жалпы ұлттық ерекшеліктері деп түсінуге болады. Аталмыш бағытта Адай жылқысын дамыту ісін, қолөнер мен зергерлікті, ауылдық жерлердің өзінде сиреп келе жатқан киіз басу, бау-басқұр тоқу, ши орау, текемет ою, атқа шабу, киіз үй, домбыра жасау, қамшы өру, тағы басқа ұлттық салт-дәстүрлерді, өнер, еңбек, сәулет істерін қамтуға болады. Келесі туризм түрі табиғи, геологиялық нысандарды көрсету арқылы жүзеге асатын биотуризм десек, тағы бір бағыт ретінде кәсіпқойларға арналған экстремалды туризм бағытын айта аламыз. Маңғыстауда қазірдің өзінде авторалли өткізіліп келеді. Енді осыны кеңейтіп, су астына түсу, біздегі жал-жал құмдардың үстінде болу немесе парапландар арқылы Үстірт кемерлерінен секіру, өзге де әртүрлі табиғат жағдайында жарыстар ұйымдастыруға болады. Және геотуризм аса кең танымал болмағанмен, бұл көптеген ғылым, әсіресе жаратылыстану ғылымдарында, кәсіби жиһангерлерге қызықты дүние болар еді. Себебі бұл арқылы біз Маңғыстаудың өзіндік геологиялық тұрғыдағы табиғи және геоморфологиялық ландшафтық ерекшеліктерін таныстыруға мүмкіндік аламыз.
– Сіздіңше туризмді дамытуда олқы түсіп, тасада қалып келе жатқан тұстар бар ма? Сондай-ақ қазір киелі орындар басында туристер қаптап жүреді. Бұл зиярат па, туристік саяхат па? Мұның құқықтық реттелуі немесе қадағаланатын тәртібі бар ма?
– Маңғыстаудың тарихының өзін екіге бөлуге болады. Біріншісі – табиғат жасаған тарих, екіншісі – адамзат жасаған тарих. Екеуі бір-бірімен ұштасып жатады. Өлкенің табиғаты мен тарихын бөліп қарау қиын, екеуі бірге жүреді, көптеген оқиғалардың куәгері болған жерлер, табиғаттың соны туындылары – келушілерге ең бірінші қуана көрсететін және оларды сүйсіндіре алатын құндылықтарымыз. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарап тасада қалып жатқан тұстар жоқ деуге болатын шығар. Ал Маңғыстау туризмін дамыту, тіпті жарнамалау үшін көпшілікке мәлім немесе беймәлім деген ұғымдармен жұмыс істеу керек сияқты. Маңғыстаудың ескерткіштері біраз белгілі деп ойлаймыз, алдағы уақытта шетелдіктерді айтпағанда, қазақстандықтар үшін белгісіз болып келген орындарды, нысандарды таныта түсу қажет. Ал зиярат ету бұрын да болған, қазір де бар және болашақта да жойылып кететін дәстүр емес. Ол инфрақұрылымның болу-болмауына қарамай дамып жатқан бағыт. Дұрыс айтасыз, оның басқа да қырлары бар. Жұрт оны көпшілікпен өтетін туризм ретінде қабылдайды да, нысанның киелі орын екені ұмыт қалдырады, сол себептен адамдардың өзін-өзі ұстау тәртіптерінде олқылықтар кетіп жатады. Біз мұны дер кезінде қолға алып, тәртібі бойынша, арнайы нұсқаулығы бойынша қалыптастыруымыз керек және сол жерге баратын адамдар оны мінсіз орындау міндетін қою керек. Мысалы, Израиль, Иран елдерінің де туристерге көрсететін ескерткіштері, нысандары көп, бірақ келушілер ол жердің тәртібін қатаң сақтауы тиіс. Біздің елімізде де осы мәселелер ескерілгені дұрыс деп ойлаймыз. Жалпы, салада болашақта перспективасы бар жұмыстар көп. Мысалы, тарихи ескерткіштерді қазу-зерттеу жұмыстарында практика ретінде еліміздегі үлкен университтердегі археологиялық, архитектуралық саладағы студенттерді қатыстыруға болады. Бұл, біріншіден, жастардың өресін кеңейтуге, елін, жерін тануына, сүюіне ықпал етсе, екіншіден, арзан еңбек күші. Осылайша, бір-бірімен байланысты, бірін-бірі толықтырып тұратын жұмыстарды жасауға болады. Мұның бәрі түптеп келгенде, эстетикалық туризмге алып келеді. Ғалым Серікбол Қондыбай ағамызша айтсақ, жердің болмысы, жердің түсінігі, тіпті жердің қасиеті адамды ерекше бір ойлау қабілетіне жетелеп, демалдыруға себі тиеді. Суретті, зергерлік бұйымды көргенде адамның жаны рақаттанып, көзі қуанып, көңілі демалады ғой, сол секілді табиғаттың, жердің жауһарын көргенде адам жан-жақты демалады. Туризмде міндетті түрде «салулы төсек, салқын үй» дегендей жайлы жағдай жасау мақсат емес, шынайы табиғаттың өзін көру адамға айрықша рухани күш береді.
– Маңғыстаудағы туризмнің қазіргі ахуалы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Бұл сала әлі де толықтай конвейерлік бағытқа қойылмаған. Ішкі туризмді былай қойғанда, сырттан келетін туристердің санын санақта ұстап отыру өте қиын, олардың көбі әртүрлі жолмен келеді, оларға көмектесетін, оларды тіркеп отыратын орталық жоқ және облыс бойынша бірен-саран ғана ішкі туризм бағыты бойынша экскурсиялар ұйымдастыратын компаниялардың өзі аз, аз болғандықтан кейбір кездерде бағалары көңілден шыға қоймайды. Көбі өзінің бағытын шетелдіктермен байланыстырған соң бағасы қымбат болады, ол өз кезегінде туристерді алыстатуға әсер етеді. Шетелдіктің бәрі қалталы емес қой, қалталы болғанның өзінде әрнәрсенің өзінің шамасы, реті бар. Туристерді тасымалдау құны, бағытында әркелкілік бар және олардың қауіпсіздік жағы, оларға берілетін мағлұмат сияқты дүниелер әркімнің жасаған еңбегіне әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ салада ақпарат, яғни жарнама жетіспейді. Кең танымалдылық керек, қонақтарды күтіп алуда қолайлылық керек. Жұмыс жасалмай жатыр деп те айтпаймыз, бірақ қанағаттанарлық деңгейде деп те айта алмаймыз. Ақпараттарды таратып, келген туристерді қадағалап, реттестіріп, оларға бағыт-бағдар беріп отыратын орталықтар қажет.
Бұған дейін туристерді теңіз жағасындағы демалыс орындарына алып келген, теңіздің жылы болу маусымы әрі кетсе үш ай, одан әрі аспайды. Жалғыз «Кендірлі» – оның жылу орталығы көпшілікке арналмаған, ол тек «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларына арналған. Ол жаққа жолдаманың сатылмайтыны да өкінішті. Екіншіден, алыс. Келген туристің бәрі тек теңіз деп келмейді, олар тарихи-табиғи ескерткіштерді, эстетиканы, экзотиканы, осы жердің марсиандық пейзажын көріп, содан ләззат алу үшін де келеді. Дұрыс ұйымдастырылып, дұрыс сервистік қызмет көрсетілсе, қонақтардың да Қазақстан туралы ойы жақсы болады. Қандай бағыттағы, қандай пиғылдағы адамдар келіп отырғанын статистикалық тұрғыдан тіркеп, қадағалап отырудың еш айыбы жоқ. Қазір кім келіп, кім шығып жатқанын есепке алу өте қиын. Тарихи ескерткіштерге қол сұғатындары бар шығар, темір іздейтін арнайы құралдармен жүретін адамдар бар екені де жасырын емес. Маңғыстау жерінде өмір сүрген ежелгі жануарлар қалдықтарының, басқа да баға жетпес құндылықтардың облыстан, тіпті елден шығып кетіп жатпасына кім кепіл? Туризмді дамытамыз деп жүріп асылдарымыздан айырылып қалмасақ екен деген тілек қой біздікі. Туризмді дамытуға міндеттіміз, бірақ тәртіп жағын тасада қалдырмауымыз керек. «Ұшықтай сала «жазылдың ба?» деуге болмайтыны сияқты, бірте-бірте туризмнің кемелденген кезіне де жетерміз, бірақ оған дейін қауіпсіздік, тәртіп мәселелерін ұмыт қалдырмай, бірінші кезекте жолға қойып алуымыз керек деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы