Мәдина шаҺары. Көктен жерге құлдилаған сайын, жүректің соғысы екпіндеп барады. Аты аңызға айналып кеткен Мәдина шаһарының төбесінен төніп келе жатып, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның табаны тиген, игілік сұраған, Алладан уаһи жеткен қасиетті мекеніне жақындаған сайын, тауы да, тасы да, топырағы да, құмы да басқа жерлерден бөлек, басқа мекеннен көне болып көріктене береді.
Аңыздың ақиқатқа айналғаны, ақиқаттың алдына бетпе-бет келгеніңнің куәсі боласың. Өзге айтса күмән қалыптасар, өзің көрсең күмәннан тазарар шағың осы. Мен сияқты қара табан пенде мынандай қасиетті жерді басуға лайық па, – деп ойлайсың. Екі үн, екі ой бір-бірімен іштей бәсекелесіп, торға түсірердей торуылдайды да тұрады.
Бірі – қырын қарап тәкаппарлық танытса, бірі – аңсары ауып өзіне шақырып қолдайтындай. Бірі – сенім мен күш-қайрат берсе, бірі – күш-жігеріңді құм етіп, құр сүлдеріңді қалдырып, болмысыңнан кінә табуға құмартатындай. Осы екіұдай сезіммен алпарысқан жұмырбасты пенденің қасиетті Мәдинаға табаны алғаш тигенде жаңағы сұңқылдап кеудеңді басып, жаналқымға алған үн біржола өшеді. Кіршіксіз жаныңа иелік еткен пәк сезім тәніңді өзі билеп, күш-қуат сыйлайды.
«әл-Мәсжид ән-нәбәуи» – Мұхаммед с.ғ.с мешіті. Ғажап!!! Мешіттің кеңдігі, биіктігі, жаныңды тебірентер Құран аяттары қандай көркем. Сүйікті пайғамбарымыздың жүзін көрген сахабалары мен өз дәуірінің адамдары қандай бақытты еді. Ал біздерге пайғамбарымыздың қабіріне қарап тұрып, «Әссәләму аләйкә я Расулаллаһ» деп сәлем беру бақыты ғана бұйырыпты. «Уа, Алла! Оған жәннәттағы биік орын және жоғарғы мәртебе бер де, Өзің уәде еткен мақталынған мақамға жеткіз. Уа, Алла! Оның үмбеті үшін оған сауаптың ең абзалын жаз» деп дұға етіп, оң жағына жылжып, қасында жатқан жан-жолдасы, екінші қабірдегі Әбу Бәкірге: «Әс-сәләму аләйкә я Әбә Бәкр» деп, тағы оңға жылжып, хазіреті Омарға: «Әс-сәләму аләйкә я Омар» деп сәлем бересің... Бұл – мустахаб (яғни ұнамды әрі Аллаға жақындататын амал).
Бақиғ – қабірстан. Бұл жерде сахабалар жерленген, солардың арасында әйгілі сахаба, үшінші халифа Осман да (Алла оған разы болсын) осы жерде жерленген екен. Сондай-ақ Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайлары мен қыздары да осы қабірстанда жатыр.
Ухуд тауы. Ухуд шайқасында көз жұмған сахабалардың қабірі. Адам баласы қабірді көргенде жаны құлазып, көңілі босар. Өзінің де түбі осы қатардан келіп орын аларын түсінер.
Пайғамбарымыз с.ғ.с бұл жерге келгенде: «Әс-сәләму алейкум әһләд-диәри минәл-мумининә уәл-муслимина, уә иннә иншә Аллаһу бикум ләхикун, уә йәрхамуллаһул мустәқдиминә миннә уәл-мутәхирин. Әс-әлулләһә ләнә уә ләкумул-ъафиәһ» Мағынасы: «Әссәләму аләйкум уа, бұл қорымда жатқан мүміндер мен мұсылмандар! Алла қаласа біз де (бір күні) сіздерге қосыламыз. Бізден бұрын өткендерді де, бізден кейін өтетіндерді де Алла рақым етсін. Алладан өзімізге де, сіздерге де жарылқау сұраймыз» деп дұға жасағанды үйреткен екен.
«Құба» мешіті. – Исламдағы ең алғаш салынған мешіт. Бұл мешіттің құрылысына Алла елшісінің с.ғ.с. өзі атсалысып, іргетасын қалап, кірпіштерін тасыған. Алла тағала Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінде «әт-Тақуа» мешіті деп атаған. Пайғамбар с.ғ.с Құба мешітін зиярат етіп, екі рәкәғат намаз оқыған екен. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с -ның өз қолымен отырғызған құрма ағаштары бұл күнде теңдессіз, үлкен бақшаға айналыпты. Өз қолымен еккен «әджуа» құрмасы. Ешбір құрма жылына екі рет өнім бермейді, ал Пайғамбарымыз с.ғ.с-ның береке тілеген қаласында өскен әджуа құрмасы жылына екі рет өнім береді. Пальма ағаштары сияқты көкке ұмтылған құрма ағаштарын алақаныммен сипадым. Құрма ағашының өнім беріп тұрғанын алғаш көруім. Басқа құрмалардан түсі де, дәмі де, көлемі де өзгеше. Дұға оқып, құрманы аузыма салдым. Жүрегім елжіреп, құрма ағашына арқамды тіреп, аспанға қарадым. Алланың мейірімі қандай шексіз!
Көлік атаулы жаяу жолаушыға жол берумен күн өткізеді екен. Намазға бара жатқанның бәрі көшеде қалай жүрсе де өз еркі. Құс екеш құс та адамнан қорқып, үркектемейді. Көкте самғап, көміліп кетуді қаламайды, адамдардың бойымен бойлап ұшып, қосыла жүгіріп, намазға асыққандай дағдыланып алған. Еркелеп ұшып, еркелеп қонады. Ентелеп келіп, айналшықтап жем сұрап, қиылып тұратын құстарға ұқсамайды. Көзін сатып жәудіреп қарап тұрмайды. Сөйтсем, оларға мәдинәлықтар тіпті жеміне дейін шашып кетеді екен. Ертегілер әлемінің есігі ашылғандай күйде тұрмын. Неткен сабыр...
Медине ғажап шаһар. Медине халқы да қандай мейірімді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. қабірінің жанына келіп сәлемдесіп, құбылаға қарап намаз оқып аттандық. Қоштасарда көңілім босады, бұл шаһар пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның қоныс аударған, ғұмыр кешіп, қияметке дейінгі мәңгілік орнын тапқан киелі жері.
Хаж мабрур. Мұсылманның қажылық рәсімдерін аса ұқыптылықпен, күнә-кемшіліктерге бой алдырмай орындауы. Хаж мабрур – жалғандықтан аулақ шынайы қажылық. Бұл Алла қабыл етер қажылық.
Ихрамға кірген адам миқаттан бастап Меккеге жетіп, қасиетті Қағбаны көргенге дейін тәлбия айта бастайды: «Уа, Алла! Міне мен Сенің алдыңдамын. Міне мен сенің құзырыңдамын» деген сайын қуанышпен қоса қорқыныштың да болатыны рас. Өйткені Алланың алдына келе жатқан жұмырбасты пенденің тағдырында осы уақыт аралығында не болып, не қоймады. Мынау жалғанның қарбаласында жүріп біреуді қуантсақ, біреуді ренжіткен болармыз. Ойланған сайын кемшілігің есейе түседі. Көзге –жас, көкірекке – шер толады. Жүрек біздің кеудеде лүпіл қаққанмен кілті – құпияда. Сондықтан болса керек құлшылық еткен көркемсөз ағылып-төгіле береді. «Өзімді – өзім білемін, өзіме-өзім иелік етіп келемін» деген өгей ой оқшауланып, біржола сөніп тынады. Қауқарсыз хәлден өзіңді «Аллаға тапсырдым!» дегенде, құстың қауырсынындай жеңілдеп, кеудеңе қуаныш орнағанын, сол қуаныш жанарыңа жас ұялатып, жүрегіңді нұрға толтырып, мейірімге оранғандай боласың.
Мекке қаласы. Мекке Медине қаласынан 400 шақырым қашықтықта.
«Мәсжид әл-Харам» Меккедегі Қағба орналасқан әйгілі мешіт. Пайғамбар с.ғ.с. «Үш мешіттен басқаға арнайы аттануға болмайды», – деген екен. Олар: 1. Мәсжид әл-Харам, 2. әл-Мәсжид ән-нәбәуи, 3. Мәсжид әл-Ақса.
Мәсжид әл-Харамға оң аяғыңмен кіріп, дұға оқисың. Қасиетті Қағбаны көрген сәтте тәлбия айту тоқтатылады.
Қасиетті ҚАҒБА!!! Аллаға құлшылық етіп, Адам ғ.с. алғаш қабырғасын қалап тұрғызған қасиетті орын. Төрткүл дүниенің бұрышынан ағылған халық толастамай ғибадат жасаған. Уақыт өте келе Қағбаны биіктетіп, қабырғасын көтеру Ібраһим ғ.с. мен ұлы Ісмағұл ғ.с-ға бұйырған. Ібраһим ғ.с-ның табанының ізі қалған жер – «Мақам Ібраһим» деп аталады. Мақам Ібраһимнің артында тұрып екі ракағат тауап намазын оқу – сүннет. Қағбаға қараған сайын адамның көзі нұрланады, – дейді. Көзіңді Қағбадан алмайсың. Өмірі көрмеген Қағбаны алғаш көріп, құштарланып: «жете алар ма екенмін, алақанымды тигізе алармын ба» деп ынтыға алға қарай жылжи түсесің.
«Йемен бұрышы», «Қара тас», «Хижр дуалы», «Мақам Ібраһим». Қараған сайын қарағың келе береді. Қобалжып қарайсың, қобалжып тұрып шаттанып қарайсың, шаттанып тұрып, жылап тынасың. Алла мейірімінің шексіздігі – ақиқатпен жүздестіріп тұрғандығында. Алғаш рет Қағба алдында тұрып, осы сәттің соңғы кездесу еместігіне үміт артасың. Қол созған арманыңа жақын келгендей қасиетті Қағбаға жетсем, маңдайымды тигізіп, құлшылығымды жасасам деген арман тұр көңілде. Қасиетті Қағбаның маңында қарақұрым халықтың арасына теңіздей толқыған қозғалыс сеңге ұрғандай сенделтіп қай жаққа апарып тастайтынын білмейсің. Бәрі әп-сәтте, қауіп пен қатер, бақыт пен шаттық қатар күтіп тұрғандай. Қасиетті Қағбаға жақындап, қара тас тұрған тұсқа келгенде: «Бисмилләһ, Аллаһу әкбар» деп тауапты бастадық. «Алла атымен, Алла-Ұлы! Иә, Алла! Мен саған иман келтірдім, кітабыңа сендім. Уәдеңе нандым, пайғамбарымның с.ғ.с. сүннет жолын ұстандым» дейсің күбірлеп.
Қағбаны жеті рет айналған сайын, әр айналымда арнайы дұғалар оқылады. Мағынасы мұндай дәл, мұндай көркем, мұндай ақиқат, мұндай терең жалбарыну, көркемдікпен дидарласу бақыты – Қағбаны айналып өткен сайын қуатты құдірет сезімі өз бағытына алғандай күйге кенелесің. Құлшылық ету сапарында Адам баласы ең биік дәрежедегі көркемдік жолын көреді. Мен осыған куә болдым.
Сафа-Маруа төбесі. Сафа мен Мәруа тауының арасына алма-кезек жүгіріп, бір тамшы суға зар болған Ажар ана тарихы еске түседі. (Ажар – Ісмағұл ғ.с. анасы) Азаптан – бақытқа, бақыттан –мәңгілікке мұра болар жол салыпты. Қасиетті Қағбаны жеті рет тауап жасасаң Сафа мен Мәруаға да жеті рет сағи жасайсың. «Расында Сафа мен Маруа – Алланың белгілерінен...» (Бақара, 158) Құм кешіп, сар даладан су іздеп, қаңсыған ыстықтан зәм-зәм бұйыртқан Жаратқанның жарылқаған сәті. Аңыз емес – ақиқат!
Сағи жасаған сайын Қағбаға қарап, екі қолымызды жайып, Аллаға мадақ айттық, дұға оқыдық. Маржандай жарқыраған зәм-зәм... Ажар-анамен кездескендей, рухымен сырласқандай, өз қолынан зәм-зәм суын ішкендей бақытқа кенелдік.
Мина. Пайғамбарлар мен ұлы аналардың табаны тозған киелі өлке. Пайғамбарлар қиянат көргенде, жапа шеккенде, қуғын-сүргінге ұшырағанда жандарынан табылған тегі – асыл, жаны – жомарт адамзат Аналары осында құлшылық етті. Олар да жарын аңсады, бейбіт күнді армандады, жалғызын күтті, сағынышымен қауышты, тозды, еңсесі езілді, сүріне жығылды, қабына қайта тұрды, қайта жығылды. Жер тіреп отырып жалбарынды, иегі жасқа шыланып, құса болды. Жеңіліп жүріп, талай жеңіске де жетті. Жеңіске жеткенімен жеңілген күнін ұмытпаған тақуа, салиқалы құлдар. Қайран, кемеңгер АНАЛАР. Тозған өңірің шұрқ-шұрқ тесіліп, керуен бойымен көш ізін түзеп бара жаттың-ау! Көз ұшымда байланып қалған таулардан өздеріңнің бейнеңді көргім келеді, елестетіп сурет салған боламын. Ұйыған жас, шер толқытып сендердің саф бейнелеріңді санама салып жатқандай. Екі аппақ көгершін әдейі келгендей алдыма қонақтап отырып алды да етегімен бірін-бірі қағып қалып, қосыла көкке көтерілді.... Менің сан мыңға бөлінген көңілімді аулады ма екен, әлде алдарқатты, әлде қуантты ма... Әйтеуір манағы көңіл көкжиегіне ұялаған бейнелерден адасып қалдым. Өкінбедім... Аппақ көгершін басқа көгершіндерге мүлде ұқсамайды. Екеуі ақылдасып алып маған әдейі келіп жеткендей көрінді.
Маңайыма ұзақ қарадым, көзім талды, шаршап тұрмын. Ыстық пен ұйытқып соққан жел өтінде қуырылып та қалатындайсың. Ұлы АНАЛАР салған үлгіге үңіліп тұрып, шыдамға шыңдалған салтанатты сабырды аңғарасың. Бұл жер – сабыры салтанат құрған, шыдамы шыңды бағындырған ұлы әйелдердің мекені. Қырық жыл бойы Адам ғ.с-нан адасып қалып, сыңарын іздеп дүниені кезген Хауа-ананың ізі жатыр құмға сіңген, Ажар – ана (Ібраһим ғ.с-ның жары, Ісмағұл ғ.с-ның анасы) Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның жары – хазіреті Хадиша, сүйікті жары – хазіреті Айша, сүйікті қызы – Фатима. Қанша ғасыр өтті... топырақ тозды, тау-тасқа, тас-құмға, құм-суға, су-шөлге айналды. Асқақ рух, жанкешті тағдыр мүжілмей, мұқалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Сөндірмек болып, өшкенін қалағанда, жоғалтпақ болып, іздерін көмгенде де ешбірінің билігіне бағынбаған. Алланың билігінен басқаға мойымаған сұлу тағдыр – адамзат тарихына аманат қалыпты. Барған сайын ақиқатқа айналып, мейірім үстемдік құрған, күш-қуат біріктіріп, бас идірген киелі өлке осылай маңғаз қалпы мүлгиді. Шындықтың айғағы қол бұлғайды.
Аналардың рухына бас иіп ұзақ тұрдым. Аналардың, қыздардың алдында өзімді қарыздар санадым. Әйел – жұмбақ жаратылыс. Ұрпақ үшін көзсіз құрбандық бола алатын қайсарлық әйелге ғана тән. Шыдамы шер толқытқан, ерін патшасындай тәу етіп, өзін құлақ кесті күң етіп, досқа қуат беретін, дұшпанға кешірім жасайтын – жомарттық ананың ғана жүрегінде. Ол – жер бетіндегі қиянат атаулыны мейірім жеңісіне айналдырған құлшылық етуші. Күң болып, табанын тас тіліп жүріп, пайғамбарға да, патшаға да жар болды. Пайғамбарлар мен патшалардың анасы. Ол көркем жаратылыс!!! Сүйіспеншілікпен басын иіп, қолын қусырып, тізесін бүгіп, жанарын жасырып, сұлулығын бүркеп, жаратушысына сыбырмен ғана құлшылық етті. Өзім деп, өзеуреу оның табиғатына жат еді, ол «ұрпағыммен марапатталдым» деп ұқты. Ол – аналардың аманаты болатын қызды әкелді дүниеге, ол – иманына күмән келтірмейтін, отбасын, отанын қорғайтын ұл әкелді дүниеге. Ол осылай ұрпақты көріктендірді, жаратушысына мойынсұнып, күллі жаратылысты аялай алатын жылы алақанды жаратушысы да осыған теліді. АНА деп айдар тағылды. Оның мейірімінде болғанның Алла мейірімінде болатындығы «Құран-Кәрімде» айтылды.
Арафат. Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парызы. Пайғамбар с.ғ.с. «Қажылық дегеніміз – Арафат», – деген. (Әбу Дауд, әт-Тирмизи).
Арафа күні – күндердің ең абзалы. Бұл күні қажылар Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да қалаған нәрселерін сұрайды. Аллаға сансыз мадақтар, Оның елшісі Мұхаммедке с.ғ.с. салауаттар айтылады. Айша анамыз риуаят еткен хадисте пайғамбар с.ғ.с: «Алла басқа күндері тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды құтқармайды.» – деген (Муслим).
Муздалифа. Муздалифа жазығы. Ұлтарақтай жердің өзі олжа болған – Муздалифа.
Адам ғ.с. Жер – деген түсініксіз әлемге тағдыры теліп, жәннәттық бақыттың мұқалғанын мойындап, жұмбағын ұқпай қара түнекте қалып қойғандай қырық жыл бойы көз жазып қалған Хауа анамен кездескен жазығы – Муздалифа. Қайғыны – жұбанышқа, жұбанышты – қуанышқа кенелткен Муздалифа. Ендігі қиындық атаулыны, жоқшылық пен азапты бірге көру, бірігіп көрудің, бірігіп жеңудің бақыт екенін сезінген адамзат кезеңінің жаңа бетбұрысы. Жалғыздық – үрей мен қайғыға жетелесе, ерлі-зайыптының махаббаты жасампаздыққа, кемелденуге әкелетіндігінің бір айғағы да осы болар.
Муздалифада табан тірер жер жоқ. Арафаттан ағылған жұрт сәждеге бас қоятын тебенгідей жер таппай тауға өрлеп кетіпті. Түнейтін жеріміз иен дала Муздалифа жазығы. Әншейінде мамық жастанып, кергіп жүрген пенденің әп-сәтте бір жапырақ жерге зәру болып қалғанын көрдім. Пендесіне тарыламын десе, жарықтық қара жерге де адам баласы зәру екен ғой деп ойлаймын. Алғаш рет адамдардың нәсіліне, тіліне қарап бөлінбейтінін Адам атаулының бәрі бауырың екенін, бір-біріне деген құрметі мен мейірімін көрдім. Қолы тиіп кетсе, құшақтап кешірім сұрап, аяғың сүрініп кетсе демеп, шөлдеп тұрсаң су ұсынған адам баласы қандай сұлу жаратылыс деп ұғасыз. Әлде жер бетіндегі ең жақсы адамдар іріктеліп, бүгін бәрі Муздалифада жиналған ба деп қаласыз. Адам бойындағы артық мінез бен теріс пиғылдың бірі жоқ. Бәлкім о баста Адамдар осылай жаратылған шығар, Біздерге сол сабақтастықтан ажырамай, пешенемізге жазылған ізетті ғұмырды парыз еткен болар.
Таңға жақын тамаша көрініс көрдім. Таудың етегін бойлаған иен дала. Сапардан шаршап-шалдыққан қажылар бүрісіп, бір жапырақ болып бір сәт қалғып кеткен екен. Олардың көптігі сондай аспандағы жыпырлаған жұлдыздар-сынды. Сырттай қарап ұзақ тұрып қалдым. Мұндай көрініс ешқашан қайталанбайтын болар. Менің орнымда суретші болса, дап-дайын картинаны әп-сәтте салып-ақ тастар еді. Мынау жансыз көрініске жан бітті... Бір сәт қажылардың орнында өлілер жатқандай еді. (Расында олар ұйқыдағы қажылар болатын) Төрткүл дүниенің әр тарапында бір жылда, бір күнде, бір минутта, бір секундта осынша адам дүниеден өтеді, бақилыққа бет алады. Бәлкім олар да дәл осылай қатар-қатар жатар ма екен... Олар Алланың бұйрығын күтіп, қияметтегі тағдырына алаң болып, қайғырып жатқан болар ма еді. Олар енді бас көтеріп тұра қаша алмайды, өкіне алмайды, тура жолды таңдап, тартына да алмайды. Бәрі кеш, кері қайтар жол жоқ. Сондықтан бәрі осылай тізіліп, Алла алдына қалай баруды, қандай жағдайда кездесетінін ойлап көңілсіз жатқандай көрінді. Адамға жаным ашыды. Жерді жалпағынан басып, шалқайып өткен адам баласы жансыз қалғанда тағдыры осылай болар... Жансыз қалғанда қандай мүсәпір едік. Көз жұмулы, жүрек тоқтаулы, тіл байлаулы...
Муздалифада жатқан мына қажы бауырларым болса, қазір таң намазын оқиды. Алладан кешірім сұрауға, тілек тілеуге, дұға жасауға мүмкіндіктері де мол. Қандай бақытты! Қол-аяғын жинап, орындарынан өз еркімен тұрып, Минаға аттанады, соңғы парыздарын орындап әрқайсысы келген жағына қуанып, қайта оралады. Отанына, отбасына аман-есен оралып, қуана қауышады. Қандай бақыт, шын бақытты!!! Мен олар үшін қуанып тұрмын, қияметтегі бауырларым үшін мұңайып тұрмын. Оларға «Алланың мейірімі болсын, біліп-білмей істегендерін мейірімді Алла кешіре гөр» деп дұға етеміз.
О, Муздалифа! Сенің жазығыңда тұрып, талай адам талай ғажайыптың жауабын іздеп тапқан да болар. Тіршілікті – бақыт шырағы еткен Алла қандай шексіз мейірімді.
Жамарат. Жамаратта үш үлкен тасты дуал бар. Бұл жерде шайтанға тас ату рәсімі жасалады. Күннің ыстығы шөлдетеді, бірақ шаршатпайды. Жаяу ұзақ жүресің бірақ жалықпайсың.
Түйін. Пайғамбар с.ғ.с. хадисінде: «Саяхатқа көп шығыңдар, ел мен жерді аралаңдар, танып-біліңдер» деген екен. Жолсапарда кейбір әсерімді күнделікке жазып отырыппын. «Таулар... Бұл жерде көне таулар көп-ақ екен.... Әрқайсысының біз білмейтін тарихы бары хақ. Биік-биік тауларды езіп-жаншып жол салынып, ғимарат тұрғызылып жатыр. Тауға жаным ашыды. Табаны күректей тас шайнайтын жаңа техника таулардың күл-талқанын шығарып, жермен-жексен етіпті. Бұл өлкеде жер аз, тау көп болса керек. Тауды талқандай алатын адам – енді қайтіп тау жарата алмас. Бізге қажет жұпар тау сең соққандай құлайды. Ауасын жұтып, суын ішіп, самалын сүйсініп, сұлулыққа құмартсын деп жұпардан сый тартты. Ал біз... Тауды қопарып жатқан тағдырымыз не болар екен?..».
Бұл өлкеден алабөтен дәстүрді байқамадым. Арабтар өздерінің дәстүрлі киімімен жүр. Көзге оғаш, сүйкімсіз киінген мұсылман баласын көргенім жоқ. Жалпы ислам дініне қайшы келетін дәстүр де, бөтен салт та бұл жақта көрінбеді. Егер көзге түскен өрескел жағдай болса полицейлер қадағалауға алады. Дін атын жамылып алданатындар да, алдайтындар да бұл жаққа ат ізін салуға жүректері дауаламаған болар.
– Атадан қалған әдемі сөз бар: «Албасты – қабаққа қарай басады», –дейді біздің ел. Қабағымызды әркімнің назарына салып жалтақтай бермей, барымызды аялап, жоғымызды бүтіндеп отыру өзімізге сын. Тарихымызды бұрмаламай, иманымызға күдіктенбей, атадан қалған асыл мұра дәстүрімізді жоғалтып алмай қасиетті қазақ жерін көзіміздің қарашығындай сақтап қалу – бүгінгінің парызы.
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург
Астана