Оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдайлар жасау, сабақты нақты тәжірибелермен ұштастыру арқылы алған білімін бекіту, сондай-ақ мұғалімдердің білімін ұдайы жетілдіру, жаңа оқу-әдістемелермен қарулануын қамтамасыз ету оқу ісінде аса маңызды.
Бұл орайда, мектеп директорлары білім беру саласындағы өзгерістерді ццтабысты жүзеге асырудағы негізгі буын болып табылатындықтан, мұғалімдердің жұмысының тиімділігі көп жағдайда мектеп басшысына байланысты екендігі белгілі. Сонымен қатар басшы-көшбасшы мектептің дамуын басқарумен қатар, бақылауы тиіс. Мектепті бақылай отырып басқару – сенімсіздікті шектеп, тұрақтылықты нығайтып, алауыздықты азайтып, болашақты болжауға мүмкіндік беретін жүйе құру деген сөз. Осы орайда біздің мектеп-интернаттың «Шың» атты педагогикалық қоғамдастығына, мұғалімдер мен оқушыларға өзгеріс енгізу үдерістерін ойдағыдай атқарып шығуына басшы ретінде жағдай жасауға барынша ұмтылып жатқан жайымыз бар.
Ауызбірлігі жарасқан ұжымда республикамыздың түкпір-түкпірінен білім іздеп келген ауыл балаларына жан-жақты білім мен тәрбие беруді басты мақсат етіп қойған ұстаздар қауымы еңбек етуде. Жаңартылған бағдарламамен оқып, жеке тұлғаға бағытталған сабақтар өткізіп жатқан мұғалімдер ұжымның 70 пайызын құрайды.
Жаңа сабақтардан әлемдік тәжірибенің тиімді тұстары көп екендігіне көз жеткізе бастадық. Атап айтсақ, сындарлы оқыту теориясын мектеп тәжірибесіне енгізудің бастамасы ретінде құрылған «Шың» желілік қоғамдастығын құру, тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау, яғни орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлардың жасалуы, коучинг, тәлімгерлік, Lesson Study үдерісі, іс-әрекетті зерттеу, кері байланыс, бағалаудың жаңа формалары, мониторинг жасау сияқты жұмыстардың жаңа формалары нәтижесінде мұғалімдер 7 модульді ықпалдастыру арқылы орта мерзімді жоспарлауды үйреніп, қысқа мерзімді жоспарлауды сабақта қолдана алатын болды.
Сабақ жоспары SMART теориясы бойынша шынайы жасалуда. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер бұл жоспарлардың тиімді жақтарын әріптестеріне таныстырып, сол жерде топтық жұмыс жасайды. Бұл – жаңа сабақ жоспарын жасауда мұғалімдерге көп көмек әрі педагогикалық ұжымдағы бірлескен жұмыс оң нәтижесін беруде. Соңында мұғалімдермен кері байланыс жасалады. Онда олар бұл әдіске өз көзқарастары мен ұсыныстарын білдіреді.
Оған қоса оқу үдерісін жетілдіру мақсатында мұғалімдерге арналған коучинг сабақтары өткізіліп жатыр. Осы теориялық білімді тәжірибеде ұштастырып, ынталы топ мүшелері сабақтарын өткізуде. Мұндай дәрістерге қатысатын мұғалімдер көбейді. Себебі бұрын сабақ талдағанда тек мұғалімнің кемшілігі ғана айтылатын. Яғни ынтымақтастық істер нәтижесін беретіндей мүмкіндік туды. Мәселені бірге шешу арқылы әріптестердің арасында кәсіби ынтымақтастықтың орныға бастағандығы байқалады. Ал оқушыларға келсек, олардың сабаққа деген көзқарастары, сындарлы ойлау дағдылары, оқу үлгерімі оң нәтижесін беріп жүр. Кері байланыстың өзі оларға өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік береді. Өлшемдерді бағалау арқылы өзара бағалауды, өзін-өзі бағалауды үйренді.
Ал Lesson Study – тәжірибелі мұғалімдермен қатар, жас мамандардың да кәсіби жетілуіне көмектесетін әдістің бірі. Бұл методика да оң нәтижесін беруде. Зерттелген сабақты дәстүрлі жоспарланған сабақпен салыстыру нәтижесінде дәстүрлі сабақ барысында ескерілмеген жағдайларды аңғарып, сабақ мұғалім тарапынан толықтырылып, түзетіліп, оқушының білімді сабақ барысында өздігінен алуға деген пайдасына шешіледі. Топ мүшелерімен сабақты бірлесіп жоспарлау, талдау, жекелеген оқушыларды бақылау-бағалау арқылы оқыту бойынша бірлескен пікір қалыптасатындықтан, мұғалімдер мен оқушылар тарапынан зерттеу сабақтарына қызығушылық туып отыр.
Сондай-ақ елжанды болашақ азаматтарды тәрбиелеу жолында еңбек етіп келе жатқан біздің педагогикалық ұжым ішінде «Ы.Алтынсарин» медалінің иегерлері, білім беру ісінің үздіктері, білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, бірнеше оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторлары, жаңа заманға сай көшбасшы мұғалімдер мен білім магистрлары, PhD докторлары бар. Мұғалімдердің мұндай мықты құрамының көмегімен жас мамандарға тәлімгерлік жүргізу үдерісі жолға қойылған.
Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырудың қыры мен сырын жете меңгерген ұстаздарымыз жыл сайын республикалық деңгейдегі курстарда, ғылыми-практикалық конференция, семинарларда көптеген ашық сабақтар өткізіп, озат педагогтармен тәжірибе алмасып отырады. Мысалы, республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ пен біздің мектептің ұстаздары республикамыздың түпкір-түпкірінен келген курс тыңдаушыларына ашық сабақтар, коучинг, тағы басқа қажетті тәрбиелік іс-шаралар өткізеді. Әдістемелік кітаптар шығарып, таратамыз.
Өнер мен білімнің ордасы болған Алматыдағы біздің мектепке әр аймақтан терең білім іздеп келген балаларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жазушылар одағымен байланыстың нәтижесінде мектептің ақын оқушыларының балғын жырларын, шығармашылық жұмыстарын жинақтап, бірнеше жыр жинақтарын шығардық.
Тәрбиеші ұстаздардың бірлесе атқарған жұмыстары да балаларымыздың ел мақтаныштарынан үлгі алып, болашақтарын жан-жақты бағдарлауларына ықпал етуде. Мысалы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова, Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер, режиссер Досхан Жолжақсынов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтармен өткен мазмұнды кездесулер оқушылардың жадында ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.
Мектебіміз қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатындықтан, жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультеттерімен, Орталық Азия университеті филология институтымен шығармашылық байланысымыз бұрыннан жолға қойылған. Соның нәтижесінде мұғалімдеріміз өз саласы бойынша түрлі тақырыпта кәсіби білімдерін толықтырып, біліктіліктерін арттыруда.
Оқушыларымыз ғылыми жобалар жазуда жетекшілерімен бірлесе отырып ғалымдардан кеңес алады. Және тіл мен әдебиет бағытында ұйымдастырылған түрлі жарыстар мен жобаларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Осы бастамаларды жалғастыра отырып, педагогикалық қоғамдастық жұмысын жандандыру үшін биыл Алматы қаласы білім басқармасымен, «Білім-инновация» лицейлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп отырмыз.
Роза СЕКСЕНОВА, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға
арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете
оқытатын орта мектеп-интернат директоры
АЛМАТЫ