Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болашақта біртұтас ұлт болу мен бұқаралық сананы өзгертудің кепілі болды.
Аталмыш мақалада қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптары бойынша даярлап, «Мәңгілік ел» болудың шарттары көрсетілді. Ұлттық сананы жаңғырту мен ұлттық бірегейлікті сақтау жолдары айқындалып, ауқымды міндеттер жүктелді. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылып, ел жаңғыруының басты міндеттері – «Латын қарпіне көшу», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» пен «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Туған жер» бағдарламалары қабылданып, бүгінгі таңда олар орнымен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жастарға жаңа сапалық деңгейде білім беріп, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашатыны анық. Сондықтан тәyeлciз ел болып, рухани жаңғыруда әлiпбидi ayыcтыpy – Мәңгiлiк eл бoлyдың нeгiзгi aлғышapты болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мемлекетіміздің жаһандану көшін ілгерілету мақсатындағы маңызды құжатқа айналды. Сондықтан қоғам ағзасының соғып тұрған жүрегі іспетті руханиятымызға жанашырлық танытқан бұл бастамаға бірауыздан қолдау білдіреміз.
Барша қазақстандықтар, әсіресе жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі Елбасы ұсыныстарының маңыздылығын терең түсініп, дамуымыздың басты қағидасы екенін сезінеді. Елбасының игі бастамасын қазақстандықтар ыждағатпен қолдайды. Оны жүзеге асыруда жоспарлы түрде іс-шаралар атқаруда. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті тіл жанашырлары, белгілі ғалымдар мен қоғамның белсенді азаматтарының қатысуымен «Латын графикасы – қоғамның рухани жаңғыруы мен жаһандануының негізі» атты конференция өткізді. Басқосуда халықтың талқылауына ұсынылған әліпби жобасы талқыланып, оның артықшылығы мен маңызы жайында пікірлер айтылып, оған қоса төмендегідей ұсыныстар қарастырылды.
Әліпбидің үлгі-жобасын дайындау барысында еліміздегі тілші-ғалымдардың жасаған түрлі ұсыныстарын жан-жақты қарастырып, бірнеше сараптамадан өткізіп, оңтайлы шешім қабылдап, оның Тұжырымдамасы жасалу керек. Бұл тұрғыда бізден әлдеқашан бұрын латын әрпіне көшіп кеткен туыстас Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан сияқты елдердің жетістіктері мен кемшіліктерін ескеріп, тәжірибелерін міндетті түрде ескерген жөн.
Сауаттылық – рухани кемелденудің негізгі алғышартының бірі. Дұрыс жазу – орфографиялық ережелерді жетік меңгеруді талап етеді. Ал орфографиялық ережелердің жетіктігі алфавиттің тілдің фонетикалық жүйесімен толық сәйкес келуімен байланысты. Осындай заңдылықтарды біріздендіруде қазақ тілінің латын әліпбиіне негізделген орфографиялық ережелерін жетілдіріп, оны заңдық күші бар нормативтік құжатқа айналдырған дұрыс.
Мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – «Каллиграфия» (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет.
Ұсынылып жүрген латын әліпбиінің жобаларына қарайтын болсақ, ондағы дыбыстар санының әртүрлі екенін байқаймыз. Олар 29-42 аралығында. Осы жерде «қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан жобаларды талқылау, таңдау барысында, ең алдымен, қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін анықтап алған дұрыс. Бұл дыбыстардың санын анықтау үшін А.Байтұрсыновтың қазақтың дыбыстық жүйесіне қатысты пікірін негізге алғанымыз тиімді болады. Содан кейін ғана оларды белгілейтін әріптерді қарастыру тиімді болады.
Көрнекті тіл маманы, профессор Қ.Жұбанов кезінде әліпбидің «бұқарашыл» болуын ескерткен. Жалпы, әліпби қарапайым халықтың тез меңгеруіне, тіл үйренушілерге, соның ішінде баланың жас ерекшелігіне қарай жасалған жөн. Осы орайда әліпбиді түзуге педагог мамандардың қатыстырылуын ескерген дұрыс.
Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Ғаламдық істер адамзаттың игілігіне айналары анық. Осы жолда Елбасы ата-бабамыз армандаған «Мәңгілік Ел» идеясының өзі ұлттық тіліміздің тұғырын бекітіп, рухани жаңғыруға жасалған нақты қадам екенін түсіндіріп берді. Сонымен қатар жаңа жобаға жолдаған ұсыныстарымыз ескеріледі деген сенімдеміз.
Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры
Жамбыл облысы
Қарыштап дамуымызға қажетЛатын әліпбиіне көшу – Елбасының аса бағалы бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, тіліміздің болашағы үшін жасалған қадам. Шынымен де, технологиялық, жаһандық заманда Қазақстанның латын графикасын таңдауы – мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешім деп ойлаймын. Сол себептен бұл мәселе көпшіліктің қолдауына ие болып жатқанын көріп отырмыз.
Жақында ғана халықтың талқысына ұсынылған жаңа нұсқада қазақтың төл әріптерінің белгіленгенін ерекше атап өтуге болады. Алдыңғы нұсқа бойынша сыни көзқарастар ескеріліп, назарға алынғандығы байқалады. Сондықтан әліпбидің соңғы нұсқасы жастардың көңілінен шыққанын мен сеніммен айта аламын.
Жастар ұялы телефон пайда болғаннан бері, СМС-хабарламаларды, әлеуметтік желідегі ақпараттарды латын қарпімен алмасып жүргендіктен, жаңа әліпбиді меңгеру кейінгі буынға аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Жастардың заманауи латын қарпінде өз тілін меңгеруі, оны жаһан жұртшылығына паш етуі дұрыс қадам деп есептеймін. Жаһандану үдерісі қатты қарқын алған бүгінгі таңда ақпарат алмасу, ғылымның түрлі саласы дамыған сайын өзінің ұлттық құндылықтарын жаңа өмірге бейімдеп, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру, оны өрге сүйрейтін отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның басты бағдары.
Жалпы, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашып, Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен жақындасуына мүмкіндік береді. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын тілі алтын көпір болмақ.
Қиындықсыз, кедергісіз шаруа бітпесі анық, бірақ біз осының бәрі болашақ үшін зор прогреске, прагматикалық ілгері басушылыққа апаратынын түсіне білуіміз керек.
Аян ХАФИЗ, Көкшетау қалалық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі
Ақмола облысы
Жаһандық кеңістікке бастар жолЕліміздегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне Мемлекет басшысы байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе, өзінің салиқалы шешімін айтты. Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды. Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.
Латынға көшу ісі үлкен дайындықты қажет етті. Көптеген түсіндіру шаралары атқарылды. Қоғамның пікіріне баса назар аударылды. Қоғамымызда латынға көшуді қолдайтындардың үні басым түсті, өйткені латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы екенін халық терең түсіне білді.
Бір қуантарлығы, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың дауысты – ә, ө, ү төл дыбыстарының қос әріпті болып келуі болатын. Жаңа нұсқада бұл талап толық шешімін тауып, енді олар бір әріппен, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, белгіленеді. Сөйтіп халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы дайын болды.
Ел арасында ерекше қолдау тапқан терең талдау мен қазақтың төл дыбыстарын белгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуана қолдап отырмыз.
Ұсынылып отырған нұсқадағы 11 әріптің 9-ы жаңа формада қабылданыпты. Бізді ол қатты қуантып отыр.
Бүкіл әлемді шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көкжиегін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны белгілі. Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі деп санаймыз, себебі қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшуде екеніне және бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне халықтың көзі жетті. Қоғамның жаңа әліпбиді талқылауда көрсеткен белсенділігі соның тағы бір жарқын дәлелі деп санаймыз.
Сәния Ақласова, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының аға әдіскері