Ауа-райының салқындауына байланысты бүлдіршіндерге екпе салдыру әңгімесі қызу талқыланып келеді. Қоғамда әзірге вакциналар туралы нақты пікір қалыптаспағанын ескере отырып, мәселенің мән жайын анықтап көруге тырыстық.
Вакцинация жасаудың кері әсері бар ма?
Екпелердің кез-келген дәрі-дәрмек сияқты кері әсері болады. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметі бойынша, вакциналар қауіпсіз болып саналады және зияны сирек кездеседі.
Кей дәрігерлер вакцинаны тынымсыз ата-аналардың өтінішімен салмай жатады. Ата-аналар бөртпе, іш ауруы, кіндік жарығы, тұмау секілді ауруларды сылтауратып, балаларына екпе жасатпайтын жағдайлар тағы бар. Вакцинаны эпилепсия, сал ауруы, иммунжетіспеушілігі жағдайында да сала береді. Бастысы екпеден кейін пайда болған ауруларды тікелей вакцинаның салдары деп қабылдауға болмайды. Балалар күнделікті өмірде көптеген патогендермен кездесіп жатады. Сол себепті вакцина салдырту денсаулыққа қатты кері әсер бере қоймайды.
Вакцина аллергияға ұласып кетпес үшін алдын ала анализ тапсыру керек пе?
Бір миллион адамға жасалған вакцинаның ішінде тек біреуі аллергиялық реакция береді. Әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияға аллергиялық анализдер жасалмайды. Ал балада екпеден кейін аллергия басталса, дәрігер дереу қажетті ем береді.
Бір балада екпеден кейін бөртпе шыққанын естісеңіз...
Көптеген ата-аналар мен біліктілігі төмен дәрігерлер вакцина мен одан кейін пайда болған ауруларды өзара байланыстырып жатады. Жалпы кішкентай сәбиге екпеден басқа медициналық әрекеттер жасалмайтынын ескерер болсақ, бұл теория рас көрінеді. Алайда зерттеулер дәлелдегендей, бұл аурулар екпе жасалмаса да шығатыны белгілі болды.
Екпе жасауға тыйым салынатын жағдайлар туралы
Бұндай жағдайлар тым аз. Мысалы, сәби тұмауратып, қызуы жоғары болса, вакцинаны кейінге шегеруге болады. Себебі екпеден кейін қызу не себепті көтеріліп жатқанын анықтау қиынға соғады: ол ұзаққа созылған тұмаудан ба, әлде вакцинаның салдары ма. Келесі бір себеп - егер бұған дейін жасалған екпедегі дәрілік құрамға аллергия басталған болса, екпеден бас тартуға болады. Ал, егер балаңыз антибиотиктер ішіп жүрген болса, немесе инфекциялық аурудан енді жазылған болса, екпе салдыра беруге болады. Бұл туралы АҚШ-тың «CDC 24-7» денсаулық сақтау ұйымы хабарлады.
Балаға екпе салдырмаса не болады?
Біріншіден, бұл шешім бала өміріне екпе салдырғаннан гөрі әлдеқайда көп қауіп төндіреді. Екіншіден, бұндай жағдайлар бала өліміне әкелген кездер болды.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуропада бірнеше мың адам қызылша ауруына шалдығып, кейбіреуі соның салдарынан көз жұмды. ДДСҰ мәлімдеуінше, науқастардың 96,6% вакцинациядан өтпеген. Бұндай жағдайға жол бермеу үшін мемлекеттік Балаларға арналған екпе күнделігін қарап шыққаныңыз дұрыс.
Екпені қаншалықты жиі салдыру керек?
Екпенің негізгі бөлігі 0-14 жас аралығында жасалады. Бұдан соң 18 жасқа дейін жылына бір рет тұмауға қарсы вакцина алып тұрса жарайды. Ал егер Азия, Африка секілді экзотикалық елдерге жол жүретін болсаңыз, алдын ала дайындалып, қосымша екпе салдырған абзал.
Екпе салдыру қанша тұрады?
Аталған күнделігіне енген екпелердің барлығы жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін салынады. Балаларға арналған екпені отандық және шетелдік вакциналармен жүргізуге болады. Бастысы, олар тіркеліп, сәйкес сертификаттары болуы тиіс. Екпені медициналық мекемелердің арнаулы кабинеттерінде жүргізген абзал. Себебі, вакциналар өзінің белгілі бір ережелеріне сәйкес сақталу керек.
Әзірлеген
Айгүл ШЕРНИЯЗ,
«Егемен Қазақстан»