• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Қазан, 2017

Атырауда республикалық ASAR форумы өтті

432 рет
көрсетілді

Мемлекет. Қоғам. Бизнес. Атырауда өткен «ASAR» республикалық форумы осы үш тараптың өзара бірлігі берекелі тірліктің темірқазығы екенін анық аңғартты. Алғаш рет ұйымдастырылған шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елімізде үкіметтік емес ұйым-бизнес-мемлекет форматындағы әлеуметтік серіктестіктің негізі қалыптасқанын атап айтты.

Шынында да, үшжақты серіктестіктің бүгінге дейін қол жеткізген табысы аз емес.  Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы 20 есеге өсті. Азаматтық қоғам қалыптасты. Республика бойынша 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Яғни, халықаралық тәжірибеде тиімділігін көрсеткен үрдісті біздің елде де жетілдіруге қажетті алғышарт жеткілікті. «Бәрін мемлекет жасап берсін» деген масылдық психологиядан арылатын күн әлдеқашан жеткенін уақыт көрсетті. Форумда сөз алған Гүлшара Әбдіқалықова үшжақты серіктестік бағытында атқарылған жұмыстардан нақты мысалдар келтірді. «Конституцияның 6-бабына сәйкес, ұлттық бизнес елдің әлеуметтік өміріне белсенді қатысады, - деді Мемлекеттік хатшы. - Мысалы, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қоры 2016 жылы «Менің елім» бағдарламасын бастады.  Халықтың білім, медицина, мәдени нысандарда сапалы ортаға қолжетімділігін арттыруды мақсат еткен бағдарлама аясында бүгінге дейін 200 мың адам 3 млрд теңгенің көмегін алды. KAZENERGY компаниясы 2014 жылдан бастап білім гранттарын беру бағдарламасын жүзеге асырды. Жыл сайын 600 студент энергетика саласында оқуға мүмкіндік алып отыр, осы мақсатқа 350 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. «BI GROUP» холдингі  2013 жылы «Аналар үйі» әлеуметтік қайырымдылық жобасын бастады. Содан бері 26 дағдарыс орталығы ашылып, 1,2 мың ана мен балаға 30 млрд теңгеге көмек көрсетілді». Үкіметтік емес ұйымдар да жеткілікті тәжірибе жинаған. Айталық, Ринат Темірбеков басқаратын «Орталық Азияның Еуразия» қорының «Жарқыра» жобасы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. 2006 жылдан бастап 10 мыңнан астам азамат әлеуметтік кәсіпкерлік туралы хабардар болды. 2016 жылы қор 235 млн теңге қаражатқа жобаларды жүзеге асырған. Астанада әлеуметтік кәсіпкер Әмин Әскеров тоқыма шеберханасын ашқан. 15 адам штатта болса, соның 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандар. Таразда Руслан Төлегенов иппотерапиямен айналысады. Мүмкіндігі шектелуі балалар мен ересектерге тегін қызмет көрсетеді. «Қуантатыны, мұндай мысалдар аз емес. Демек, біздің қоғамда шынайы рухани құндылықтарға баса мән беріледі», - деді Г.Әбдіхалықова.

Бұл бағыттағы жұмыстардың алға басуына мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оң ықпал етіп отыр. Бағдарлама аясындағы «Туған жер»  жобасы азаматтар мен ҮЕҰ, бизнесмендерді маңызды проблемаларды шешуге, ұлттық патриотизмді дамытуға жұмылдырады. ҮЕҰ үшін де, бизнес үшін де әлеуметтік жобаларда негізгі серіктес мемлекет екені жасырын емес. Биылдың өзінде мемлекеттік органдар ҮЕҰ-мен бірге жалпы құны 13,9 млрд теңге болатын 2 146 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Оның 13,4 млрд теңгесі аймақтардың еншісінде екені жақсы көрсеткіш.

Халыққа қарайласқанның қадірі артады

Форум барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылды. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бизнес пен үкіметтік емес ұйымның бірлігі бекем екеніне тоқталды. Пленарлық сессияда сөз алған министр ҮЕҰ-дар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттарға иек артып қана қоймай, бизнеспен белсенді әрекетте болуы керек екенін айтты. «Бизнес үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың оңалуына ықпал етеді әрі қоғамда қандай проблемалардың бар екенінен хабардар болады. Әлеуметтік жауапкершілігін арттырады, халыққа қарайласқан кәсіпкердің беделі артады, мүддесін қорғай алады», - деді Н.Ермекбаев.

Министрдің бұл сөзін «Атамекен» ҰҚП басқарма басшысының орынбасары Эльдар Жұмағазиев те қуаттады. «Бизнес әр кезде де әлеуметтік міндеттемелерін орындап келді, бұл үрдіс жалғаса береді, - деді ол. - Бірақ толғандыратын мәселелердің де барын айтуға тиіспіз. Әлеуметтік көмек көрсетілгеннен кейін оның нақты нәтижесі қандай болады деген сауалға толыққанды жауап жоқ. Елге жәрдемдесіп жүрген кәсіпкерлердің аты-жөндерін білмейміз. Бизнес иелері көп ретте «Маған жариялылықтың керегі жоқ, бұл мен үшін сауап, шын ниеттіммен жасадым» дейді. Бірақ халық қайырымды жандарды білуі тиіс. Сізден жақсылық көрген адам сіз туралы айтсын. Бұл – тәрбие, үлгі. Тағы бір мәселе, әлеуметтік көмек көрсеткен кәсіпкерлерге берілетін салық жеңілдіктері бар, біздің көптеген бизнесмендер одан бейхабар. Өткен жылдың өзінде 2000 кәсіпкер 43 млрд теңгенің әлеуметтік көмегін көрсеткен. Ал біз олардың аттарын да білмейміз. Сондықтан да реестр жасап, ендігі жерде қандайма болмасын елге көмегі тиген бизнес иелерін арнайы тізімге енгізуді ұйғарып отырмыз».

Атырау – жарқын жобалар алаңы    

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова форумның Атырауда тектен-тек өтпегенін айтты. Мұнайлы өңірдегі ірі кәсіпорындар бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатыр.  Мысалы, «Теңізшевройл» ЖШС биыл екі бала бақша, мектеп-гимназия, мәдениет үйі, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері сынды әлеуметтік нысандардың құрылыстарын аяқтады. Жергілікті кәсіпкерлер де игі істерден тысқары емес. «Мұнайсервис ЛТД» ЖШС басшысы Мағауия Мерғалиев Құлсары қаласында өз қаражатына 165 орындық балабақша салып берді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта қолға алынған жарқын жобалардың қатары көп. Форумда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ҮЕҰ-бизнес-мемлекет қатысуымен жүзеге асып жатқан əлеуметтік жобалар туралы айтты. "Заңғар" жастар жобасы - оқушылар мен студенттердің алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеруіне бағытталған. Жобаны "Шеврон" компаниясының қолдауымен «International Youth Foundation» халықаралық жастар ұйымы мен "ИнфоЦентр" жергілікті қоғамдық бірлестік қолға алған.  Жобамен 5 мың адам, жүзден астам оқу орындары қамтылып отыр. Халықаралық дəрежедегі жүзден астам тренер дайындалды. Кəсіпкерлікті дамыту саласында "Жарқыра" бағдарламасы тиімділігін көрсетті, оның аясында екі жыл ішінде 12 бизнес жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. "Жарқыра" жобасын "Орталық Азияның Еуразия" қоры "Теңізшевройл" компаниясының көмегімен жүзеге асыруда. Облыс əкімі атыраулық кəсіпкерлер əлеуметтік нысандар құрылысына қаржы салуда белсенді екендерін атап өтті. Өңірде мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" бағыты бойынша  жалпы құны бір миллиард теңге болатын 11 жоба жүзеге асып жатыр. Оның бәрін де жергілікті кəсіпкерлер қаржыландырғанын атап өту лазым.

Екі күнге созылған форум аясында бизнес-құрылымдар мен ҰЕҰ-дар арасында бірлескен əлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 10 меморандумға қол қойылды. Әлеуметтік жобалар мен идеялар жəрмеңкесі, зияткерлік конференциясы, панельдік пікірталастар, шеберлік сыныптары мен семинарлар өтті. ҚР Дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігі, "Атамекен" ұлттық кəсіпкерлер палатасы, Атырау облысының əкімдігі бірлесіп ұйымдастырған шара үшжақты серіктестіктің қадамы нық, болашағы жарқын екенін көрсетті. Ынтымақтастық форумы енді жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінде өтетін болады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»