• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Қараша, 2017

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

292 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеше мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МӘЖ) мәселелері және су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары қаралды. Сондай-ақ «жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру жайы талқыланды.

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі артып келеді

Биыл тамыз айында Парламентке мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетіктерін одан әрі жетілдіру мен жеңілдету бойынша заң жобасы ұсынылған болатын. Мәжіліс аталған заң жобасын мақұлдады және қазіргі таңда ол Парламент Сенатының қарауына жіберілген.

Заң жобасы бірқатар әзірлеу кезеңдерін алып тастау арқылы рәсімдерді оңтайландырып, жобаларды бекітуге бағытталған. Бұл МЖӘ жобаларының бекіту және сараптамалар мерзімдерін қазіргі 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, заң жобасында тұтыну кепілдігін үш және одан көбірек жылға беру қарастырылған. Ол инвесторлардың көп жылдық капитал жұмсалымын жоспарлауға жол ашады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жалпы сомасы 139,5 млрд теңге болатын 116 МЖӘ келісімшарты жасалғанын атап өтті. «70 млрд теңге сомаға 53 нысан пайдалануға берілді, 69,5 млрд теңге сомаға тағы 63 нысан салынып жатыр. Олардың ішінде 45 білім беру нысаны, 27 денсаулық сақтау, 17 мәдениет және спорт нысаны, 7 сервистік-дайындау орталығы, «ақылды қала», энергетика және жолаушылар тасымалдары саласындағы 3 республикалық жоба бар», деді министр. Келісімшарттар саны бойынша көш бастап тұрған Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Оған қоса, инвестициялар көлемі бойынша (жобалардың құны бойынша) көшбасшылар Ақтөбе облысы және Астана қаласы болып отыр.

Отырыста атқарылған жұмыстардың аралық қорытындысы туралы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Ұлттық банкі төрағасы Д.Ақышев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов, Премьер-Министр орынбасары Е.Досаев баяндады. Қорытындысында Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне жобаларды іріктеу тетіктерін пысықтап, барлық ұйымдастыру шараларын реттеп отыруды тапсырды. Жыл соңына қарай барлық бағыттар, облыстар мен министрліктер бойынша көрсетілген индикаторларға қол жеткізу қажет.

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру – жұмыспен қамтудың тетігі

«Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жайында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дуйсенова баяндама жасады.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын іске асыру 2017 жылдан басталды. Барлығы 817 колледж жұмыс істейді, олардың 473 колледжі мемлекеттік, 344-і – жекеменшік. Сондай-ақ Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 2900 орындық төрт колледждің құрылысы, 520 орындық үш жатақхананы салу және жөндеу қарастырылған.

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындарына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 100 815 адам қабылданған. Өткен оқу жылымен салыстырғанда Тегін кәсіптік-техникалық білім берумен кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі  24,8 мың орынға ұлғайған.

Министрдің мәлімдеуінше, бағдарлама шеңберінде оқыту қысқа мерзімді курстар бойынша жүзеге асырылады. 2017 жылға 71 мың адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді оқытуға 61 мың адам жіберілген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дуйсенованың мәліметіне сәйкес Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау және қысқамерзімді кәсіптік білім беру қарастырылған. Бағдарламаға қатысушылар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен, жолақымен қамтамасыз етіледі.

Өңірлерде 402 колледжде қысқамерзімді оқытумен 60 мыңнан астам адам қамтылған. Бүгінгі таңда оқытуға 21 мыңнан астам адам ие болды. Бұдан өзге, тамыздан бастап жұмыс берушілердің оқу орталықтары базасында үш мыңнан астам адам оқып жатыр. Мобильді оқу орталықтары бірқатар облыстарда сатып алынған. Онда бес пилоттық өңірде бір жарым мың адам қамтылған. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 15 мыңнан астам адам оқытумен қамтылған. Ағымдағы жылы 26 мың жоспар кезінде қысқамерзімді курстарда 61 мың адам оқыды. «Жалпы 2021 жылға дейін бағдарлама бойынша 500 мың адамды оқыту көзделген», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаевтің, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің, Қостанай облысы әкімі А.Мұхамбетовтың есептері тыңдалды. Қорытындысында Бақытжан Сағынтаев «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру кезіндегі басты мәселе – жұмыспен қамту екенін айтты. Екіншісі ­– бөлінетін кредиттер сомасын арттыру. Жобаны іске асыруды бақылау Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.

Қауіптің алдын алу шаралары қаралды

Жиында тасқын қаупінің алдын алу жөніндегі қолға алынған шаралар туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов есеп берді.

Ішкі істер министрлігі «Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасының орындалуына мониторинг жүргізеді. Жол картасында барлығы 862 іс-шара, оның ішінде аумақтар мен елді мекендерді тасқын сулардың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша, сондай-ақ ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту мен жаңғырту мәселелері көзделген.

Ішкі істер министрлігіне Жол картасының «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суы басуынан қорғау» объектісінде қосымша бермаларды енгізу іс-шарасын орындау жүктелген.

«Қазіргі уақытта жоспарды қаржыландыру шеңберінде 2017 жылғы 10 қыркүйектен ұзындығы 2,5 шақырым бөгеннің екі учаскесінде бермаларды құру бойынша жұмыстар басталды, орындалған жұмыстардың көлемі 80 пайыздан асты»,  деді Қ.Қасымов.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ.Айтуғановтың айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында АШМ жанынан су тасқынына қарсы комиссия құрылды, барлық республикалық су қоймаларында кезекшілік кестесі бекітілді, бассейн инспекцияларына биыл қараша айының соңына дейін республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандарды ықтимал су тасқыны қаупіне қатысты тексеруді аяқтау тапсырылды.

Бұл мәселе бойынша жиында Ақмола облысының әкімі М.Мырзалиннің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Қ.Ақсақаловтың, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің, Қарағанды облысы әкімі Е.Қошановтың, Алматы облысы А.Баталовтың, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаевтың есептері тыңдалды.

Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге барлық мәселелерді өңірлердің басшыларымен селекторлық кеңесте кеңінен талқылауды тапсырды. Қаржы министрлігіне Жол картасы бойынша ақшалай қаражатты уақытылы бөлу мәселелері жүктелді. Су тасқынына қарсы қауіптің алдын алу бойынша Жол картасының орындалуын бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»