Президент Жарлығымен қазақ алфавитінің кириллицадан латын графикасына ауысуы үлкен жаңалық болды.
Еліміздің болашағы үшін өте маңызды және ауқымы кең іс тақыр жерден басталған жоқ. Өткен ғасырдың 20-40 жылдары қазақ тілінің жазбасына бірнеше рет реформа жасалды. 1924 жылы Ахмет Байтұрсыновтың араб жазбасы негізінде жасаған «Жаңа емлесі» қазақ тілінің негіздеріне сәйкес келген еді. Алайда саясат ықпалымен сол кездегі қоғам қайраткерлері, мамандар араб әліпбиі өзінің әлеуетін жоғалтты деген пікірде болды. Содан Түркия, Иран, Әзербайжан мемлекеттерінде және Қазақстанда араб жазуы бұл халықтар табиғатына сәйкес келмейді, жат деген пікірлер көтерілді. Сөйтіп 1929 жылы араб жазуы негізіндегі әліпби «Бірыңғай түрік әліпбиі» саналған латын графикасына көшірілді. Бар-жоғы оншақты жылдың ішінде қазақ әліпбиі латыншадан кириллицаға ауысты. Расында, керекті жағдай жасалмаған, кадр және озық технологиялар атымен жоқ елде әліпби графикасының бұлай ауыса беруі қазақ тіліне аз соққы емес еді.
Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде еліміздің барлық шалғайында қызметін орындап отыр. Оны дамытудың алғышарттары болып табылатын және мемлекеттік тілді Қазақстан азаматтары игеруінің институттық негіздері құрылды. Қазір Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге ешқандай кедергі жоқ, барлық жағдай жасалған. Алайда кириллицамен жазылатын қазақ тілі информатиканың заманауи жетістіктерінен сырт қалып отыр. Қазақ кириллицасы ғылыми, халықаралық кеңістікке шығуға аса мүмкіндік бермейді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында, соңырақ 2012 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан -2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесін төтесінен қойды. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында оны жүзеге асырудың уақыты жеткендігін айтты.
Біз қазақстандықтардың рухани өзегі болып табылатын қазақ тіліне қатысты бұл проблеманың жүзеге асып, барлық салада пайдаланылуы қажеттігін түсінеміз. Барлық замандастарым секілді мен де қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруде ешқандай саяси астар жоқ екенін білемін. Қазақ тілі графикасының реформасын сол тілдің өзін жаңғырту ұстанымы тұрғысынан қарау керек. Реформа тек графикаға ғана қатысты. Одан қазақ тілі басқа тілге ауысып кетпейді, әңгіме оны тек жаңғыртуда болып отыр. Мемлекеттік тіл әліпбиінің латын графикасына қайтып оралуынан Қазақстандағы орыс қауымының мүддесіне ешқандай нұқсан келмейді. Компьютер клавиатурасында латын қарпі де, орыс қарпі де тұр. Егер орысша құжат толтырса – кириллица әліпбиін, қазақ тілінде толтырса – латын әліпбиін пайдаланады. Болашақта латын әліпбиі қазақ тіліне жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруде қолайлылық танытатын болады.
Мемлекеттік тілдің латын әліпбиі графикасына көшуі Қазақстандағы рухани жаңғыру бағдарламасының өзегіне айналады, еліміздегі үш тұғырлы тілдің қалыптасуын жеңілдетеді. Қазақстанға инвестиция тартуға, халықаралық бизнесті және туризмді дамытуға да ықпалы артатынына көзіміз жетеді.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі 2025 жылы аяқталады. Демек, асығыстық жөнінде ешқандай сөз болмайды. Әрине, алдағы жеті жылда қызу жұмыс жүретіні аян. Сондықтан барлығымыз жаңа графиканы меңгеруге әзірден кірісуіміз керек.
Валерий ВИШНИЧЕНКО, облыстық мемлекеттік архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы
ҚОСТАНАЙ