Елбасы алға қойған Рухани жаңғыру аясында тарихи тұлғаларымызды танып-біліп, есімдерін жаңғыртудың маңызы айрықша екені белгілі.
Осы орайда, Шыңғыс хан заманының ықпалды тұлғасы, атақты жырау, кемеңгер би, ержүрек қолбасшы Кетбұқа абыздың ел тарихында алар орны ерекше. Жезқазған жұртшылығы батыр бабаға ескерткіш орнатуды көптен қаузап жүрген болатын. Осы бастама сәтімен жүзеге асып, сәрсенбінің сәтінде Кетбұқа абызға арналып орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды.
Жезқазғанда 2014 жылы құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі Кетбұқатану және оны насихаттау жолында аса зор жұмыстар атқарғанын атап айтуға болады. Жалпы түркі заманына ортақ ірі тұлға Кетбұқа туралы тарихи зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрын Жошы қазасының хабарын Шыңғыс ханға «Ақсақ құлан» күйімен жеткізуші күйші, жыршы, одан қалды Кетбұқадан бірнеше жүз жыл кейін өмір сүрген Доспамбет жыраудың: «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!», деп жырлайтын толғауы тұрғысында ғана білетін жырауды тану аясы мүлдем кеңейді. Кетбұқаның күйшілік, жыраулық бейнесі бұрын Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны», Ақселеу Сейдімбектің «Күй-шежіре» кітаптарында терең талданған болатын. Біздің өңірімізде кемеңгер баба туралы зерттеу еңбекті ең алғаш марқұм Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабында жазып бастаған еді. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің және оның жетекшісі техника ғылымдарының кандидаты, ұлт мүддесінің жанашыры Төлеген Бүкіровтің тікелей қолға алып, ұйымдастыруымен тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың, жазушы Тұрсын Жұртбайдың, әдебиетші ғалым Кенжебай Ахметовтің және басқа да көптеген қаламгерлердің зерттеу еңбектері жарық көрді. Үш жылдың ішінде Кетбұқа жайлы 4 кітап шығарылды. Астанада, Түрікстанда, Қызылордада кең көлемді ғылыми конференциялар өткізілді. Онда ғалымдар мен тарихшылар, қаламгер журналистер, өнертанушылар Кетбұқаның қолбасшылық, аталық, жыраулық, күйшілік қасиеттерін жан-жақты қамтып зерделеді. Аңыздағы жырау бейнесін халық батыры, данагөйі ретінде танытты. Әлемдік деңгейде Кетбұқа бүкіл Иран мен Кіші Азияға үстемдік жүргізген, Иерусалимге жорыққа аттанған Хулағу ханзаданың саяси кеңесшісі және әскербасы болған. Араб тарихшыларының еңбектерінен Кетбұқа ноянның ерліктері туралы біршама тың деректер табылыпты.
Енді міне, ел болып атқарған елеулі істің арқасында қаланың көрікті бақжолының бас жағынан тарихи тұлғаның ат үстіндегі қоладан құйылған еңселі ескерткіші бой түзеді. Гранитпен қапталған тұғырымен қоса есептегенде ескерткіштің биіктігі – 10,5 метр. Ат үстіндегі жыраудың ескерткіші Октябрь Секемановтың жетекшілігімен Астанада жасалды. Мүсінші мамандар – Асқар Нартов пен Серік Рүстембеков. Ескерткіші, тұғыры және барлық жұмыстары 81 млн теңгеге жасалған бұл игі істің қаржылай салмағын «Қазақмыс» корпорациясы мен ондағы ұлт мүддесіне жанашыр азаматтардың көтеріп отырғанын ризашылықпен айтуға болады. Қала әкімдігінің қолдау танытуымен өткен ескерткіштің ашылу салтанатына Астанадан, Алматыдан ғалымдар, тарихшылар, белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері келіп қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Халық қаhарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Алтынбаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің бас директоры Бахтияр Қырықпышев сегіз ғасыр бойы дұрыс бағасын ала алмай, елеусіз қалып келе жатқан ұлы тұлғаны дәріптей білген жезқазғандықтардың ізгі қадамына сүйсініс білдірді. Сөйтіп, Кетбұқа абыз атқа қонып, қоладан құйылған еңселі ескерткішке айналып мысты шаhар төрінен орын алды.
Амандық РАХҰЛЫ, журналист
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы