Облыс орталығына қарайтын Павлодар ауылының халқы жылыжайда өсірген көкөніс, бау-бақша өнімдерімен өздерін де, өзге ауылдарды, қаланы да қамтамасыз етуде. Ауыл маңында игерілмей жатқан 60 гектар жер көкөніс өсуіруші тұрғындарға берілген. Ауыл әкімі Аждар Жүсіповтің айтуынша, 1 отбасына 1 гектар тиесілі, ол аздық етсе жалға берілетін жер көлемі ұлғайтылады.
Тұрғындар аулаларына жылыжай жасап алған. Ауылдағы 370 жылыжайда қияр өсіріледі. Гүл егуді, басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алған тұрғындар да бар.
– Көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту, өйткені сұраныс жоғары. Сондықтан шағын ғана жылыжайдың өнімдерін сатып тапқан табыс бір отбасын асырауға жетеді,– дейді жергілікті кәсіпкер Оксана Воронина.
Ауылда үлкенді-кішілі 600 жылыжай, 47 жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Олардың қатарында 24 дүкен, дәріхана, тіс емханасы бар. Бүгінде тігін цехы мен жекеменшік балабақша ашуға ниеттеніп отырғандар жеткілікті.
Рүстем Құсановтың «Құсанов» жеке шаруашылығы басқаларға үлгі боларлықтай. Шаруашылық 7 жылдан бері қияр, қызанақ өсіріп, қолжетімді бағамен саудалайды. Жылыжай салып, ұңғыма қазып, суару жүйесін құру үшін 7 миллион теңгедей қаржы жұмсалған. Ауылдықтарға да жұмыс бар, «Құсанов» жылыжайында еңбек етеді. Шаруашылықтың 6 гектар жерінің, 2 гектарына – қырыққабат, 1,5 гектарына – қызанақ, 1,5 гектарға қияр егіледі. Биыл қарбыз өсіре бастады. Келер жылы голланд жүгерісін өсірмекші. Шаруашылық тамшылатып суару әдісін қолданады.
Ал жылыжай шаруашылығын дамыту үшін кәсіпкер Руслан Тұрсынханов болса шетелдік инновацияларға назар аударыпты. Енді күн энергиясы және жел генераторларының қуаты арқылы жылыжайының жұмысын жүргізбекші. Солтүстіктің қақаған суығына қарамай-ақ, қияр, қызанақ өсірудің инновациялық идеясы бар көрінеді.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда «ЭКСПО» деп аталатын базар ашылды. Жергілікті халық енді өнімдерін осы базарда сата алады. Көкөніс өсірушілердің өнімдерін өткізуге осылай жағдай жасалып отыр. Бұрынғыдай облыс орталығындағы базарларға өткізіп әуреленбейді. Кәсіпкер Оксана Воронинаның жылыжайында қиярдың «Маша» , «Герман», «Линара» деп аталатын түрлері бар. Ал жалпы, жылыжайларда қиярдың 15 түрлі сорты өсіріледі екен. Ауылдағы 600 жылыжайдан маусым сайын 278 тонна өнім жиналады.
– Қияр біздің ауылдың бренді. Экологиялық таза өнім. Біздің қияр дәмді, – дейді ауыл халқы.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР