Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
А.Мамин Әзербайжан президентіне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
И.Әлиев те Қазақстан Президентіне ыстық ықыласын білдіріп, Елбасының биылғы сәуірдегі Бакуге ресми сапары Қазақстан – Әзербайжан елдерінің арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін бергендігін атап өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың барлық саласын дамытудың болашағы талқыланды.
«Әзербайжан Қазақстанның Кавказ өңіріндегі ірі стратегиялық серіктесі», дей келіп А. Мамин қазіргі таңда Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы барлық салада жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.
Кездесу барысында Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының екі ел арасындағы 2017-2020 жылдарға арналған сауда-экономикалық Жол картасын жасағанын хабарлады.
И.Әлиев Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін тиімді пайдаланудағы Баку −Тбилиси – Карс желісінің зор маңызын атап өтті.
«Құрық порты арқылы автокөлік және автомобиль жолдарын пайдалануға беру Азия − Еуропа бағытындағы жүк ағынын едәуір көтереді. Биылғы 10 айда порт арқылы жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион 650 мың тоннаны құрады. 2020 жылға қарай контейнерлік тасымал көлемін 300 мың ЖФЭ-ге жеткізу көзделуде», деді А. Мамин.
Кездесуде екі ел арасындағы көлік-логистикалық және темір жол машинасын жасау саласындағы қатынастың табысты екендігі атап өтілді.
«Сауда ағындарын заманауи логистикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және сапалы қызмет көрсету транзиттік дәлізге қатысушы елдердің жаңа нарықты тез меңгеріп, жүк ағындарын тартуы үшін жүктің жеткізілу жылдамдығы мен бағасының арзандауына септігін тигізеді», деп атап өтті А. Мамин.
Тараптар Ақтау, Құрық және Алят порттарындағы қызметтерді жапсарлас атқарып, коммерциялық тартымдылығын көтеру арқылы жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау керектігіне назар аударды.
Кездесуде тараптар тауар айналымын әрі қарай өсіре түсу үшін қажетті шараларды қабылдап, Қазақстан астығының жылына 1 миллион тоннасын экспортқа шығару көлемін қалпына келтіруге уағдаласты.
Тараптар сонымен қатар инвестиция саласындағы, аграрлық-өнеркәсіп секторындағы, мұнай-газ саласындағы қатынасты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.