• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Қараша, 2017

Қазақстанда әр бесінші бала семіздікке шалдыққан

1859 рет
көрсетілді

Бұрын семіздік Еуропа мен Америка елдеріне ғана тән мәселедей көрінетін. Алайда қазір артық салмақ біздің елімізді де, соның ішінде балаларды да айналдыра бастады. Айталық, әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 миллион бала семіздікке шалдықса, Қазақстанда әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде.

Сарапшылардың пікірінше, фастфудтарды жиі тұтыну, уақытылы ыстық тамақ ішпеу және қимыл-қозғалыстың аздығы артық салмаққа әкеліп отыр. Семіздікке бейім балалар өсе келе қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларына жиі шалдығады. Әрі артық салмақ асқазанның созылуына, тойымсыздыққа әкеліп соғады. Сондықтан бұл қазір жаһандық мәселеге айналып отыр.

Был­тыр ғана Біріккен Ұлттар Ұйы­мы балалар арасындағы се­міздікті жою­ды және бұл проблеманы уақыт өткізбей шешуді ұсынғаны есімізде. Ал Қазақстанда бертінге дейін жеткіншектер арасындағы семіздік онша үлкен мәселе ретінде қаралған жоқ, оған себеп те аз-тын. Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық ор­талығы тек 2015-2016 оқу жылында бастауыш сынып балалары арасында ар­тық салмақ пен семіздік бел­гілеріне, олардың ұстанған өмір салтына, тамақтану мә­дениетіне алғаш рет мони­торинг жасады. Арнайы COSI хаттамасы негізінде жүр­гізілген зерттеу жұмысына қа­зақ­стандық 5500 бала мен 5 мың­ға жуық отбасы және 142 мектеп қатысқан. Солардың ішінде артық салмақ – 13,1 пайызды, семіздік 6 пайызды құраған. Осылайша, мамандар Қазақстанда 8-10 жас аралығындағы әр бесінші бала семіздікке шалдыққан деген қорытындыға келді. 

Денсаулық сақтау министр­лігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орта­лығының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда еліміздің жалпы білім беретін оқу орындарында «денсаулықты ны­ғайтуға ықпал ететін мектеп­тер» қанатқақты жобасын ен­гізу қолға алынған. Мұндай бастаманы Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесі көтеріп отыр. Осыған байланыс­ты өткен дөңгелек үстел жиынында аталған ұйымның сарапшысы, Еуропадағы ден­саулық мектептері желі­сінің кеңесшісі Гуф Бауэрс жо­баға қатысушы мектептер үшін арнайы нұсқаулықтар беріп, Қазақстанда мектеп оқу­шылары денсаулығын ны­ғайту бағдарламалары бойынша ұлттық стратегия әзірлеу ке­рек­тігін алға тартты. 

ДДҰ-ның қанатқақты жобасы әзірше еліміздің төрт өңі­рінде – Астана мен Алматы қаласында және Маңғыстау мен Қызылорда облыстарын­да енгізіліп отыр. Осы жобаға қатысушы Алматы қа­ласын­дағы №116 мектептің директоры Екатерина Ани­симованың айтуынша, жо­ба қолға алын­ғалы білім оша­ғының тәрбие үдерісіне өзге­рістер енгізіліп қана қоймай, оқушылар та­ғамының сапасы артып, ас қауіп­сіздігі мен үйлесімді мә­зірге ерекше ден қойыла бас­таған. Ата-аналар мен оқу­шылар арасында саламатты тамақ­тануға байланысты пайдалы дәрістер оқылып, тәрбие жұ­­мыстары жүргізілген. Ал­ Ас­тана қаласының №10 мек­теп-гимназиясының мұға­лімі Ербол Әреновтің атуынша, қа­нат­қақты жобаның арқа­сында оқушы­ларға арналған емдеу-шынық­тыру бөлмесі жабдықталып, жаңа үйірмелер ашылған. Сондай-ақ бас­тауыш сыныптардың оқушылары денсаулық әліппесімен қамта­масыз етілген.

Енді осы жобаны Денсау­лық сақтау министрлігі еліміздің барлық мектебіне та­ратуды көздеп отыр. Ал «Қазақстандағы денсау­лық­ты нығайтуға ықпал ете­тін мектептер» жобасы мен ДДҰ-ның тәжірибесі Ден­саулық сақтауды дамыту респуб­ликалық орталы­ғы­ның сайтында жарияланып, қызығушылық та­нытқан жандарға қолжетімді болмақ.

Жалпы, қазақ халқы ерте­ден-ақ тамақтану жағына сауатты болған. Ал қазір адамның сана-сезімі заманға сай өзгеріп, материалдық-техникалық жағ­дайымыз қарыштап дамыса­ да дұрыс тамақтану мәде­ниетін меңгере алмай келеміз. Аурудың басты себебі та­ғам­танудың дұрыс жолға қойыл­мауынан екендігін жете түсіне алмаудамыз. Тамақ режімін, тәртібін сақтауға көңіл бөле бер­мейтініміз сондықтан.

«Кедейдің бір тойғаны – шала ба­йығаны» деп кейде шектен тыс көп жейміз немесе күні бойы ашқұрсақ жүреміз де, кешкісін тыңқиып тойып аламыз. Мұның өзі ағзаға үлкен зиян. Мамандардың айтуынша, қазір адамдардың басым көпшілігі екі рет ыстық тамақ ішуді ұмытқан. Тіпті 9 пайызы тәулігіне бір-ақ рет тамақтанады екен. Көпшілік жеміс-жидекті неғұрлым көп тұтынса, соғұрлым пайдалы екенін саналы түрде білсе де, оны сақтай бермейді. Міне, үлкендердің тамақтану мәдениетіндегі осы олқылықтар енді балаларға «жұғып» жа­тыр. Жеткіншектердің жар­тылай дайын тағамға үйір­сектігі, далада ойнаудан гөрі үйде монитордың алдын­да көбірек телміруі және үйле­сімді тамақтанбаудың соңы семіздікке әкеліп отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»