Өзі өлсе де орны үңірейе білініп, өнегесі ұмытылмай – талғам-танымына жүгіндірмей қоймайтынның арқасында есімі әрдайым аталып, әруағы санада әрқашан жаңғырып тұратын тұлғалар сирек, сирек те болса барына шүкіршілік етудің өзі біле-білген адамға бір ғанибет екен.
Сөйтсе де бағалау мен тану үдерісінің ұстаным әділетін ойлап қараған кезде – екіге жарылған әңгімелердің құла тасқын екпіні бағытты мүлде басқа жаққа алып жөнелетін бас асаулықты бірден тоқтату рухани тәжірибесі толысқан адамның өзіне оңай соқпайды.
Шырық бұзбас шымырлаған тұнық ахуал үстінде қазақ ақсақалдарының көкейге қонымды сан қатпарлы шежірелі әңгімелері ұлт болмысына сабыр сыйлағаны сонша – үстемдікке қарсы бас көтерулер баянының өзінен көкірек кернеген өшпенділік қысымының жоқтығына кейде қайран қала ойланасың. Кеңес Одағының көп ұлтты әскер құрамы әлбетте ұлы халық өкілдерінің серкелері; өктем сөйлеп өкірек қағатыны мен «сынок» деп қойып мәдениетті жұмсайтын сыпайысынан – өз қағанағын жарып шыққандарды көзбе-көз тұрып айрықша көстеңдететіп, өзгелерді көрнеу місе тұтпай кем санайтын тәкаппар пиғыл иелеріне дейін неше қилы бейнелер Қасым ақын айтқандай «елестеп өтеді алдыңнан». Міне, сол уақыттарда жетекші сала офицерінің қатарына кіре қоймайтын қарапайым орыс адамының әскери ойындар жаттығуының сапары үстінде айтқан әңгімесі қырық жылдан астам уақыт өтсе де, есіңнен шықпайтыны тегін емес-ау. «Сібір халықтары туралы айтқан сайын біреулер мысқылдап, миығынан күлетіні жаман. Дүниеде тап сондай сәби қалпында қалған жұртты қолыңа шырақ алып іздесең де қазір таппайсың».
Жастау кезімізде қартаң неміс әйелімен тілдесіп қап, дәстүр, салт жайында әңгіме қозғағанда, әлгі кейуана бір түрлі толқынысты күйі кідіріп, сазара қараған қалпы: «Сіздердің аталарыңыз бен әжелеріңіз алтын адамдар еді» – деді де сөзін кілт доғарды. «Ендігілерге қалай қарайсыз?» деп сұрамағанымызға осы күнге дейін өкінетін жағдай жоқ емес. Бәрін өткеріп алған соң опынғаннан келетін пайда жоқтығына көз жеткізген сайын өткен мен бүгінгінің арасындағы талдау мәдениетінің деңгейі қаншалықты деген сұраққа іштей жауап іздейсің. Герольд Бельгердің жазбаларының жүрек қозғайтындай шыншылдығы тап жаңағы неміс әйелінің мейірімінен кемдеу соғып жатқандай көрінеді. Әдебиетші марқұм Рафат Әбдіғұлов әскер қатарында жүргенде түркімен жігіттерінің ер мінезді ерекшеліктерін көпке дейін аузынан тастамай айтып жүрді.
Осынау қабылдау мен пайымдау барысындағы құбылысқа үңілу ерекшелігі сан алуан, сөйтсе де өзгенің жүрек лүпілін қалт қалмай қапысыз сезіну жорасы жалпы адамзатқа ортақ күрделі мәселе ме дейсің. Қазақстанда туып-өсіп, Алматы университетін бітірген Анатолий Иванов кейіннен орыстың атақты жазушысына айналды. Орыс ортасының қайшылықтарын терең барлаған қолтаңбасынан құдды басқа қан араласпағандай сезім жаһаны ұлттық еркіндікке толы. Отбасылық ұстанымдардағы әттегенайларға дейін қамтылуының сырында – ешқандай шәк келтіре алмайтын тұтас орыс кеңістігі де, өтіп жатқан орны қазақ жері емес пе еді. Мұншалықты кесек полотноға қазақ кейіпкерінің сұранбастан еленбей қалған себебін зерттеу шарт емес те шығар, сөйтсе де ойландырмай қоймайды.
Орыс қауымының әлеуметтану ғылымы өз жұртының жомарт жаратылысын айтып, жасаған жақсылығының қайтарымы аздығын тоқтаусыз қаузауға әуестеу. Солтүстік көршіміздің мұхитқа барабар әдебиеті мен өнерінен нәр алып, рухани сусындамаған халық дүниеде кемде-кем. Әлемнің ұлы саналатын жұрттары түгел ден қойып жазушыларын өз тілдеріне аударып, сахналап, кино түсіріп, орыс тақырыбын жалпы адамзаттық дәрежеге көтеруден танған емес. Бұлар оған сүйсініп таңырқаудың орнына кезектегі атқарылған шаруа ретінде қарап, елең қылып қоймайтын әдеттері. Ұлттың ұлылығы дегеннің өлшем анықтамасын күнде шолып жүрмеген соң бүгінгі ықпал өрісін ойша есептеп, долбарлай салатын сияқтымыз.
Бұ жұрттың дуалы ауыздарын былай қойғанда, қатардағы тележүргізушінің өзі үзеңгі бауын алты қарыс қып керіп, сөйлеген кезде дүниенің тұтқасы құдды қолында тұрғандай шіренетінін байқайсың. Осы нығыздықтың әсері Астана мен Алматының төрінде ұйымдастырылған кездесу жарнамаларының райынан сезесің, сезесің де ішіңнен тынғаннан басқа амалың қалмайды. Үлкенді-кішілі саяси шоулардың барысында Қазақстан дамуын кемсітіп, кекеткен кезде алдына жан салмайтын бұлар шайлығы мен сулығын айыруға келгенде шырайын жақсарта қалатынын қайтерсің. Ескінің кегін қоздырудың қиғылығынан гөрі ұлт ретінде өзімізді сыйлатудың жөні мен жолын іздестіруді күн тәртібіне енгізген дұрыс сияқты.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»