Алты Алаштың айбыны Абылай ханның алыса арбасып алып қалған ұлы даласының мұрагеріне «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген аманаты бар.
Білім – теңіз, мектеп – кеме, жүрегі ұстаз екенін, әлі де халқымыздың көп бөлігі алтын бесігіміз ауылда екенін ескерсек, ел болашағының бір тұғыры ауыл мұғалімінде тұрғанын ұғу қиын емес. Ақын да, алып та, ғалым да ұстаздан білім нәрін алып, дүниені танып шығады. Соңғы жылдары мұғалімдердің жетіспеушілігін ескеріп, ел Үкіметі білім грантын педагогикалық мамандықтарға молынан бөлуде. Алайда ақысыз оқығанымен алған білімнің ақысын өтеп, ағартушылықпен айналысқандары азырақ болып тұр. Неге?
Иә, Үкімет үкілеген үміт көңіл көншітерлік күйде ме деген заңды сұрақ туады. Бұл жайт баспасөзде де аз көтеріліп жүрген жоқ. Жас мамандардың жұмысқа орналаса алмауы жайын талдай келгенде тарайтын мәселе де көп. Яғни жастар бар – тәжірибесі жоқ, жұмыс бар – жалақысы аз, жағдай жоқ – көңілі пәс. Мұның шешімі – еңбек жолын сабырлылықпен төменнен бастап, қиындығына шыдап, тәжірибені шыңдай отырып біртіндеп көтерілу, алға қойған мақсатқа ұмтылу. Жұмыссыз жастардың тең жартысы мұғалімдік мамандықтың иелері екен. Мұның тағы бір себебі бар. Педагогикалық грант төмен ұпай жинаған талапкерлерге тиеді. Яғни мұғалімдік мамандыққа көбіне орташа білім алған оқушылар ілінеді. Әр жыл сайын жоғары оқу орнын бітіретін педагогтердің 30 пайызы дипломы бойынша жұмыс атқаратын болса, оның тең жартысы ауылға барады. Ол ауылда үш жыл шыдаса қалды, қалмаса қалаға оралып, басқа кәсіп істейді, болмаса жұмыссыздар қатарын толықтырады.
Еліміз өркендеп өссін десек, өскелең ұрпақ озық ойлы болуы керек. Бұл үшін тағы мұғалімнің рөліне тоқталамыз. Ал ауыл мектептерінде мамандарға деген зәрулік артпаса, кемімей тұр. Бұл жалғаса береді. Бұдан шығар жол – жас мамандарды ауылға тартудың жолдарын қарастыру. Сананы тұрмыс билеген заманда шалғайдағы ауылға келгенде тұрмыс-тіршілігіне жетерлік жалақы мен жылы баспана болса, ерінбей еңбектенем дейтін жастар көп. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы осы олқылықтардың орнын толтырып, қоғамдағы рухани дағдарыстың алдын алу тетіктерін жетілдіре түссе дейміз. Жас мамандардың жаңа ортаға сіңіп кетуі де әрқилы. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман дулы-думанды қаладан кетуге тәуекел жасай бермейді.
Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірдім. Ел жүрегі Астанадан ауылға барып еңбек етуге шешім қабылдағанымда іштей жүрексінгенім рас. Бұрынғы уақытпен салыстырып, қатарымнан қалып қоярмын, аз жылдан соң «заман ағымынан қалған адамға» айналармын деген күдік болды. Бірақ болашағымды оймен шолсам, ақпараттың ағыны бүгін елордадан шықса, әп-сәтте ауылдың әлеуметтік желісінде тұратынына қарап көңілім жайланды. Сонымен қатар қалада пәтерге төлейтін жалақым түгелімен өз қалтамда қалды. Яғни мол тәжірибе мен қажетті қаржы қорын жинау аңсарымды ауылға аударғаны анық.
Білім – бар әлемді теңестіретін, өркениет бәйгесінде оза шабатын өмірдің өзегі. Далада туып, қаланы дамытқан қазақтың жазылмаған дәстүрлі үрдісіне үңілсек, алтын бесік ауыл ойға оралады. Демек ел ертеңін ерекшелейтін құндылық ауылдағы білімнен бастау аларын байқаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік» деген сөзін ескерсек, ауылға келіп еңбек етуім өзім үшін де, ел үшін де пайдасы мол екенін байқадым. Оң шешім қабылдағаныма қуанамын. «Жас келсе – іске» деген, өмір жолын бастаған жас мамандарды ауылға қызмет етуге шақырамын!
Еркебұлан ДҮЙСЕНБАЙ, Еңбек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Ақмола облысы, Ақкөл ауданы