• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДЫ

1104 рет
көрсетілді

ОТПЕН ОЙНАМАС БОЛАР Өткен сәрсенбіде Корея Ха­лық-Демократиялық Республи­ка­сының қарулы күштері теңіз айды­нындағы өзінің Оңтүстік Кореямен арадағы шекарасына қарай отыз сна­рядпен оқ атты. Қашан да шек­араға жіті қарап отыратын Оңтүстік Корея жағы оған аспанға 100 оқ атып, жауап берді. Бұл қайтарар жауабымыз сенікінен көп болмаса, аз болмайды дегенді аңғартқандай еді. Тағы да бір сынап көргісі келді ме, Пхеньян өзінің арандатушылық әрекетін жалғастырып, бейсенбі күні тағы да оқ атқан. Оған Сеулдің жауабы жедел жариялана қойған жоқ. Қалай болғанда да, отпен ойнамаған жөн-ақ. АҚШ ИРАКТАН КЕТЕДІ “Елдегі жағдай туралы” Кон­греске жолдауында АҚШ прези­ден­ті Барак Обама үстіміздегі жылдың тамызының аяғына дейін өз елінің әскері Ирактан толық кетеді деп мәлімдеді. Бұл оның сайлау алдындағы уәдесіне сай жүзеге асып отырған шара екені ескертілді. Енді АҚШ әскерінің орнына бұл елге Египет пен Түркия әскері ке­летін болады. Осыған байла­ныс­ты да әртүрлі пікір айтылуда. Әсі­ресе, түрік әскерін Ирактағы күрд қауымы қаламайтыны анық. Ал бұл дегеніңіз елдегі күрделі жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберуі әбден мүмкін. ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРДІ ДАРҒА АСТЫ Жұма күні Иранда өлім жаза­сына кесілген 11 оппозиционердің екеуі – Мұхаммед Реза Әли Замани мен Араш Рахманипур дарға асыл­ды. Ал қалған тоғызының жазаны жұмсарту жөніндегі өтініштері қаралып жатқан көрінеді. Бұлардың барлығы былтырғы маусымда өткен Ирандағы прези­дент сайлауынан кейінгі бас көте­руде қамауға алынғандар екен. Сон­дай-ақ жыл аяғындағы жел­тоқ­сандағы бас көтеруге қатысқан бес адамды да өлім жазасы күтіп тұр. Әрине, басқа жұмсақтау жазалар өз алдына. АРДАГЕРЛЕР СТИПЕНДИЯ АЛАДЫ Қырғызстанда ел президенті Құрманбек Бакиевтің жарлығы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге өмірлік сти­пендия тағайындалды. Рас, оның мөлшері көп те емес – үш мың сом, долларға шаққанда, 68 дол­лар. Бұл елде сол соғыс арда­гер­лері де көп қалмапты – 3 мыңдай екен. Сонда ай сайын оларға 200 мың доллардай қаражат кететін кө­рінеді. Ең алдымен жұрт ниетке риза. МИНИСТР ҮШІН ТАЛАС Украинада президент сайлауы­ның екінші туры (7 ақпанда) қар­саңында қызық жағдай қалыптасты. Ел парламенті ішкі істер министрі Юрий Луценконы қызметінен алса, премьер-министр Юлия Тимо­шен­ко оны министрдің орынбасары етіп та­ғайындап (орынбасарды та­ғай­ындау үкімет басшысының құ­зы­рында), оған министр міндетін ат­қаруды жүктеді. Өз шешімін Ти­мо­шенко сайлауды заңды тұрғыда өткізу үшін десе, парламент кері­сін­ше, Луцен­коның сайлау бюлле­тень­дерін басатын типографияны заңсыз басып алуға әрекет жасағанын айыптайды. ИМАМ ХИДЖАБҚА ҚАРСЫ Франция үкімет орындары ел заңнамаларына сүйене отырып, қоғамдық орындарда әйелдердің хиджаб немесе пәрәнжі киюіне тыйым салатын шешім қабылдады. Оны мақұлдайтындар да, қарсылар да бар. Жұртты таңдандырған жай – сол Франциядағы бір мешіттің Ха­сен Шалгуми деген имамы хид­жаб киюге үзілді-кесілді қарсы болған. Оның пікірінше, адамның жүзін толық жауып тұратын хиджаб ис­ламның да, Құранның да талабында жоқ. Шашты ғана жабатын орамал жеткілікті. Хиджаб деген әйелдер үшін түрмемен тең, дейді имам. МӘСКЕУДЕ “ЗАҢДАҒЫ ҰРЫЛАР” КӨП Әлемді шулатқан “заңдағы ұры” деп аталған Япончик қайтыс болғаннан кейін де ондай қылмыс көсемдері Ресейде аз емес екен. Ресей ішкі істер министрлігінің қылмысты ашу департаментінің бастығы Искандар Галимовтың айтуынша, олардың саны – 149. Мұндай қылмыс көсемдерінің ең көп шоғырланған жері – Мәскеу, онда 42 “мықты” бар. Құқық қорғау орындары олардың аты-жөндерін де, қайда тұратынын да біледі. Өздеріндей бір мықты қайтыс болса, олардың бәрі жиналып, қастерлеп жерлейтін дәстүрі де бар. Бірақ оларды ешкім ұстамайды. Қылмыстарын дәлелдей алмай ма, әйтеуір оларға тиіспейді. Тек қана анықталған бір жай – соңғы кезде олардың капиталы көбейіпті, негізінен олар грузин ұлтынан көрінеді. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.