Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына жұмыс сапары аясында бірқатар кездесулер өткізіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.
Беларусь еліндегі жұмыс сапарының екінші күнін Қазақстан Президенті Минскінің символы саналатын Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.
Сонымен қатар Минскіде ҰҚШҰ саммиті аясында Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғызстанның жаңа сайланған басшысы Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізіп, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды талқылады. Елбасы С.Жээнбековті Қырғызстанның Президенті болып сайлануымен құттықтап, «Біз бауырлас халық ретінде, көрші мемлекеттер ретінде республикаларымыз арасындағы тығыз қарым-қатынасты дамыта береміз», деген Елбасы екі ел арасындағы туыстық-бауырластық қатынасты тұтастай қалпына келтіру қажет екенін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы екі елдің үкіметтері арасында жүзеге асырылатын жол картасын талқылау қажеттігіне тоқталды. «Бұл – екі халықтың мүддесі. Мен Сооронбай Шәріпұлын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын. Сол кезде екі ел үкіметтерінің жұмыс топтары жол картасы бойынша жұмыс істеп, оған қол қоятын болады. Содан соң қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы қазіргі мәселелер өз шешімін табады», деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан тарапынан да, Қырғызстан тарапынан да шекараға бақылау қою туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ тарапынан да шекарадан өтетін жүктерді қадағалау жүзеге асырылатын болады.
Қырғыз басшысы өз кезегінде «Барлық проблемалар бойынша сөйлесіп, бір шешімге келдік. Екі елдің үкіметтері жол картасын жасайды. Шешілмейтін проблема болмайды. Көп мәселе бар, оларды екі тарап бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын», деп атап көрсетті.
Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты. Жиынға Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Саммитте аталған мемлекеттер басшылары ұйым жұмысын, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар жиында Корей түбегіндегі, Ауғанстандағы және Сириядағы мәселелер туралы да айтылды. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Астана келіссөздерінің маңызын ерекше атап өтті. Минск саммитінің қорытындысы бойынша Қазақстан 2018 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ететін болды.
Сонымен қатар келесі жылы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы Қазақстанда өтетіні айтылды. Ұйымның мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасы мен оның Президенті Александр Лукашенкоға қонақжайлылығы мен отырысты жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс білдірді. Қазақстан басшысы сол сияқты жиынға алғаш қатысып отырған Қырғыз Республикасының жаңа Президенті Сооронбай Жээнбековке табыс, ал қырғыз халқына бірлік пен ынтымақ тіледі. Сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісімнің 25 жылдығымен және ұйымның 15 жылдығымен құттықтады.
Шағын құрамда өткен отырыста біз әлемдегі қазіргі жағдайды талқыладық, ұжымдық қауіпсіздікті күшейтудің шарттарын белгіледік, күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырдық. Сондай-ақ барлық дайындалған құжаттарға келісетінімізді мәлімдедік, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Қазақстанның мерейтойлық декларацияны қолдайтынын айта келіп, оны өткен уақыт аралығында бірлесе отырып жеткен жетістік деп бағалады. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары туралы ұйымның көзқарасы айқындалғанын, ал шағын құрамда өткен отырыста ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында келісім жасалғанын жеткізді. Күн тәртібінде тұрған барлық құжаттарды Қазақстан тарапы қолдайтынын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға өтетінін зор ықыласпен қабылдап, өз ризашылығын білдірді. Сонымен бірге Ұйымға басшылық етуге байланысты қызметтің тиісті басымдықтары әзірленген бірнеше бағытты атады. Олардың қатарында ҰҚШҰ-ның терроризмге қарсы әрекет етудің халықаралық жүйесін қалыптастыруға қатысуы, ұйымға мүше мемлекеттердің біріге отырып киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру секілді бағыттар бар.
Сөз соңында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның келесі сессиясы Астанада өтетінін мәлімдеді.
Жалпы, Минск саммитінің қорытындысында мемлекеттер басшылары 1 декларация, 3 мәлімдеме, 2 халықаралық шарт, 13 Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шешімін және 2 хаттамалық шешім қабылдады. Оның қатарында ҰҚШҰ-ның 15 жылдығы мен ҰҚК-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай мерейтойлық декларация, «ҰҚШҰ форматында серіктестік институтын құқықтық ресімдеу туралы» ҰҚШҰ ҰҚК шешімі, «Сириядағы және оның төңірегіндегі ахуал туралы» ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі, «Таулы Қарабақ жанжалын реттеу жөніндегі ЕҚЫҰ Минск тобы тең төрағаларының араағайындық күш-жігеріне қолдау көрсету туралы» ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі, «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс әлеуетін нығайту жөніндегі бірлескен шаралар туралы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі, ҰҚШҰ Бас хатшысының жыл сайынғы баяндамасы туралы, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім, «2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздігі стратегиясын жүзеге асыру жоспары туралы» ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі, «Заңсыз көші-қонға қарсы тұру шараларын жетілдіру туралы», «ҰҚШҰ хатшылығының саны мен құрылымы туралы», «ҰҚШҰ-ның эмблемасы мен туы туралы», «2016 жылғы ҰҚШҰ бюджетінің орындалу есебі туралы», «2018 жылға арналған ҰҚШҰ бюджеті туралы» ҰҚШҰ ҰҚК шешімдері бар.
Бір айта кетерлігі, биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына – 25 жыл, Ұйымның құрылғанына 15 жыл толды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы 15 мамырда құрылған халықаралық ұйым. Оған мүше елдер қатарында Қазақстаннан басқа Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері бар. Бұл республикалар арасында мемлекетаралық келісім – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жұмыс істейді. Келісім бес жыл сайын ұзартылып отырады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер мемлекетаралық қатынастарда күш қолданбауға, әскери одақтарға немесе қандай да болмасын басқа топтастықтарға, сонымен қатар қатысушы мемлекеттердің басқаларға бағытталған әрекеттеріне қатыспауға міндеттеме алған. Бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің аумақтық тұтастығына және тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, басқалары бірлескен кеңес арқылы жұмыс істейтін болады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің жоғары саяси органы — Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Оның құрамына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер басшылары, Сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бас хатшысы кіреді.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден (Беларусь)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды