Биыл қазақстандықтар алтыншы рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Бұл орынды да. Себебі 1991 жылы 1 желтоқсанда тарихымызда алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда халқымыз өз еркімен Қазақстан Президентін сайлады. Еліміз егемендік алып, дамудың жаңа жолын таңдады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты Отанымыздың азаттық туын биікке көтерді. Ата Заңымызды, Мемлекеттік рәміздерімізді және басқа да рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып, қоғамымыздың сан саласын дамыту, еліміздің абыройын асқақтату жолында әлемдік бастамалар өмірге келді.
Тұңғыш Президент күнінің ерекшелігі сонда, ол қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Президенттік басқару формасы мен тәуелсіздіктің 26 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару формасы тиімді болып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірінде, ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Елбасының жүргізген әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыты заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті. Осыдан 20 жыл бұрын Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. Бүгінде өрелі бағдарламаның берері мол екеніне елдің көзі жетті. 1997 жылы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек», деген еді. Айтқаны айнымай келді. Содан бері Қазақстан халқы еліміздің гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп, алға адымдап қадам басып келеді.
Елбасы қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Тәуелсіздікке жиырма жыл толмай жатып-ақ елімізді Еуропа төріне шығарып берген Тұңғыш Президентіміздің еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Қазақстан Республикасының Азиада алауын жағуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуі, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымдарына төраға болуы, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруы – бәрі де біз үшін үлкен мақтаныш, айрықша абырой. Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумында Еуразия ғалымдары клубын құру туралы бастама көтергенін білеміз. 2008 жылы осыны жүзеге асыру үшін «Еуразия ғалымдарының экономикалық клубы» қауымдастығы (АЕЭКУ) құрылды. Тұтастай алғанда, Елбасымыз ұсынған бұл идея Еуразия құрлығындағы маңызды интеграциялық жобалардың біріне айналды. Осы форум аясында Қазақстан Республикасы тарапынан ұйымдастырылуы жеңіп алынған ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп аталынатыны мәлім етілді. Форум шеңбері аясындағы шаралар елімізге жаңа инвестициялар мен технологиялар тарту мәселесіне басымдық берді.
Бүгінде жаңа тарихқа енген халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі орайындағы Елбасы табандылығын айта кеткен де орынды. Әу баста әлем «көрме қай елде өтеді?», деген шақта Қазақстанның мықты әрі басты қарсыласы – Бельгия болатын. Астана мен Льеж қаласы арасында тайталастан соң, басымдық бізге берілді. Міне, биыл біз жас болсақ та бас бола алатынымызды тағы да дәлелдедік.
Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.
Үлкен істің жоғары білім саласы көшбасында жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Елбасы қолынан «Алтын сапа» сыйлығын иеленген еліміздегі жетекші оқу орны. Бізде 17 мыңға жуық студент білім алады, оның дені үш тілді еркін меңгерген. Бұл факторлар білім алушылардың академиялық мобильділігіне септігін тигізуде.
Оқу орны өз деңгейін ұдайы арттырып келеді: биыл әлемдік рейтингте 336-орынды иелендік. Университетімізде жұмыс істейтін шетелдік оқытушылар, сондай-ақ жұмыс берушілер студенттеріміздің дайындығына жоғары баға берді. Түлектеріміздің жұмысқа орналасуы жөнінен республикада алдыңғы орындарды иелендік. Беделді QS World University Rankings халықаралық рейтинг агенттігінің (Ұлыбритания) зерттеу қорытындысы бойынша, Еуразия ұлттық университеті физика пәнінен әлемнің үздік университеттері қатарына қосылды.
2012 жылы 1 қаңтарда қызметін бастаған Біртұтас экономикалық кеңістік – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылы 29 наурызда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғалымдары мен ТМД саясаткерлеріне ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жүзеге асуы. 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей, Қазақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын жақындата түсті. Бұл қауымдастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграция тетіктерінің, ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласты. Сөйтіп Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халық көптен күткен мүмкіндіктер есігі ашылды. Отандық өндірісшілер үшін әлеуетті тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығы кең арнаға шықты. Кеңістік құрамындағы елдерде кәсіппен айналысқысы келгендерге құжаттық талаптар жеңілдетілді.
Елбасы – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға. Мұның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына Қазақстанның төрағалық жасауы. 2002 жылы құрылған осы ұйымның құрамындағы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдері арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде аса маңызды шаралар атқарылды. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған Елбасымыздың ерен еңбегі саяси сарапшылар тарапынан «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағаланды. Қазақстан көшбасшысының сарабдал саясатының елеулі бағыты – әлемнің 138 елімен дипломатиялық байланыс орнатып, 70-тен аса мемлекетте елшілік ашуға мүмкіндік туғызуы дер едік.
Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы – осы жетістіктердің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде жалпы ішкі өнімнің деңгейі жағынан Қазақстан 12 орынға көтерілді. Әлемдегі мұнай қорының үштен екісі ИЫҰ-ға мүше елдердің үлесіне тиесілі. Сонымен бірге әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы мен мұнай экспортының тең жартысы Ислам Ынтымақтастық Ұйымындағы мемлекеттердің қатысуымен іске асады. Елбасының алысты болжаған саясаты Қазақстанның әлемдегі беделін қалыптастырып, көрші мемлекеттермен тұрақты қарым-қатынас орнатуына ықпал етіп отыр.
Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағаны елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін республикада тұңғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 20-ға жетті. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңдарына айналды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аталған кафедралардың екінші тынысын ашқалы отыр. Жалпы қоғамдық сананы жаңғырту мен азаматтық-этностық бірегейліктің негіздерін қалыптастыру үлкен еңбекпен келеді. Кафедраның мақсаты – әлем мойындаған этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық моделін барлық аудиторияларда, түрлі мамандықтарда оқитын білім алушыларға түсіндіруге мүмкіндік беретін ғылыми-методологиялық қорды жасақтау. Осы бағытта Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, қоғам қайраткерлері тұрақты дәріс оқиды. Қазақстандағы барша этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі байыпталып, маңызды кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ оқу ордамызда толеранттылық бағдардағы ЮНЕСКО кафедрасы жұмыс істейді. Бұл – осы бағыттағы республикадағы тұңғыш кафедра. Мақсаты – Қазақстанның тәжірибесін, еліміздегі ірі оқиғаларды әлемге жариялап, ғылымдағы қордаланған мәселелерді ЮНЕСКО көлемінде шешуге атсалысу. Сөйтіп еліміздегі этносаралық татулық мен мәдени байланыстың дамуына өз үлесін қосады. Бұл – дүние жүзінде сирек кездесетін институт. Ал жақында ғана ашылған «Рухани жаңғыру» кафедрасының болашағы жарқын, берері мол деп білемін. Міне, мұның бәрі Тұңғыш Президент идеясын жүзеге асыруға арналған бағыттар.
Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Президентіміз осыдан 6 жыл бұрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақстандағы осы шараның жуан ортасында Еуразия университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.
Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан президенттерімен бірлесіп, ұзақ мерзімді бейбітшілік пен бірліктегі өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да – Президент Н.Ә.Назарбаев назарында.
Мемлекет басшысының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Елбасы еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туындаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының халық үшін берері өлшеусіз деп білеміз. Әлемді қаржылық дағдарыс шарпып тұрған сәтте еңбек адамына мұндай жағдай ешбір елде жасалынған емес. Бұл жөнінде биік мінбелерден ел азаматтары және шетел сарапшылары сан мәрте айтты. Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты – «Мәңгілік ел» деп ерекше айтқанда да, елдік береке-бірлікті, өңірлік достық және экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздеп айтқанын ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген сөзі бүгін де, болашақта да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз.
Елбасымыз – халқына адал еңбек етіп, Отан және әлем мақтанышына айналған біртуар тұлға. Тұңғыш Президент күні – ел халқының асыға күтетін мәртебелі мерекесі. Елбасы күні – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасу күні.
«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі бағаламаса, ер – жетім» дейді халық даналығы. Жаратқанға мың тәубе, бізде Елін өрге сүйрейтін Ер де, азаматын құрмет тұтатын Ел де бар.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі