• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Желтоқсан, 2017

Кім білсін...

567 рет
көрсетілді

Қайсар ағам да қызық осы. Маған телефон шалған сайын:

– Әй, сенің әлгі Болат деген досыңа күнде звандаймын, телефонын бір көтермейді. Айтайын деп жүрген маңызды шаруам бар еді. Соны енді... қалай жеткізсем екен, – деп шағым айтқандай болады.

– Ой, ол сондай ғой, – деймін мен күліп. – Барып тұрған байбатшаның нақ өзі.

– Онысы несі?

– Білмеймін.

– Әй, соны... біліп қою керек екен...

Бүгін тағы да телефон соқты. Өткен жолғыдай емес, даусы ашық, көңілді.

– Әй, бүгін телефонның тұт­қасын көтерді-ай! – дейді қуанып.

– Кім?..

– Болатты айтам да, басқа кім болушы еді?!

– Иә...

– Телефоннан «Алло!» деген даусын естігенде қуанғанымнан не айтарымды білмей, сасқалақтап: «Айналайын, айналайын!» дей беріппін. Содан... әлгі айтайын деп жүрген шаруамды да ұмытып... есіме түсіре алмай-ақ қойғаным.

– Ә-ә, тағы да тұтқаны көтермейтін шығар деп, әйтеуір телефон соға салғансыз ғой, шамасы.

– Әй, сөйтсем, сөйткен шығармын, тегі.

«Кім білсін, біздің тіліміз де Болат сияқты барша жұртқа қадірін арттырып жүрмесе неғылсын...» деген ой келеді маған.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»