• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2017

Алматыда Тұң­ғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

364 рет
көрсетілді

Желтоқсан айы еліміз үшін елеулі мерекелерге толы. Ең алғашқысы Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара Қазақстан хал­қы Ассамблеясы өкілдерінің қаты­суымен Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті.

Жиын­ды жүргізген Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келі­сім» ККМ директоры Жаннат Мұры­нова өз сөзін басқосуға жинал­ған зиялы қауымға Алматы қалалық ономастика жөнін­дегі комиссиясының ел Үкіметі жанындағы ономастика комис­сиясының келісімі­мен Фурманов көшесін Н.Назарбаев­тың атына ауыс­тыру туралы шешімін оқып, сүйінші сұраудан бастады. 

Ұлттық кітапхана директоры Ж.Сей­думанов бүкіл дүние жүзінің кітапханалар жүйесімен байланыстың нығайып келе жатқанын, әлемнің қай еліне, қандай Ұлттық кітапханасына барса да, рухани мұра мен мол кітап қорына жетекшілік жасап отырған басшылар тарапынан Қазақстан Президентінің жасампаз ісіне қызыға қарайтынын, Президент Н.Назарбаевтың еңбектерін немесе Елбасы туралы жазылған кітаптарды сыйға тартуын сұрайтын өтініштердің жиі жасалатынын айтты. Президенттің кітаптары Қазақстанды ме­кендейтін ұлттардың көпшілігінің тіліне аударылған, сондықтан Н.Назарбаев толық­қан­ды шығармаларының бүтін коллекциясы жи­нақталған бірден-бір автор болып есептеледі.

Алматы қаласындағы «Ирныхас» осетин мәдени ағартушылық орталығының төр­ағасы Қазбек Мамсуров тәуелсіздік жыл­дарынан бергі өзі сүйсініп, бағалаған Пре­зиденттің бірнеше еңбегінің мазмұнын тар­қатты. Ал Алматыдағы корей ұлттық орта­лығы төрағасының орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Георгий Кан өзі үшін және өзі секілді Қазақстанды Ота­ным деп танитын тағдырластары үшін Тұң­ғыш Президент күнінің мән-мазмұны ай­рықша екенін толқи отырып жеткізді. Тұң­ғыш Президент күні – жай саяси атау­лы күннен әлдеқайда жоғары тұратын жал­пы­ұлттық мереке. Президент күнін тек Қазақ­стан ғана емес, сонау 1855 жылдан бері АҚШ халқы, Исландия жұрты, сондай-ақ Ботс­вана, ағылшын монархиясының атаулы күнін Ұлыбритания, Король күнін Голлан­дия, тағы басқа әлем елдері де байырғы кезең­дерден бері тойлап, жалпыұлттық мереке­ге айналдырған. Тұңғыш Президент күнін атап өтудің қазақстандық дәстүрінің қалып­тас­қанына да биыл, міне, алтыншы жыл. Корей ұлттық орталығы жетекшілерінің бірі Г.Кан Президент туралы тебіреніске толы жүрекжарды сөзін Абайдың 39-қарасөзімен қисынды байланыстырды. «Мен Абайды оқымай бір күн де көз ілген емеспін. Барлық сұрағымның жауабын Абайдан табамын. Абай Елбасы туралы толғамын баяғыда, өзі өмір сүрген заманда-ақ 39-қарасөзінде айтып кеткен. «Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?».

Іс-шараның екінші бөлімінде Алматы қаласы ҚХА Хатшылығы мен Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ елдің өркендеуі жолында адал қызмет етіп, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің нығаюына қосқан үлесі үшін этникалық бірлестіктердің бірқатар өкілін Алғыс хатпен марапаттады. Соңынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жайлы кітап көрмесі мен фильм көрсетілді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ