– Айдос аға, батырдың рөлін ойнағысы келетіндер көп, бірақ адамның қалау-тілегі бар да, талант пен мүмкіндік деген дүние тағы бар. Театр мен кинода баһадүрлер бейнесінің галереясын жасап келе бірден-бір актер болғандықтан, сіздің өнердегі амплуаңызды осы төңіректен іздегеніміз дұрыс па?
– Бұрын өнер айналасында жүрген режиссерлер, актерлер үшін «амплуа» өте маңызды болатын. Қазір осы ұғым өз-өзінен қасаң тартып, қалтарыста қалып бара жатыр ма деймін. Неге? Адам болып жаралғаннан кейін оған бүкіл сезім тән: ол күледі, жылайды, ойланады, опынады. Ал театрға келген актер «мен салмақты адам едім, сатиралық рөлді ойнай алмаймын» деп қарап тұрмайды. Актерсің бе – ойна. «Шын палуанға оңы мен солы бір» дегендей, егер актер кәсіби болса, ол трагедияны да, комедияны да таңдап жатпастан, бірдей дәрежеде ойнап шығады.
Нашар актер ғана «мен комедиялық актер едім», болмаса «қолайыма трагедия жағатын еді» деп сан түрлі сылтау айтып, дарынсыздығына түрлі себепті дәлел қып жатады. Шүкір, Мәскеудің Щепкин атындағы театр училищесін тәмамдап жатқанда дипломдық жұмысым болған Борис Годуновтан бастап, күні бүгінге дейін тек геройларды ғана ойнап келе жатыр екенмін. Амплуаға байланып қалған жерім жоқ, театр басшылығы сенім білдірді ме, ақтап шығуға тиіспін.
– Герой болғанда да бай-манап пен батырдың рөліне құйылып түсесіз.
–Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, дауысы дайын актер тұрғанда, режиссерлер де батырды алыстан іздеп, әуре болғысы келмейді. Театр, ең алдымен, эстетикалық тәрбиесі жоғары тұратын орын. Көрермен сахнадан қобы жауырын, апайтөс нағыз батырды, қара сөзден құйын тұрғызатын от ауыз, орақ тілді нағыз биді, кебеже қарын, кердең байды көремін деп келеді. Сахнадағы актер, ол жасаған бейне көрерменнің осы түсінігімен қабыспай қалса, оның қайтадан театр есігін ашуы екіталай. Сыртқы ұқсастық өз алдына, образдың астарын ашу үшін сол кейіпкердің ішіне кіріп, жан дүниесін кейіптей алуы бәрінен де маңызды. «Рухани жаңғыру» деп ел енді ғана жаппай айта бастады. Ал театрдың байырғы замандардан бергі міндетінің өзі адамның рухын ояту, рухтандыра отырып жасампаздыққа, адам ретінде жақсы жағына өзгеріп, жаңғыруына қызмет ету.
– Актердің тағдырын түрі де, тұлғасы да емес, ең алдымен үні, дауысы шешетінін көп ретте байқап жүрміз. Ешкімге ұқсамайтын баритон дауысыңыздың арқасында радиодағы кішкентай көрермендерге «Айдос ата» атандыңыз, бұл өзі әу бастан қойылған дауыс па?
– Бір актердің дауысын ұстазы кәсіби әдіс-тәсілмен қойып береді, енді бір актер үздіксіз дайындық арқылы өз дауысын өзі тәрбиелеп алады. Осы дауыс үшін кезінде талай режиссерлермен арамызда реніш те болды. «Сен неге дауысыңды өзгертіп сөйлейсің, өз табиғи дауысыңмен сөйле» дейді маған. «Тәрбие» көрмеген, табиғи дауысым екеніне сенбейді. Бетіме айтпаса да, «қатынөсек жігіттер не демес дейсің сыртымнан» деп Махамбет ақын айтқандай, «Айдос анаған еліктейді, жоқ, мына бір актерге еліктейді» деп ту сыртымнан сыбырлап айтылған сөз құлағыма арагідік жетіп жатады. Адам – пәндә, ал пәндәнің қай сөзіне ренжисің? Біріншіден, мен еліктейтін-солықтайтын жастан баяғыда өтіп кеткенмін. Екіншіден, ешқашан ешкімге еліктеп көрмеппін. Өнер деген – жанталас. Жарып шықсаң – шықтың, шықпасаң – жұтыласың.
– Алпысқа аяқ бастыңыз, жұтылмай аман қалғаныңызға қарағанда қорғаныс қабілетіңіз мықты болды ғой?
– Негізі, баяғыда, жұтылып кетуім керек еді, жұтқылары келді де, бірақ тамақтарынан өтпедім. Көз алдыңызға елестетіңіз: өнер деген – тау болып жиналған отынның жанында бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан қара қазан. Отын өшірмей, әркім бір келіп, шоғын үрлеп, үстіне тамызық тастап, одан әрі сақырлатып қайната түседі. Кейбірі лаулаған отқа, бұрқ-бұрқ етіп қайнаған қазанның буына қарап тұрып ләззат алатын шығар. Ал қазаннан аулақ, өзіммен-өзім жүрген менде кімнің не ақысы бар? Өзімнің жұмысымды жақсы көремін, сүйіп атқарамын, сахнадағы серіктесімді білемін, рөлімді білемін. Өнер ортасындағы алауыздық, топ-топқа бөліну түбі топалаң астырмай тынбайды. Кезіндегі қазақтың басындағы түрлі нәубет, қиямет, зобалаң тап осы бөлінуден болды. Тең жартысы шыбындай қырылып қалған қазақ тарихтың қандай шырғалаңынан өтпеді?
Жарайды, бұрынырақта санамыз төмен болып сазайымызды тарттық, надандықтан намысымыз тапталған болар, ал ендігімізге не жорық? Екінің бірінің жоғары білімі бар, қолында қос-қостан дипломы жүр, ендеше бөлінуге болмайтынын білмей ме? «Алтау ала болса, ауыздағы кететінін, төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» біледі, біле тұра бөлінгенін қоймайды. Абай «Қазақ не нәрсені ғадет қылса, оны өлгенде не біреуден қорыққанынан қояды» дейді. Өлгенде қоятынымыз түсінікті ғой, өз ақылымыз бен парасатымыз жетпейді екен, ендеше қорқытып қойдырайық. Ірілік танытудың орнына іріткі салып жүретіндерді заңмен тізгіндейік. Болашақта ынтымақты ұлт болып қаламыз десек, мұны тоқтату керек. Бүгінгі тұрмысымыз, өміріміз ешкімнен кем емес. Әрине, егер бөлінбесек, бұдан да жақсы өмір сүруімізге болар еді. Өткеннен сабақ алар уақыт болып еді бұ қазаққа, неге ойланбайды, білмеймін...
– «Құнанбай» фильмі үшін төрт бірдей адам Мемлекеттік сыйлық алдыңыздар. Мәртебелі атақты кино саласынан емес, өмір бойы қызмет етіп келе жатқан театрдағы рөліңіз үшін алғанда тіпті тамаша болар ма еді деген ой келетіні рас...
– Сыйлық – бұл сенің еңбегіңнің нәтижесі. Театрдағы рөлдерім үшін осы сыйлықты бергенде де, осылай қабылдаған болар едім. Еңбектің жемісі, еңбектің қуанышы, басқа ешнәрсе емес. Сыйлық менің бойыма не сойыма емес, еңбекке беріліп тұр. Бұл фильмде Барақты ойнап, менің де бағым жанды. Кинодан алғаным үшін еш өкінбеймін. Өйткені біріншіден, тарихи фильм. Екіншіден, керек фильм. Абай секілді ұлыға өмір сыйлағанымен, көлеңкесінде көрінбей келе жатқан Құнанбай талай жылдар тыныстап жатып қайта тірілді. Осы уақытқа дейін қалыптасып қалған түсініктен тысқары тұлғасымен танылды. Бұл – рухани әлемнің жаңалығы.
– Білетін адамдар кинодан бағыңыздың жанып жүргенін байқайды. Әзірге Голливудтың фильміне түскен бірінші қазақ өзіңіз болып тұрсыз. Әлем киносының бүгінгі тәңірісі қиырда жатқан сізді қайдан тауып жүр?
– Бұл әңгімені қозғасам, ішімдегі өкпе-ренішім де қоса қозғалғандай болады. 2014 жылы Алматыға Голливудтан бір топ продюсер мен режиссерден құралған топ келіп: «Қазақстанда Марко Поло туралы фильм түсіреміз», деді. Келді де, кастинг жариялады. Сізге өтірік, маған шын, аузымен құс тістеген жұлдыздарымыздың бәрі самсап сонда жүріпті. Батырлар жырының ішінен жарып шығып келгендей білегінің бұлшық еті бұлтыңдаған иықты, жауырынды, Қобыландының найзасындай ұзын бойлы жігіттер, сымбаты келісті сұлу қыздар америкалықтардың сынына төтеп беру үшін неше күн бойы жанын салып сынақтан өтіп жатыр екен. Бұдан менің хабарым жоқ. Бірде бейтаныс қыз бала хабарласып: «Сіз кастингке неге келмейсіз?» дейді. Мән-жайды түсінгеннен кейін бардым, қатыстым. Тап киносынақ жасалатын күні біздің әкемтеатрға «Қас-қағым» спектаклін көру үшін Вильнюстен комиссия келетін болды. Екеуінің уақыты қатар келіп тұр, не істемек керек?
Оның үстінде ағылшын тіліндегі мәтінді де дұрыстап жаттамаған едім. «Таңертең бірінші болып кірейін де, қағазға қарап оқып берейінші» деп едім, шетелдіктер оған да келісті. Сөйтіп аттың жалы, түйенің қомында, «үлгерсем екен» деген ниетпен театрға келетін комиссияны ойлап тұрып, икемге келмейтін шала-шарпы тілмен асығыс-үсігіс мәтінді оқып, соңғы жағын тіпті жеделдете айтып, жоғары дауыс екпінімен аяқтап едім, үстел жағалай отырған оншақты америкалық киногерлер орындарынан тұрып, қол соқты. Ілтипат қабылдап тұруға уақыт жоқ, алды-артыма қарамастан театрға жүгіре жөнелдім. Сөйтіп ойда жоқ жерден голливудтықтардың назарына мен іліктім. Фильм Малайзияда түсірілді. Он сериялы фильмнің бірінші сериясында генерал Аруканың рөлін ойнадым. Арука – Шыңғысханның кезінен келе жатқан, ұрпағы Құбылай ханның әскерін бастаған, соғыстың тактикасын жасайтын мықты қолбасшы болған адам екен. Эпизод емес, көрнекті рөл.
Ал енді өкпемді айтайын. Бүкіл әлемнің ең әйгілі әртістерінің арманына айналған, қалай да жолын тауып, бағындыруды мақсат ететін Голливудтың фильміне түскен тұңғыш қазақ екенмін, «е-е-е, Америка киносына із тастаған алғашқы қазағым-ай» деп елеген бір жан болсашы. Тым-тырыс. Жайшылықта «атып кетіпті, асылып қапты» деп кілең жамандықты ғана жарнама жасап, жариялағанша асық болып жүгіріп жүретін журналистер жақсы жаңалықты қабылдауға келгенде тас керең, су қараңғы соқыр болып қалған ба, бір басылым мәу демеді. Жарайды, ол фильмде мен болмай-ақ қояйын, басқа бір актер түссінші, бірақ қазақ актері, Қазақстан азаматы ойнап жатыр емес пе? Бұл жаңалық емес пе сонда? Мен осыған таңғалдым. Жамандықты іздеудің қажеті жоқ, пәле-жала деген аяқтың астында, ал жақсы жаңалық күнде бола бермейді ғой, бір уақ жұрттан сүйінші сұрап, жақсылықты өнеге қылсаң қайтті? Осыған қамықтым.
– Өздерінде де азият нәсілді актерлер толып жүргенде, мұхиттың арғы жағындағы америкалықтардың жер түбіндегі қазақ актерін не үшін қажет қылғанын аса түсініңкіремей отырмын...
– Оны түсінбейтін түк те жоқ, оларды қазақ актерінен бұрын, қазақ жерінің тамылжып тұрған тамаша табиғаты қызықтырғанға ұқсайды. Шарын шатқалының даңқы шартарапқа жайылғанын сонда білдім. Кеген, Нарынқолды бетке алғаннан-ақ биік таудың сілемдеріне таңдай қағып, ауыздарын аша өзара ағылшынша әлденені айтып келе жатқан олар, сонадайдан менмұндалап ашық аспан астында мыңдаған жылдардан бері табиғаттың ең қатал мінезіне шыдамдылық танытып, шимай-шимай жартасты қамалдарының бір діңгегі де кетілмей келе жатқан Жаратқанның ғажап сыйы Шарынды көргенде, мүлде естері шығып кетті. Елім үшін, жерімнің сұлулығы үшін, Тәңірдің бізге осыншама байлықты аямай қиып бергені үшін «Марко Полоны» түсіргендердің алдында кеудемді көтеріп, бірінші рет шын марқайдым.
– «Марко Поло» сериалын көріп отырып, Құбылай ханның ұлының қол бастап, кескілескен қанды шайқасқа кіріп бара жатқанын көріп, біздегі билікте жүрген азаматтар түгілі қатардағы шенділердің балаларының әскерге бармайтынын ойладық. Отан, ел, жер деген асқақ ұғымдардың адам айтса сенгісіз өзгеріске ұшырағанын осындай мысалдар байқатады. Ойы да, бойы да аласарып бара жатқан жігіттердің қадір-қасиетін көтерудің қандай жолын көресіз?
– Ентелеп келген жаудың ентігін ес жиғызбай басқан Құбылайдың заманындағы ерлер мен бүгінгінің жігітінің басқа болуы заңдылық – араға түскен ғасырлар себебі мен салдарын ақтап алады. Ол дәуірдің байлығы – дөңгелеп жатқан жер еді. Жерге талас, жер үшін болған шайқастар ерлердің намысын жаныды, жігеріне жігер қосып, айбатты, қайратты қылды. Тарихи оқиғалардың беталысы мен буырқанысы ерлерді табиғи түрде соған қарай ыңғайлап жаратты. Кім күшті болса, әділет пен шындық соның қолында болды. Соғыста жеңу-жеңілу әскердің рухына байланысты еді.
Македонскийлер әр сарбаздың денсаулығына дейін көңіл бөлгені сондай, мойнына сарымсақты тұмар сияқты іліп қойған екен. Ал бүгінгінің баласының күш-қуатының, адами ар-ожданының төмендеп бара жатқаны маған алыпсатар заманның кінәсінен болып отырған сияқты көрінетіні бар. «Бизнес» деп бүркемеленетін, тиын санатқан бұл алыпсатарлық «саудада достық жоқ» дегізіп, жақынды жат, кешегі досты бүгін жау жасап жатыр. Бизнестің өсіп-өркендететін жағына бой ұрса жақсы ғой, бір адамның қолынан тиынға алып, басқаға әлденеше есе артық теңгеге сатып, өз бойындағы ең үлкен байлық – ұятын да қоса сатып байып жатқандар бүгінгі туған жас балалардың үлгі-өнеге тұтар тұлғасына айналғаны жанға батады. Әскерді әзірейіл қылып, теледидардан күнде бір табытты көтергендерді көрсетіп жатқанда, айналып қашатын ұлдарды кінәлауға бола ма?
Ол жердегі тәртіпті жүйеге келтіріп, кеңестік кездегідей кез келген ұл бала борышын өтеуді армандайтындай жағдай жасап, насихатын күшейту керек. Отбасында өсіп келе жатқан бір тал, екі тал ұлды орынсыз еркелеткенді қойып, ілімді-білімді болып өсуі үшін аямай қаржы салып, жасынан еңбекке тәрбиелеген дұрыс. Бәрін айт та, бірін айт, ерке болса да, ебедейсіз болса да кілтін тапса, бала тәрбиеге көнер-ау, алдымен ата-ананың өзіне тәрбие қажет пе деймін дәл қазір...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»