Мен оқуға келіп түскенде Рымғали Нұрғалиев екінші курста білім алатын. Ол көпті көрген көнекөздей қалада қалай жүріп-тұруды үйретіп, тіпті, қандай киім киюге дейін ақыл-кеңесін қосқаны бар. Бұл қамқорлықты қалай ұмытарсың. Ал Дүкенбай Досжанов екеуміз тұратын пәтерге жиі келетін Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин Валя апамыз әзірлеп беретін көжемізге ортақтасып отырса да, екеумізді баласынып, мардымси сөйлейтін. «Ағаларымыздың» осы мінезі жұғысты болды ма, кім білсін, төменгі курста оқитын жігіттерге біз де шекелеп қараған кездер болған. Сөйтсек, сол «балалардың» ішінде «пәлелері» көп екен. Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбековтер «жастай қағынып», жазған-сызғандарымен көзге ерте түсті. Ал Әнес Сарай болса, сөз өнерінің аламан жарысында ештеңеге асықпай, баппен, тың, күрделі тақырыптарды Арктиканың мұзжарғыш кемесіндей күтірлетіп біртіндеп игеріп, игеріп қана қоймай, өзінің сара жолын салды.
Әнес Сарай – бұл күнде кемеліне келген, адамшылық, азаматтық тұрпаты ерек, әдебиетімізде өзіндік орны бар әңгіме, повесть, романдардың авторы әмбе бұрын қазақ арасында ешкім қалам тартпаған ноғайлы мен көктүріктер тарихын қопара көтеріп жазған қаламгер. Бір қызығы, әдебиетіміз бен тарихты зерттеуге осыншама еңбек сіңірсе де Әнес Сарай маған әлі сыры ашылмаған беймәлім арал тәрізді болып көрінеді.
Қырда туып, қазақтың классикалық әдебиетін еміп өскен бізге Әнестің көркемдік әлемі өте тосын, ешкімге ұқсамайды. Теңіз сырын, оның жойқын мінезін әлемдік әдебиеттен білсек те дәл Әнес бейнелеген қазақтар тұрмысын, Еділ дәриясы мен Атырау теңізінің ата жұрттан жырылып қалған жағалауы мен ұсақ аралдарындағы тұйық өмірді, әлі өркениет сырлап, ортақ қалыпқа сала қоймаған, табиғилығын жоғалтпаған, өр мінезді, кесек-кесек тұлғаларды бұрын-соңды ешкімнің шығармасынан оқымаппыз. Бәлкім теңіз туралы бірен-саран шығармалар, кейіпкерлер әдебиетімізде қалыптанған болар, бірақ Әнес сияқты ғасырлар бойы су жағалап күн кешкен қазақтар өмірінің беймәлім сырын тұтастай ашқан қаламгер некен-саяқ. Оған Әнестің туып-өскен ортасы, айналасын су шайған, Еділ аңғарындағы сиыр бүйректеніп жатқан аралды мекендеген Қармалай аулының ерекше тағдыры себеп болғаны айқын.
«Аралды біздің ел «Атау» дейді. Биіктігі жиырма метрдей, ұзын-қысқалығы әжептәуір бес қызыл сазды төбе бар, басқасы көктемде телегей теңіз қарғын суына жұтылып кететін теп-тегіс жазықтық, – деп жазады Әнес өзінің естелігінде. – Судан қорынған ел осы бес төбенің асты-үстіне міңгесе үй салып, үймелесе отырғаны. Соның өзінде қарқындаған өр суы төбе етегіндегі үйлерді басып, ауылды жарым-жартылай шәйіп кетеді. Ол апаттың алдын алу үшін бола қалса күлдір арбамен, болмаса қол зембілмен қызыл төбенің құмын тасып, ауылды айналдыра бөгет соғады. Оны өзгеде жоқ, өз тілдерінде «қайшы» деп атайды. Айтқандайын, елдің нобайы жалпақ қазақ тілінде сөйлегенмен, күнделікті сөз алмасуларында өзгешелік жоқ емес, говор, диалект, кәсіби сөздер қаптап жүр. Біздің «атаулықтар» мұнда қоныс аударғандарына 200 жыл шамасы болған «жаңа ауылдар» санатында. Ноғайлы құрамында болып, бұл өңірді жерлегеніне 500 жыл болған «ескі ауылдар» да бар. Оларды «Сарытұмақ қазақтар» дейді.
«Тұмағы» жергілікті тілде жатақ дегендік. Олар «з» дыбысының орнына «с» дыбысын жиірек қолданып, «барамыс», «келеміс» деп сөйлейді, «дөрт» демесең – «төрт» дегеніңді ұқпайды. Бүгінгі ұстаныммен айтқанда, «алашабыр», бәлкім, келмеске кеткен көне қазақ тілінің жұқаналары сақталған ортада өскен мен өзімнің «атаулықтарымның» тілін қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына сәйкестіре алмай көп қиналдым».
Әнес шығармаларында қалың қазақтың тірлік-тұрмысына сәйкеспейтін көріністер де аз емес. Адамдарын айтпағанда, оның жылқылары да кең айдында жүзіп жүріп, басын құлағына дейін суға тығып, тереңнен құрақ шалады. Сиырлары да осы іспеттес. Ал кеме үстінде оттығатын бұзаулар, қираған үйлердің төбесінде жайылған қой-ешкісін қайтерсің. Ол жазған алғашқы «Дауылдан» бастап, биыл «Жұлдызда» жарық көрген «Еділ бойы саздары» әңгімелер топтамасында осындай айқын суреттер, санаңда таңба басқандай сақталып қалатын көріністер аз емес.
Ол әдебиетке өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында келді. Бұл – ғалым Рымғали Нұрғалиевтың анықтауында қазақ прозасының алтын ғасыры еді. Жан-жақты білімді, әлем әдебиетін оқып, игерген, көкіректеріне сөз өнері қонған, дарынды бір топ қаламгерлер қатар жүріп, қалам сілтеп, халқының өткен-кеткен өмірін көркем прозада түгендей бастады. Олардың сәл ересектері отызыншы жылғы нәубаттан кейін, жастаулары дүниежүзілік соғыс қарсаңында дүниеге келіп, сол дәуірдің бала көңілінде қалған суреттерін, ересектерден естіген әңгімелерін шығармаларына арқау етсе, енді бір тобы кейіннен ел тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеп, зерделей бастады. Бұл топ – қалың шоғыр. Олардың бәрін тізіп жатпай-ақ, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев, Дүкенбай Досжанов, т.б. жазушылардың көлемді туындыларынан басқа әңгіме, хикаяларының өзі көркемдік бітімі ерекше, өмір-дүние суреттерінің айқындығымен, айтар ойларының тереңдігі, алған тақырыптарының әр алуандығымен ерекшеленеді. Осы топтың бел ортасында әдебиетке алпысыншы жылдары келіп қосылған Әнес Сарай ерекше көзге түсті. Ол қазақ қоғамының бір пұшпағындағы бейтаныс тіршілікті шебер суреттеген әңгімелері арқылы өз орнын айқындады.
Соңғы он жылда мен өз замандастарымның алпысыншы-жетпісінші жылдары жарық көрген әңгіме-хикаяларын жиі-жиі қайталап оқитын болдым. Жылдар өтсе де алғашқы әсерім суымапты, керісінше, бұрын жастықпен аңғармаған көп қасиеттерін енді танып, сол кездің өзінде олардың көркем шеберлікті еркін игергеніне сүйсінесің. Сайынның соғыстан соңғы өмірді бейнелеген әңгіме, хикаялары, Әбіштің Маңғыстау балладалары, Дүкенбайдың этнографиялық әңгімелері, Мұхтардың повестері бітімі бүтін, өрнегі ескірмейтін, әдебиетіміздің классикалық туындыларының қатарына қосылған шығармалар. Осы қатарда Әнестің «Қараша өткен соң» повесі мен «Арғы беттегі ауыл», «Бозқырау», «Ақ тымақ түн», «Ерекше поезд» әңгімелері де бар.
Теңіз мінезі мен табиғатын Әнес қолмен ұстатқандай айқын бейнелейді. Қарашаның қытымыр суығында дәрияның арғы бетіндегі ауылға жете алмай жабыққан Сайымның алдында бөгеу боп қара арна жатыр. «Қара арнаның тас-талқан боп бүлініп, әлек-шәлегі шыққан. Айдын беті жоса-жоса ақ көбік. Толқындар арғы беттен дамылсыз дөңбекшіп келіп жатыр. Зәрі бетіне теуіп, ыңырана сызданып келіп, жағалаудың қораш жарына кеуделей соғады, кейде оны тұншықтырып, көміп кетеді. Енді оны құрдымға балағанда көл-көсір селді айырып, су астынан жабағы тондай сабалақтанып шыға келеді. Су мен жердің, өрлік пен табандылықтың бір-біріне алдырмас айқасы қайтадан басталады».
Осы бір мылқау айқас пен арғы беттегі қораш тамға күнұзақ көз сүзген Сайым жағалаудан кетер емес. Сылтауы – әжесі «ақ кемпірге» барып сәлемдесіп қайту. Бірақ мына долданған толқынды тек жаннан безгендер ғана тіліп өтеді. Ондай адам да бар екен. Ол – Темірбек. Енді Темірбектің жаңқадай қалтылдаған қайығымен ыңыранған өгіздей долы күштің шайқасы жан түршіктіреді. Бірге өтпекші болғандардың барлығы мына дүлейден қорқып кері қайтады. Тек Сайым мен Темірбек қана кеш батып, қараңғылық басса да, ызғырық жел күшейіп, су бетінен мұз шашырап жатса да тәуекелге бел буады. Әнестің суреткерлігі осы тұста Айвазовскийдің қылқаламынан да асып түседі. Ол алып толқындармен алысқан Темірбек пен Сайымның шайқасын жаны сүйсініп, құшырлана бейнелейді. Осы тұста маған Хэмингуэйдің шалынан гөрі, Темірбектің ерлігі әлдеқайда өр, қайсар, батыл әрі мәнді көрінді. Ол жас досының жанын айтқызбай-ақ ұққан. Осыншама жанкештілікпен арғы бетке өткен Сайымның ішкі сыры басқа екен. Ол үсті-басы сауыс-сауыс мұз боп, түн ортасында терезе қағып, суық қораның ішінде жаны сүйген қызбен бір көрісіп, оны қас қағым сәтке ғана бауырына басады. Өлім мен өмір кешіп келгендегі өтеуі осы.
Жазушы «Арғы беттегі ауыл» атты осы әңгімесінің өзінде балықшылар тұрмысын, олардың кесек бітімін, ішкі сезім-күйлерін шағын көрініс, диалогтар арқылы шебер ашады. Әнес кейіпкерлері боямасыз.
«Ақ тымық түндегі» көрші ауылдан қыз алып қашуға аттанған үшеудің шым-шытырық әрекеті, оларға қыздарын тегін бермеу үшін қақаған аязда түн қатып, түс қашқан ауыл жігіттерінің тіршілігі бір қарағанда мағынасыз көрінгенімен, қиянда жатқан ауылдың әдет-салты, қыз намысы, ауылын қорыған жігіттердің мінезі, бауырмалдық, достық сезімдері баурап алады. Қыз алып қашу – барымташылық, зорлық емес екен, бұл сүйіктісі үшін қиындық көру, ерлік таныту. Дала серілерінің әдепкі салты осы.
«Ерекше поезд» атты әңгімесінде Әнес өзінің теңіз тақырыбынан ауытқып, соғыстан қайтқан мүгедектер туралы жазыпты. «Бұл – соғыстың қитығына ұшыраған, өз бетімен жүре алмайтын ғаріптерді алып келе жатқан арнайы поезд еді. Бірен-сараны болмаса, көбінің аяқ-қолы жоқ, бұтақтары қырқылған томар сияқты құр кеуде болатын».
Осындай мүгедектің бірі Тілеуді тосып алған әйелі Әдемінің қылығы жан сүйсінтсе, кезінде елге аға болған, соғыста да, осы сапарда да сабырлы мінезі, парасатты сөзімен қадірі артқан, екі аяқ, екі қолы жоқ Манардың тағдырына алаңдай бастайсың. Бұл қысқа ғұмырда жаудың оғы да, жарты денесін кескілеген жарақат та сүйікті жардың опасыздығындай қинамайтын көрінеді. Жазушы оны тәптіштеп айтпайды, кейіпкерлерінің сөзі, іс-әрекетімен бейнелеп береді. Өзің көріп, өзің түсін. Осы іс-қимылдан Манардың өр мінезі, биік тұлғасы, Мағираның арпалысқан сезім-күйі, қара басы үшін ең қымбатын сатқан жанталасы шебер көрінеді. Манардың бәрінен түңілген суық жанары көз алдыңнан кетпейді. Әнестің бұл әңгімесі соғыс тақырыбын өзінше ашқан, тақсыретін қанын сорғалата бейнелеген сәтті туындының бірі.
Жазушы өзінің жаны сүйсініп бейнелейтін кеңістігіне биыл қайта оралыпты. Оның «Жұлдыз» журналының бірнеше санында жарияланған «Еділ бойы саздары» топтамасындағы әңгіме-хикаялары дәрияның сағасын мекендеген ежелгі жұрттың тұрмыс-тіршілігін тағы да көз алдымызға әкелді. Сексеннің сеңгіріне шыққан тарлан жазушы баяғы отыз жасындағы қалпынан айнымай, қалам қуатын танытады. Осы әңгімелердегі қым-қуыт өмір, сан қилы тағдырлар, ұлы дәрияның бірде буырқанып, бірде тыным тапқан кейпі жазушы қаламынан сурет болып өріледі. «Орманшы», «Кәршік сай» хикаясы», «Сәбила», «Шабақшы», «Ала қарға» атты әңгімелерде табиғат пен адам қамшының қос өріміндей кірігіп, бірін-бірі ашып, бірін-бірі толықтырып жатады.
Жазушының соңғы әңгімелерінде өзіне тән суреткерлікпен қоса, сағыныш сезімі, өткен күндердің мұңы да бар. Өмір бойы бір адамды сүйіп, соны зарыға күткен Сәбила мен оны қартайғанша түсінбей өткен Ғалымжан тағдыры қандай аянышты.
Жиегін ну орман көмкерген айдында жалғыз өзі су перісіндей ойнақ салған ерке сұлу Сәнәу мен оған тосын кездескен балықшы жігіт Алғараның мұңды махаббаты жүрек толқытады. Сәнәу қыз көкірегі қарс айырылып, сүйіктісін қимай тұрса да соғыстан кемтар боп оралған әкесін жалғыз тастап кете алмай, өз бақытынан бас тартып, екеуі екі жақта өмір бойы жалғыздықтың тақсыретін шегеді.
«Орманшыдағы» Мәрия мен Салық, «Бәсін тартымы» әңгімесіндегі Жанғали, Тишко, Оразбайлар – тағдыры әрқилы адамдар, бірақ оларды өмір сүріп жатқан қатал ортасы жақындастырады. Жазушы кейіпкерлерін сылап, сипап, әрлемейді, өмірдің өзіндегідей ойқыл-шойқыл қалпында бейнелейді. Осы қалпында олар жұрттан ерек, іс-әрекеттері де табиғи. Сондықтан да орыс қызы Марияның «өлсем қазақ бейітіне жерле» деген соңғы тілегіне, Оразбай мен Тишконың балығы көп, «Бәсін тартымына» бола ежелгі батырларша жекпе-жек шайқасып, ел мен ер намысын қорғаған, өр әрекеттеріне сенесің. Неге екенін білмеймін, Әнес шығармаларын оқыған сайын, оның кесек тұрпатты кейіпкерлері атақты мүсінші Иткиндті есіме түсіреді. Иткинд өмір бойы Алматыда тұрып, шығармаларын құлаған ағаштың түп тамырынан, қураған томарлардан мүсіндепті. Бір ғажабы, өскен топырағына тарта ма екен, оның томардан ойған бейнелері көбіне қазақтарға ұқсай береді. Мысалға әлемге әйгілі «Қазақ шалы» мен еврей шалының «Автопортретін» салыстырып көріңіз. Әнес кейіпкерлері де ұлтына, руына қарамастан морт мінезі, іс-әрекеті, өмір салты өздері өскен өлкеге ұқсап тұрады.
Ә.Сарай – өнімді жазушылардың бірі. Ол қатарлас замандастары тәрізді шығармаларының басын қосып, жинақтап бастырған емес. Сондықтан болар, зерттеушілердің бірі оның – 17-18 томы бар десе, екіншілері 25 томнан асады деп болжайды. Мейлі, мәселе шығарманың санында емес, сапасында екенін қазір екінің бірі біледі. Бұл жағынан да Әнес озық шығып, «Еділ-Жайық» трилогиясына еліміздің басты сыйлығын алғаны мәлім. Жазушының шығармашылық жолына үңілгенде оның үш биік асудан өткенін көреміз. Осы кезеңдердің артқан жүгіне сай оның туындылары да күрделіленіп, қамтыған уақыты, кейіпкерлері әрекет ететін кеңістігі кеңейіп, шығармаларының жанры да ірілене түседі. Бірінші асуы – жастық шағы, өскен ортасы, Еділ сағасын мекендеген ауыл-аймағының көркем бейнесін қалыптаған әңгімелері. Бұл тақырыпты ол өмір бойы жазып келеді. Екіншісі – сол алпыс алты сағалы Еділ мен Жайық өңірінде кешегі өткен қиян-кескі оқиғалар. Бұл тарих әңгімеге сыймайды. Сондықтан жазушы «Еділ-Жайық», «Атырау», «Исатай-Махамбет» сынды сүйекті туындыларға бой ұрады. Әнестің суреткерлік тынысы, зерттеушілік қабілеті осы шығармаларында еркін ашылып, оқушыларының ықыласына бөленді. Ал үшінші асуы... Ол бұл жолы бұла күші бойына сыймаған өз кейіпкерлері тәрізді тосын әрекет танытып, «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Көк түріктер» тәрізді қалың тарихтың қатпар-қатпар қойнауларын ақтарған, көркем бейнелеуден гөрі ғылыми ізденісі, салқын дәлел, сабырлы пайымы басым туындыларын бірінен кейін бірін жарыққа шығарды. Бұл кітаптар айналасы он шақты жылда жария болғанымен бүкіл ғұмырын арнағанына күмән жоқ.
Алпысыншы жылдары әдебиетте өз үні, өз мұрат-мақсатымен көрінген талантты топтың көпшілігі келе-келе тарихи тақырыпқа бой ұрды. Оның себебі де айқын еді. Ат-әбзелі түгенделмеген кәрі тарихымыздың ашық-шашық жатқан ойдым-ойдым ақтаңдақтары көп болатын. Жүрегінде елім, халқым деген отты сезімі, қолдарында қуатты қаламы бар бұл топ осы олқылықты толтыруға Ілияс Есенберлиннің ізін ала кірісіп кетті. Олар – Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Тұрсын Жұртбай, т.б. сияқты талант иелері. Бітірген істері де ұшан-теңіз. Осылардың ортасына өзінің іргелі еңбектерімен Әнес те қосылды. Бұрын қазақ баласы көп айта қоймаған, бірақ тарихи санада жатталып қалған ноғайлы, көк түріктер тарихын зерделеп, жүйелеген Әнес еңбегі желдіртіп айтатын дүние емес. Осы тақырыпты білетін, арнайы білімі бар ғұламалардың бас қосып саралауына лайық дүние.
Бүгін ескі досымыз сексеннің сеңгіріне жетіп, ақсақалдық тағына жәйғасыпты. Бір кездегі қою қара шашы көкбурыл тартқан, қою мұрты сирегенімен әрбір талы найзадай шәншіліп, тікірейіп атойлайды. Қазақ даласының әр қиырында кездесе беретін, жауын-шашынға, дауыл мен дүлей құбылысқа мойымайтын қара тастан қашалғандай қайратты жүзін әжім торлағанымен, баяғы студенттік шақтағы сүйкімін жоғалтпаған. Оған қарап отырып: «Осы Әнес жазушы болмаса кім болар еді?», деп қиялдаймын. «Кереметтей сушыл боп өстім. Он жас шамасында төрт-бес шақырымға еркін малтып, көк теңіздің қара тереңдеріне ұзап кететін едім», деген сөзі есіме түсіп, «Еділ мен Атырауда жүрген бір кеменің құлағын ұстар», еді деп шамалаймын. Бірақ ол ойымнан тез айнып: «Жоқ, Әнес Атыраудың аясына сыя қоймас. Кем дегенде алыс қиырларды шарлайтын, көк мұхиттағы алып кеменің тұтқасында тұратын шығар», деп пайымдаймын. Әдебиеттің қасиетті айдынында еркін жүзген қуатты талант иесі қайда жүрсе де өзіне лайық орнын табатыны анық.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Абай атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері