• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Желтоқсан, 2017

Есепсіз донорлықтың ертеңі алаңдатады

1719 рет
көрсетілді

«Өмірдің бір қызығы бала деген». Бүгінде сол қызыққа жете алмай жүрген жұбайлар қаншама?! Десек те, жаңа ғасырдағы жаңа технологиялар баласыз үйдің қайғысын сейілтуде. Өкініштісі, бұл мүмкіндікке екінің бірі қол жеткізе бермейді. Қыруар қаржыны қажет ететін жасанды жолмен ұрықтандыруда да түйіні шешілмеген мәселе көп. Осы төңіректегі түйткілдің мәнін білу үшін Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожинамен әңгімелескен болатынбыз.  

Ләззат Айтқожинаның есімі сәби сүюге зар болған жұптарға жақсы таныс. Елімізде жылына 150 мыңнан аса жаңа отау ресми түрде тіркелсе, 20 мың жас жұбай әке-шеше атана ал­май жүрген көрінеді. Ал олардың 10 мың­ға жуығы экстракорпоралды ұрық­тандыруға (ЭКҰ) мұқтаж.

Репродуктивтік орталықтар аталық немесе аналық ұрығы жоқтарға донор қолдануға мәжбүр. Өйткені әлсіз ұрықтың белсенділігін арттыруға бүгінгі медицинаның күші жетпейді. Ал жатырынан айырылған әйелдер болса суррогат (құрсақ) ана жалдайды.

Ләззат Айтқожинаны толған­ды­рып жүрген екі үлкен мәселенің бірі – осы ұрық донорлығы. «Біздің орта­лықта қолданылып жатқан донордың барлығы 10 шақты еркектен ғана алынған. Сол санаулы донорлық ұрықты қызметімізге жүгінгеннің бәріне пайдаланып отырмыз.

Біздегі жасанды ұрық­тан­дырумен айналысатын медицина ұйымдарының барлығында осындай. Мұнымен қоймай, ортақ база жоқ. Бір еркек қала­ған клиникасына барып ұры­ғын қанша рет сатса да еркі өзінде. Заң солай. Аналық ұрық донор­лығында да тура осы жағ­дай. Бір әке, бір шешеден тарап жатқан қаншама ұл мен қыз бар. Мені қатты алаңдататын мәселе осы. 20-30 жылдан кейін осы балалар бір-бірімен отасса не болады? Бұл – ұлтты жойып, тектіліктің түбіріне балта шабу емес пе? Мұндайды ислам мемлекеттерін былай қойғанда, Еуропаның көптеген елі заңмен қолдамайды», дейді ол.

Аталған мәселенің мән-жа­йын білу үшін заңгердің пікірі­не жүгіндік. «Ұрық донорлығы туралы «Неке және отбасы» туралы заңда көрсетілген. 2005 жылы ЭКҰ бойынша ереже шыққан болатын. Соңғы жылдары бұл заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа ережелер қабылданды. Суррогат анамен немесе ұрық донорымен ерлі-зайыптылар келісімшарт жасасады. Құрсақ ананың немесе биологиялық әкенің балаға таласуға құқы жоқ деп заңда анық көрсетілген.

Донорға мұқтаж жұбайлар да донордың кім екенін білуге хақысы жоқ. Кейбір жұптар донор болатын кісіні өздері ертіп келеді. Мұндай жағдайда донор болашақта балаға таласпайтыны туралы келісім береді. Ал бір орталыққа ұрық тапсырған кісінің басқа клиникаға да барып спермасын сатуға құқы бар. Бір ерден немесе әйелден алын­ған донорлық ұрықты бір­неше кісі керегіне жарата бере­ді. Бұл жағынан да шектеу немесе тыйым жоқ. Ал донор­лық ұрықтың бағасын әр орта­лық өзі белгілесе, жатырын жал­ға беретін әйел бағаны отбасы­лар­мен ақылдасып шешеді», дейді заңгер Жасұлан Нұрмахамбетов.

Шетелдегі тәртіп қандай? Италия 2004 жылы ұрық донор­лығы мен суррогат ана болу­ға заңмен тыйым салған. Кана­дада бір ғана «ұрық қоймасы» болып, онда донор ұрығын ақы­лы тапсыруға жол бермейді. Ұлы­британияда болса бір донор тек 10 баланың ғана био­ло­гия­лық әкесі бола алады. Жаңа Зеландияда бұл шектеу төр­теуге дейін қысқартылған. Ауст­ра­лиядағы ереже әр өңірде әртүрлі болғанымен, бір донорды 5 отбасыдан артық қол­дан­бау нақты белгіленген. Алай­да олар бір донорлық ұрық­ты бір отбасының барлық бала­ларына пайдалана алады. Қытайда бір ер азаматтың донор­лық ұрығы бес әйелді ғана жүкті ете алса, Америкада 800 мың тұрғыны бар аймақта бір адамның ұрығы 25 баланың өмірге келуіне септігін тигізетін көрінеді. Аталған ел­дерді алаңдатып отырған бір әк­е­ден туған балалардың бір-бірі­не үйленуінің алдын алу екені бел­гілі. Ал жеті атаға дейін жұп­тасу­ға болмайтын қазақ үшін заң­ның дұрыс жолға қойылуы тіпті де еселене түсуі керек емес пе еді?!

Айтқожинаның айтуынша, донор болатын кісі 18 бен 35 жас аралығында болып, дені сау, ұрығы сапалы және жұқпалы аурулардан ада бол­уы шарт екен. Аналық ұрық клеткасына донор әйел сөзсіз құрсақ көтерген болуы шарт.

Ләззат Кенжебайқызы айтуынша, қазіргі кезде әйелдің құрсақ көтере алмауына екі жақ бірдей себепкер екен. Яғни елімізде бедеу әйел мен белсіз еркектің саны таразы басын теңестіріп тұр. Ана бақытына бөленгісі келетіндердің көбінің жатыры, жатыр түтікшесі немесе аналық ұрық безі жоқ. Ал аталық ұрығы әлсіз немесе мүлде жоқ (импотент) ер азаматтардың қатарына жыныстық қабілеті төмен жігіттер күн санап қосылуда.

«Қазіргі кезде біз ең алдымен күйеуін тексереміз. Бұрын баланың болмауына әйел көбірек кінәлі болса, кейінгі уақытта ерлердің денсаулығы төмендеп бара жатқаны анық байқалады. Ерлі-зайыптылар гормондық ауытқулардан, инфекция мен қабынудан ғана зардап шегіп жатқан жоқ, оларға дұрыс тамақтанбау мен өмір сүру салты да кері әсерін тигізуде. Алдымызға жатырынан, жатыр түтікшесі мен аналық ұрық безінен айырылған әйелдер өте көп келеді. Оларға операция жасатуға асықпай, бірнеше гинекологқа қаралуға кеңес берер едім», деген Л.Айтқожина емделушілердің жиі жіберетін қателіктеріне тоқталды.

«Жас жұбайлардың арасында балалы болуға асығып, бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде маңайындағы гинекологтың есігін тоздыратын әйелдер бар. Әйел отбасылық өмірдің бір-екі жылын артқа тастағаннан кейін ғана тексерілгені дұрыс. Ем болмай жатса гинекологқа емес, репродуктологқа, ерлер андрологқа, урологқа бірден баруы керек. Сонда мәселе тез шешіледі. Ал 10 жыл бойы құрсақ көтермесе де қам-қайғысыз жүрген әйелдерді уақытты босқа өткізбеуге шақырамын. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын денеден тыс ұрықтандырудың нәтижесі төмендей береді. Ең нәтижелі кезең – 35 жасқа дейін. Одан кейінгі көрсеткіштер тек қана төмендей береді», дейді Ләззат Кенжебайқызы.

Бірнеше жылдардан бері Қазақ­станның халық жиі орна­лас­қан аудан, қалаларында тегін қабылдау өткізіп келе жат­қан Ләззат Айтқожина онда­ғы жағ­дай­лардың еліміздің демо­гра­фия­сына кері ықпал етіп отыр­ға­нын айтады. «Елі­міз­дің ай­мақ­тарын аралап кеңес берген кез­де, ең алды­мен ерлі-зайыптылар­дың сауат­сыз­дығына куә болдым. 10 жыл баласы болмаса да үйінің жа­нындағы гинеколог­қа барып жүре беретін әйел­дер бар. Екін­ші мәселе – қаржы­ның жоқ­­тығы. Олардың үлкен қа­ла­­ларға келіп тексерілу­ге ма­те­риалдық мүмкіндік­тері мүлде жоқ. Ал елімізде жасан­ды ұрықтандыруға 700-800 мың теңге көлемінде қара­жат жұмсалады», дейді ол.

Сондықтан да Ләззат Айт­қо­­жина үнемі көтеретін мәсе­ле­нің екіншісі – квота. 1996 жыл­дан бері елімізде жасанды ұрық­тандыру арқылы 14 мың бала дүниеге келген. 2010 жылдан бастап қана мем­ле­кет экстра­корпоралды ұрық­тан­дыруға квота бөле бастады. Нәтижесінде жеті жылда 4783 жұпқа тегін медициналық көмек көрсетілген. Былтырдан бері жыл сайын 900 квота тұрақты бөлініп келеді.

«Елімізде 23 репродуктивті орталық бар. Тек біздің орта­лыққа жылына келетін 20-30 мың жұптың 4 мыңдайы осы ЭКҰ-ның көмегіне жүгінеді. Бұл балаға зар болған отбасыларды қанағаттандыра алмай отыр. Өйткені ЭКҰ жасатуға кез келгеннің қолы жете бер­мейді. Изральдегі сияқты ал­ғашқы экстракорпоралды ұрық­тандыру мемлекеттің қар­жы­сымен жасалса деген өтіні­шім бар. Болмағанда жыл сайын 2000 квота бөлінсе үлкен көмек болар еді», дейді Ләззат Кенжебайқызы.

Майгүл СҰЛТАН, «Егемен Қазақстан»