• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Желтоқсан, 2017

Қаражалда Абайдың еңселі ескерткіші ашылды

572 рет
көрсетілді

Таяуда Қарағанды облысының Қаражал қаласында Абай көшесі бойындағы жаңғыртылған саяжолдың таныстырылымы кезінде, ұлт ақыны ұлы Абайға орнатылған еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. 

Мүсіннің шымылдығын салтанатты жағдайда түсіру рәсімін Қаражал қаласының құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері, Ақтай елді мекеніндегі №6 мектепті үздіксіз 25 жыл басқарған батагөй қария Аманкелді Тілеубаев пен білім беру саласының ардагері, №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 40 жылдан астам уақыт еселі еңбек еткен ардақты ана Мәкіш Жаппарова жүзеге асырды. Қос қария жалпы қауымға жүрек төрінен төгілген жылы лебіздерін арнап, Мәңгілік Ел мұратын ұстанған мемлекеттің басына қонған бақыты баянды болуын тіледі.

Шағын шаһардың шырайын енгізіп тұрған ұлттың ұлы тұлғасының тұғы­ры биік мүсіні шынында да ас­қақ рух­тың айғағындай әсер қалдырады. Сол төңірекке жаңадан қойылған «Бейбітші­лік көгершіні» шағын сәулет құрылы­мы да тартымдылығымен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған қос туындының авторы – қазақстандық танымал суретші Игорь Баграмов. 

Жергілікті бюджеттен мақсатты негізде бөлінген қаражат есебінен жаңғыртылған саяжолға көрген көз қуанарлықтай әсем қоршаулар орнатылып, 24 орындық пен 20 шағын қоқыс жәшіктері орналастырылған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға тас төсеніштер төселген. Жұртшылықтың шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құруына арналған күн көзінен қорғайтын қалқандары бар демалыс орындары да тұрғындардың сүйікті мекеніне айналары сөзсіз.  Бұқара халық, мемлекеттік және қоғам­­дық ұйымдардың өкілдері мен қала қонақ­тары қатысқан жиында жұртшы­лықты мерейлі қуаныштарымен қала әкімі Тілектес Досаев құттықтады.

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты өзегі өткеннің өнегесін бағамдау, оның қасиеті мен киесін жас ұрпақтың санасына сіңіру екендігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, қазыналы қала төрінде қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың ескерткіш-мүсінінің ашылуы – барша қаражалдықтар үшін тарихи маңызы бар айтулы оқиға. Абай бейнесі – әр қазақтың жүрегінде. Ұлттың рухани ағартушысы, халқына өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан тұлға рухына лайықты құрмет көрсете білу – қастерлі парыз. Бұл мүсін – сол парызды өтеудің болмашы бір айғағы. Даналық пен даралықтың символы іспетті кемеңгер бабамызға қойылған осынау мүсін береке-бірлігі жарасқан жергілікті халықтың лайықты мақтанышы боларына күмәнсіз сенемін, – деді қала басшысы өзінің жүрекжарды лебізінде.

Қала әкімдігі мен салаға жауапты мемлекеттік органдардың демалыс аймағын жарықтандыру жайына да жанашыр­лықпен жете мән бергені анық байқалады. Саябақтарға лайықталған күн сәулесінен қуат алатын жарық беру шамдары – соның айғағы. Сол мақсатпен саяжол аумағына 27 бағана орнатылған екен.

Бұлардан тысқары, төңірегіне түн мерзімінде нұрлы сәуле шашып тұра­тын «JAN ЖҮРЕК QARAZHAL» сәулет құрылымы – жүректерге жылылық ұяла­тып, жұртты ізгілік пен туған жерді аялауға үндейтін бөлек бітімді, бірегей шешімдердің бірі.

Қалай болғанда да, қойнауы қазына-байлыққа толы өңірде Мемлекет басшы­сының тапсырмаларынан бастау алатын қоғам үшін қайтарымы мол істер ыждағаттылықпен қолға алынып, олардың нақты нәтижелері жұртшылықтың сүйіс­пен­шілігін тудыруда. Ең бастысы, билік пен бұқара арасындағы өзара түсіністік ахуалы көзге ұрып тұр. Ал өз кезегінде бұл – болашақтағы жүйелі һәм бәтуалы жұмыстардың берік іргетасына айналары күмәнсіз. 

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Қаражал қаласы