Өмір заңы
Әжемді жер қойнына тапсырып келгенімізге екі күн болған-ды. Нағашы апам бесін шамасында есік алдына шығып, кенеттен солқылдап жылап жіберді.
«Апыр-ау, қазір ғана осы жерден өткен сияқты, – деді жаулығының ұшымен көзін сүртіп. – Жарықтық, жайнамазын қолтығына қысып, анау ағаштың көлеңкесіне барып, намаз оқиын дегендей болғанын қарашы...»
Жүрегім шым ете түсті. Әжем жаздыгүні дәл осы уақытта бесін намазын сол бір өрік ағашының көлеңкесінде отырып оқушы еді...
Өзгеріс нышаны
Екінші сыныпта оқитын баламыздың бір досы жаңа пәтерге көшіпті. Күні бойы сол жақта болып, өзінше қолғабыс жасап келген ол кешкілік бізге мынандай бір қызық жаңалық айтты:
– Олардың жаңа пәтері жарқырап тұр! Міне, мынауский!!! (Бас бармақты қайқайтты.) Есік, терезе, еден, қабырға – бәрі-бәрі жап-жаңа. Бірақ папасы мен мамасы әлі сол бұрынғысынша ескі боп жүр!..
Бәрекелде-е, үй өзгерді екен деп, адамдар да аяқ астынан өзгеріп шыға келуі керек пе?!
Жаңа пәтерге көз үйреніп, көңіл орныққанша со баяғы ескі шаңырақтың қайта-қайта еске түсе беретіні де содан болар-ау!
Тіршілік түйткілі
1996 жылдың қаңтар айы еді.Троллейбустың терезесінен ап-анық көрдік... Бәкеңе бойлы, қарны шермиген бір милиционер жүгіріп келді де, аялдаманың жанында пісте сатып, бүрісіп отырған бір байқұс кемпірдің алдындағы қапшықты бар пәрменімен теуіп кеп жіберді. Сол сәтте қапшықтағы қап-қара пісте субұрқақ секілді көкке атылып барып... сау етіп жерге төгілді.
Әлгі тасбауыр қапшықты емес, тап бір өзімізді теуіп жібергендей өкпе-бауырымыз солқ ете түсті.
«Ой, ой, анадан тумаған сорлы-ай!», деді салондағы бір қарт әйел күңіреніп.
Басқа жұрт ештеңе айта алмады...
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»