• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қаңтар, 2018

Қазақстанның маңызды басымдықтары

667 рет
көрсетілді

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде өз қызметін бастап кетті. Өкілеттілік мерзімі ішінде бірқатар мәселелерді талқылау жоспарда бар. Бұл – Орталық Азия мен Ауғанстандағы жағдайға, ядролық қарудың зиянына халықаралық қоғамдастық назарын аударуға берілген ерекше мүмкіндік.

Төрағалық қызметінің ал­ғаш­қы күні Қауіпсіздік Кеңесінің қаңтар айындағы қызметінің бағ­дарламасы ұсынылды. Жиын­да жұмыс жоспарының басты тармақтары талқыланды. Іс-ша­раға қатысқан дипломаттар Қазақстан бағдарламасының сапалы дайындалғанына назар аударды. Ресейдің Тұрақты өкілі Василий Небензя тарихи фактор мен дәстүрлі қазақ­стандық-ресейлік өзара тығыз қа­тынастарды ескере отырып, қазақстандық делегацияның Кеңес төрағасы ретіндегі жұ­мысы сәтті өтетініне сенім біл­дірді. В.Небензя 18 қаңтарда Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өте­тін «Жаппай қырып-жою қа­руын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары дең­гейлі брифингке Ресей Сырт­қы істер министрі Сергей Лав­ров қатысатынын хабарлады. АҚШ-тың Тұрақты өкілі Никки Хейли мен Кеңеске мүше басқа елдердің елшілері еліміз әзірлеген бағдарламаның мазмұндылығын атап өтті.

Одан кейін қаңтардағы бағ­дар­лама ресми түрде ҚК мүшелерінің отырысында бекітілді. Еліміздің БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров төрағалық мерзімінің бас­талуына орай арнайы брифинг өткізіп, Қазақстанның бастамалары мен жұмыс жоспарын таныстырды. Кіріспе сөзін Кеңеске жаңа тағайындалған елдерді құттықтаудан бастаған Қ.Омаров Қазақстанның үш мәселеге ба­са назар аударатынын атап өтті. Еліміз ұстанған алғашқы басымдық – қырып-жою қару­ларын таратпау. Кездесуге қатысқан БҰҰ-ға мүше елдердің делегация­лары Қазақстанды ҚК төрағасы қызметіне кірісуімен құттықтап, еліміз ұсынған бағдарламаның өзектілігін сөз етті. Қ.Омаров мүше елдердің көптеген сұрақ­тарына нақты жауап берді.

Қаңтардағы ең ауқымды іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өте­тін жиын болмақ. Нью-Йоркте Ел­басының төрағалығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды тарат­пау: сенім шаралары» тақы­ры­бында жоғары деңгейдегі пікірталас ұйымдастырылады. Бри­фингте Мемлекет басшысы сөз сөйлейді. Қ.Омаровтың айтуын­ша, іс-шараға бірқатар елдің бас­шылары, министрлері және ха­лықаралық ұйым төрағалары қатысады деп жоспарланған. 

«Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың алдағы жиынға қатысуы оның жоғары деңгейін көрсетіп, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіне деген құрметін білдіреді. Тақырып­тық брифингте жаппай қы­рып-жою қаруларын таратпау жөніндегі маңызды мәселе­лерге назар аударылып, сенім шараларының орнауына көңіл бөлінеді. Бұл жайтты қозғауға неліктен шешім қабылдадық? Қазіргі таңда саяси көшбасшылар мен елдер арасында сенімді қарым-қатынас құруға мән беру керек деп есептейміз. Онсыз түйткілдерді шешу мүмкін емес», деді Қ.Омаров.

Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын сынау салдарынан ең көп зардап шеккен мемлекет ретінде атом бомбасын қолдануға түбегейлі қарсы. Елбасы Н.Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде БҰҰ-ның 100 жылдық мерей­тойы­на орай ядролық қарудан азат әлем құру туралы халық­аралық қоғамдастыққа үндеу тас­та­ғаны белгілі. Бұл мәселе ‒ елі­міз­дің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұ­мысының басты басымдық­тарының бірі. Осы орайда сенім шарасының маңызы зор. Ядролық қаруға заңды және заңсыз ие болған тараптар өздеріне қо­йыл­ған міндеттемелерді қатаң ұстан­са, қауіпсіздікті күшейтуге, өзара сенім орнатуға елеулі үлес қосады. 

2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қару­дан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декла­ра­ция қабылдағаны мәлім. Со­ның жалғасы іспетті былтыр Яд­ролық қаруға тыйым салу шарты мақұлданды. Бұл халықаралық келісімге қол жеткізуге Қазақстан тарапының сіңірген еңбегі зор. Еліміз құжаттың әзірленуіне белсенді түрде қатысып, БҰҰ декларациясын әрдайым қолдап отырды. Біздің мемлекет аталған шартқа Елбасының Нью-Йорк қаласына сапары кезінде қол қоюға ниетті. 

Төрағалық кезінде Орталық Азиядағы түйткілдерге баса назар аударылады. Сыртқы істер ми­нистрі Қ.Әбдірахмановтың төрағалығымен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Ор­талық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында Қауіпсіздік Кеңесінің жарыссөзі өтпек. Шараға Орталық Азия елдерінің және Ауғанстанның сыртқы істер министрлері қатысады. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш те жиында сөз сөйлемек. Жарыссөздің нәтижесі бойынша қорытынды құжат әзірленеді. Аталған іс-шара 19 қаңтарға жоспарланып отыр. 

Қ.Омаров Ауғанстанға көңіл бөлудің басты себебі ретінде шие­леніс аймақтарына өзгеше қыры­нан қарауды атап өтті. Оның айтуын­ша, елдегі жағдайды тұрақ­танды­ру үшін қауіпсіздік пен даму қа­тар жүруі керек. Кикілжің елдің тұ­тас­тығына іштей сызат түсі­ріп қана қоймай, көрші мемлекеттерге де әсер ететіні сөз болды. Сон­дықтан Тұрақты өкіл Ау­­ған­стан­дағы ахуалды жақсар­ту үшін ай­мақтағы елдер бірле­се күш жұ­мылдыруы қажет деп есептейді. 

Орталық Азия мен Ауғанстанда бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздікті нығайту ‒ Қазақ­станның Қауіпсіздік Кеңесіндегі басты мақсаттарының бірі. Еліміз аталған жұмысты тиімді жүргізу үшін ұйымның әлеуетін барынша пайдалануға тырысады. Мысалы, 2017 жылғы 17 наурызда Кеңес Ауғанстанға жәрдем көрсету миссиясының мандатын ұзарту туралы қарар қабылдады. Қазақстанның Тұрақты өкілдігі аталған құжатқа бірқатар өзгертулер енгізген болатын. 

Сондай-ақ Орталық Азия­дағы алдын алу дипломатиясы жө­ніндегі БҰҰ өңірлік орталығының жарты жыл сайынғы брифингі өтеді. БҰҰ ҚК мәліметіне сай, орта­лықтың арнайы өкілі Наталья Гер­ман Кеңес мүшелеріне терроризм, экстремизм, Ауғанстандағы жағ­дайдың әсері, есірткі тасыма­лы, шекаралық суды басқару және шекараға қатысты кикіл­жің­дер секілді бірқатар мәселелер жөнінде консультация жасайды. Айта кету керек, бұл ‒ Н.Гер­манның Орталықтың арнайы өкілі ретінде өткізетін алғашқы жиыны. Ол 2017 жылғы қыркүйекте өз қызметіне кіріскен болатын.

Қауіпсіздік Кеңесінің қаң­тар­дағы күн тәртібінде тұрған үшінші маңызды тақырып Таяу Шығысқа, соның ішінде Па­лес­тинаға арналады. Қ.Омаровтың сөзіне сүйенсек, Сириядағы ахуал кеңінен талқыланады. 2017 жылғы желтоқсанда Қауіпсіздік Кеңесі Сирияға гуманитарлық кө­мек беруді жалғастыру жө­нінде қарар қабылдағаны белгілі. Осыған сәйкес, Кеңес мінберінде ел­дегі саяси және әлеуметтік жағ­дай, химиялық қару туралы ай са­йынғы мәлімдеме жасалады. Тұ­рақты өкіл Сириядағы шиеленісті шешу мақсатында Астана ке­ліс­сөздері өтіп жатқанын еске салып өтті. БҰҰ тарапы аталған жиынның жұмысын жоғары бағалаған болатын. Бұдан бөлек, кейінгі кезде халықаралық қоғамдастық назарын өзіне қайта аударған Израиль-Палестина шиеленісіне қатысты тоқсандық ашық жарыссөз өтеді. 

БҰҰ ҚК жұмысының басым бөлігі Африка елдеріне және ондағы жағдайға бағытталған. Сондықтан Қазақстан төрағалық ететін мерзім ішінде құрлықтағы бірқатар мәселелер талқыланады. Мысалы, Конгодағы қалпына келу бағытын Кеңес мүшелері назарында ұстамақ. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруа бітімгерлік мис­сиясының жұмысы жөнінде баян­дама жасап, арнайы консультация өткізеді. Сонымен қатар Со­мали, Оңтүстік Судан, Мали, Ли­виядағы және Батыс Африка мен Сахельдегі ахуалға арналған түрлі деңгейдегі консультациялар ұйымдастырылады. 

Айта кету керек, Қазақстан Африкада бейбітшілік пен қауіп­сіздікке қол жеткізуді Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің басты ба­сымдықтарының бірі ретінде ұстанады. Қазіргі таңда Қазақ­стан Африка одағына байқаушы мемлекет ретінде қатысып, ҚК-нің Сомали/Эритрея бойын­ша комитетінің төрағасы ретінде құр­лықтағы татулық пен бейбіт­шілікті қалпына келтіру мақ­сатында халықаралық іс-қимылдарға үлес қосып отыр. Өткен жылы қазақстандық делегация Африка мәселелері бойынша Кеңестің қосалқы органдарының, Сомали/Эритрея комитетінің шеңберінде белсенді жұмыс атқарды. Аталған тақырып бойынша бірқатар қарарларды әзірлеу мен келісу жұмысына қатысып, барлық кездесулер мен консультацияларда сөз сөйледі.

Қазақстан тарапы Афри­ка­дағы дау-жанжалдардың оң шешімін табуы үшін белсенді әрекет етіп келеді. Еліміз «қара құрлықтағы» түрлі террористік және экстремистік ұйымдардың тамырына балта шабу үшін Африка одағының бастамаларын қолдайды. Еліміз жұмыссыздық пен сауатсыздықты жою, инфра­құрылымды дамыту жоба­лар­ына белсене атсалысып отыр. Қа­зақ­стандық әскери бақылаушылар БҰҰ-ның «Батыс Сахарадағы референдумды бақылау арқылы бейбітшілікті қолдау» жөніндегі (MINURSO) миссиясында қызмет етеді. 

Қаңтарда Колумбиядағы БҰҰ миссиясының жұмысы жө­нін­де, Кипрдегі бітімгерлік шара­лары төңірегінде баяндама тың­да­лады. Былтыр шартарапты дүр сілкіндірген Мьянмадағы, Йемен­дегі жағдай, Солтүстік Корея­ның әрекеті және Украина мәселе­ле­ріне арналған іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. 

Жиын соңында Al-Ara­biya, The Huffington Post, The Asso­ciated Press, Agence France Presse, CBS, FOX News, Nikkei, Mai­nichi, Fiji TV, Tokyo Shimbun, NHK жә­не басқа да әлемнің жетекші бұ­қа­ралық ақпарат құралдары­ның тіл­шілері өздерін толған­дырған сауалдарын қойды. Олар­дың сұрақтарында Солтүстік Кореядағы, Ирандағы, Палес­ти­надағы ахуал, Иерусалим мәртебесі, Мьян­ма­д­ағы жағдай, Сирияға, Йемен­ге гуманитарлық көмек көрсе­ту, климаттың өз­геруі, Қазақ­стан­ның «жасыл тех­но­ло­гия­лар» саласындағы бастама­лары және басқа да өзекті мәсе­ле­лер қамтылды. Тұрақты өкіл Қ.Омаров жаһандық күн тәрті­бін­дегі басты мәселелер жөнін­де, Ел­ба­сының бастамалары ая­сындағы Қазақстанның ұста­нымы бойынша нақты  жауап берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»