Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлнар Иқсанова және Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов Алматы қалалық кардиология орталығының жұмысымен танысты.
Еліміздегі ең іргелі ауруханалардың бірі саналатын аталған орталықта өткен жылдың өзінде жүрекке 600-ден астам ашық операция жасалған. Кездесу барысында депутаттар Парламент Мәжілісінің қызметі туралы әңгімелеп, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың, сондай-ақ жүйелі реформаларды жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Медицина қызметкерлері өз кезегінде денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерге, цифрландыруды енгізуге, кардиологиялық қызметтегі ақпараттық жүйелердің жай-күйіне және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты сауалдарын қойды.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Парламент Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысында болды. Сенаторларға Ақсу ферроқорытпа зауытында металлургтер жұмысының нәтижелері көрсетілді.
Сондай-ақ депутаттар Евгеньев ауылдық округінде өткен жылы пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Сенаторлар сумен жабдықтау желісімен танысып, құрылысына 160 миллион теңге жұмсалған денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралады.
Сапарларын қорытындылаған сенаторлар аймақтың әлеуметтік дамуындағы табыстар мен ауыл шаруашылығы саласын көтерудегі жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының зор үлестерін атап өтті. Депутаттар жүздесу барысында отандық өнім өндірушілерді қолдауға қатысты айтылған ұсыныстар заң шығару жұмыстары барысында ескерілетінін айтты.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Біздің сапарымыздың басты мақсаты – ел-жұртпен жүздесіп, әлеуметтің жай-күйі мен тыныс-тіршілігі жөнінде жан-жақты пікір алысу, деді Ақтөбедегі кездесулері кезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский мен Дания Еспаева.
Сондай-ақ олар ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді де көтеріп, бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру қажеттілігіне тоқталды. Ал депутат Құралай Қаракен әлеуметтік сипаттағы жайларға басымдық берсе, Сергей Симонов депутаттардың заң шығарушылық қызметіндегі кейбір жайларға тоқтала келіп, бұл істе ел мүддесі қай кезде де бірінші орында тұратынын мәлімдеді. Оның ойынша бұған көпшіліктің ой-пікірлері мен ұсыныстары басты негіз болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды қаласында азаматтарды қабылдады. Сенатормен кездесуге әртүрлі әлеуметтік мәселелер толғандырған облыс орталығының тұрғындары келді.
«Қорғау» ардагерлер кеңесінің мүшесі В. Чайка қабылдау кезінде қала мен облысты дамытудағы аға буын өкілдерінің рөлі туралы айта келіп, олардың жастар тәрбиесіне атсалысуы керектігі туралы өз ойын ортаға салды. Жалпы алғанда, депутатқа 11 азамат қабылдауға келіп, екі шағым бойынша оң шешім қабылданды. Қабылданған 5 шағым тиісті мекемелерге жіберілді. Сондай-ақ 4 азаматты толғандырған мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылды.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Олардың қатарында Уәлихан Қайназаров, Берік Оспанов, Сапар Ахметов және Фахриддин Қаратаев бар.
Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алда атқарылатын жұмыстар сөз болды. – Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар өңірде белсенді түрде жүзеге асып келеді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары да өз ойларын ортаға салып, сапарлары барысында Президенттің саясатын насихаттап, алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарды жүйелеуді жөн көріп отырғандарын айтты.
Бұдан соң халық қалаулылары бірқатар аудандарды аралап, жұртшылықпен кездесті.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы