Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік күні қарсаңында жарыққа шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында егемен еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі даму тарихы толығымен қамтылған. Кітапта жас мемлекетіміз үшін аса маңызды еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі барлық үдерістерінің тікелей қатысушысы, бастамашысы болған Тұңғыш Президентіміздің көзқарастары берілген. Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің сындарлы жылдардағы жүріп өткен даму жолын баяндай келе, мемлекеттің басшысы ретінде қысылтаяң тарихи сәтте аса үлкен жауапкершілікпен шешім қабылдағаны туралы мәлімдейді.
Тәуелсіздігімізді жариялаған жылдардан басталған мемлекет тарихындағы жаңғыру кезеңдері, әлеуметтік-саяси, экономикалық оқиғалар тұтас бір дәуірдің жетістігін көрсетеді. Тәуелсіз мемлекет құру жолында қоғам шешкен міндеттердің қатарында әлемдік қоғамдастықтағы өзінің рөлін түсіну міндеті тұрды. «Тәуелсіздіктің 26 жылы – адамзат өркениетіндегі ғаламат жаһандық өзгерістер дәуіріндегі біздің халқымыздың мықты мемлекет құру және бақуатты өмірге жету жолындағы күресінің шежіресі. Бұл жылдар таңғажайып құбылыс – тарихи уақыттың жылдамдауын көрсетті» – деп атап өтеді автор.
Кітапта тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңдері, тағдыршешті шешімдердің қалай жүзеге асқаны жайлы баяндалған. Оқырман қауым Президенттің тәуелсіздік жылдары жайлы жазған ой-толғамдарымен қатар атқарылған игі істер, көптеген қазақстандықтарға беймәлім әлеуметтік және саяси құбылыстар туралы кеңінен біле түседі. Елбасы қиын-қыстау сол жылдарда өзімен бірге ел мүддесі үшін қызмет еткен ел ағалары қиын да көп кезеңдік жұмыстарды абыроймен еңсергенін атап айтады. Бүгінде, біз Елбасы жолының тиімділігіне көз жеткіздік. Әлемдік және қазақстандық экономиканы терең талдауға негізделген Президенттің көрегендік қасиеті оған жаһандық өзгерістерді жүзеге асыру мүмкіндігіне сеніп қана қоймай, сондай-ақ қабылданған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Қазақстан халқын біріктіруге де мүмкіндік берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – Тәуелсіз Қазақстанның негізгі демократиялық құндылықтарын қалыптастырған тағдыршешті жылдар болып табылады. Осы кезеңде еліміз әлемдік қоғамдастық мойындайтын табысты жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін стратегиялар қабылданды. «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асыру мемлекетіміздің әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік туғызды. Бүгінде Қазақстан посткеңестік кеңістікте танымал көшбасшы елдердің қатарында, қауіпсіздікті, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған көптеген үдерістердің бастамашысы болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, Астана Саммиті, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразиялық экономикалық одақ, ЭКСПО-2017 – әріптестік пен сенім саясатының маңызды нәтижесіне айналды. Мұның бәрі мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгертусіз мүмкін болмас еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үш миллионнан астам қазақстандықтың талқылауымен Ата Заңымыз қабылданды, өркениетке бет бұрған дағдарыс жылдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеген экономика реформаланды, банк жүйесі құрылып, ұлттық валюта енгізілді, шетелдік инвестициялар тартылды. Ұлттық валютаның енуі тәуелсіздік нышанына және түбегейлі нарықтық реформалардың кепіліне айналды, теңгені енгізу нақты қажеттілік болды. Алайда сол 1993 жылы осы батыл басталған істің табыстылығына деген жауапкершіліктің бар ауыртпалығы бір адамның мойнына түсті, халықты өз шешімінің дұрыстығына сендіріп қана қоймай, теңгені нығайтып, айырбасталымды етуге тиіс болды. Бүгінде Мемлекет басшысы қазақстандық теңге әлемдік ақша тарихында өзіндік орнын иеленгенін мақтанышпен айта алады.
Барша қазақстандықтар мақтан ететін елордамыз Астанаға арналған бөлімді ерекше сезіммен оқисың. Қазақстан халқы үшін Астана елдің қалыптасуы мен өркендеуінің нышанына айналды, халықаралық қоғамдастық бейбітшілік пен келісім қаласы ретінде мойындады. Сол аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдарда елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімнің дұрыстығына, бұл Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасалып отырған сәтті қадам екеніне халықты сендіру аса қиын болғаны кітапта баяндалады. Еліміздің тарихында алғаш рет астананы көшіру және оны салу туралы саяси маңызы зор ұлы шешім ұлттық мүддеге негізделді. Елорданың ауысуы Қазақстанның экономикасын қалпына келтіруге үлкен ықпал етті. Елорда халқының көпұлтты сипаты көп этностық мемлекет құрудағы бағытын, Қазақстандағы халықтардың достығын нығайту саясатын растайды. Шешімін тапқан және болашаққа жоспарланған міндеттердің ауқымдылығы таң қалдырады. Президентті архитектуралық және коммуникация мәселелерімен қатар қазақтарға тән қонақжайлылық пен мейірімділікті ғана емес, сондай-ақ өндірістік, интеллектуалдық және шығармашылық мәдениетті қамтитын елорданың менталитетін қалыптастыру мәселесі де алаңдатты. Астанада өткен барлық әлемдік форумдар жаһандық саяси тұрақтылықты, діни төзімділікті және халықаралық келісімді сақтауға бағытталған. Бұл Елбасы саясатының жарқын бір көрінісі.
Зияткерлік әлеует қазіргі заманғы әлемдік экономиканың ең құнды ресурстарының бірі болып табылады. Ол зияткерлік еңбек дағдыларын дамытатын жоғары білім беру жүйесі арқылы қалыптасады. Президент білімді, озық ойлай алатын азаматтар ғана Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыра алады деп жазады. Университет қоғамдастығы Елбасының бұл сөзін студент жастарға қарата айтқан тікелей үндеуі ретінде қабылдайды. Тәуелсіздік жылдарында Тәуелсіз Қазақстанның негізгі құндылықтарымен тәрбиеленген қазақстандық жас ұрпақ елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайын. Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқу арқылы жас ұрпақ отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамыта түсетіні сөзсіз. Оқиғалардың баяндалуы, өзектілігі, нақтылығы, автордың терең мағыналы өзіндік ұстанымдарының сақталуы еліміздің жүріп өткен жолын кеңінен түсінуге, атқарылған істерге баға беріп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Еркін КӨБЕЕВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры