Сәкен Сейфуллин – қазақ халқының дарынды перзенті, елінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қажырлы еңбек етіп, бүкіл күш-жігерін, білімін сарт еткен абзал азамат. Сәкен қазақ-кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан Кеңестерінің ІІІ съезінде (1922 ж.) Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланғаны да көпшілікке мәлім.
Ақиық ақын, жазушы қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосты. Ол өзінің дарыны мен өнерін халық мүддесіне, туған елінің жарқын болашағына арнады, жаңа заманның дауылпаз сайыпқыран ақыны атанды. Әттең «кінәсіз кінәлі» болып, 1938 жылы атылып кетті. Қазақ елінің тарихында елеулі орны бар Сәкеннің есімін халқы қастерлеп, әркез құрмет тұтады. Республикамызда көшелер, мектептер, театр мен жоғары оқу орны Сәкен Сейфуллин есімімен аталады. Астана қаласында С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істейді.
Дей тұрғанмен, осындай тарихи тұлға, абзал азаматқа Қостанай өңірінде лайықты құрмет көрсетілмей отырғаны өкінішті-ақ. Рас, қостанайлықтар да оны ұмытқан жоқ. Қалада С.Сейфуллин атында көше бар. Көше атауы бір «л» әрпімен «Сейфулин» деп қате жазылған. Әңгіме осы көшенің атында емес, затында болып тұр. Оны көше деп атауға ауыз бармайды. Кезінде дүрілдеген мауыты-шұға комбинаты орналасқан шағын ауданға кіре бергенде оң жақ қапталда қалатын, қалтарыста тұрған бірнеше үйді Сейфуллин көшесі деп атай салған деп естігенбіз. Бұдан Қостанай қалалық кеңесі басшыларының іске немқұрайлы қарағаны байқалады.
Біз сол көшені іздеуге шықтық. Қасымда қарт педагог, халық ағарту ісінің үздігі Елтай Шожанов жолдасым бар. Қалтарыстау орналасқансын ба, әлде күн суық болғандықтан ба жүргіншілер сирек. Алдымыздан 70-тен асқан әйел кезекті. Өзін Райса Ивановна деп таныстырған оған шаруамызды айтып, Сейфуллин көшесін сұрадық. Сөзге бейіл кісі екен, өзінің Спандияр Көбеев көшісінде тұратынын айтты.
– Бүгінде көшелердің аты жиі өзгеріп жатыр ғой. Сейфуллин көшесі дегенді сіздерден бірінші рет естіп тұрмын, деді.
Әрі қарай кеттік. Бір бойжеткенді кезіктірдік, шамасы студент болса керек. Ол да ондай көшеден бейхабар. Сөз арасында «Сәкен Сейфуллиннің кім екенін білесің бе?» деп сұрағанбыз. «Жоқ, білмеймін» деп кесіп айтты әлгі қыз.
Енді не істейміз деп аңтарылып тұрғанымызда, бала жетектеген, жасы 60-ты алқымдаған әйел кезікті. Оған да шаруамызды айтып, жөн сұрадық. – Анау бір үйде саққұлақ, көп нәрседен хабары бар кісі тұрады. Бір білсе сол кісі біледі, соған барғандарыңыз жөн болар,– деп кеңес берді. Ерінбей ол үйге де бардық. Есік алдында кезіккен қарт өзін Анатолий Степанович деп таныстырды. Жөнімізді білген соң қария:
– Тура келіпсіздер, біздің үй Сәкен Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан. Ал ағымнан жарылып айтар болсам, бұл көшенің басы қайда, аяғы қайда екенінен өзім де бейхабармын. Көріп тұрсыңдар ғой, сонау тұрған ескілеу екі үй, ана тұста бір үй, мына алты қабатты үй Сейфуллин көшесі саналады. Ұмытпасам, Сейфуллин көшесі аталғанына қырық жылдай болып қалды-ау,– деп әңгімесін аяқтады.
Тағы да олай-бұлай жүріп, бір бүйірде тұрған үш пәтерлі үйге бұрылдық. Жатағандау келген баспананың күншығыс жағындағы есігінен ішке ендік. Үй иесі алпыстан асқан кісі екен, оған да келгендегі шаруамызды айттық.
– Иә, сіздер іздеген көшенің тұрғынымын. Өкінішке қарай, Сейфуллин атындағы көше туралы бәлендей ештеңе айта алмаймын, оны көше деуге де ауыз бармайды. Бір белгілісі, ана маңдағы алты қабатты тұрғын үй де сол көшеге жатады. Үлкендеу үй, бір қауым ел ғой, жай-жапсарын солар білетін болар,– деп бізді шығарып салды.
Әлгі кісінің сілтеуімен ирелеңдеген жалғыз аяқ жолға түсіп алып, алты қабатты үйге де ат басын тіредік. Ішке кіріп, екі-үш есікті қағып едік, ешкім жауап бермеді. Әйтеуір, бір есікті үлкен кісі ашты.
– Үй таппай келмеген шығарсыңдар, төрлетіңдер,– деп бәйек болып жатыр ақсақал. Танысып, жөн сұрасқаннан кейін оған да шаруамызды айттық. – Біздің бұл үйде тұрып жатқанымызға үш жылдан асып барады. Мен бұл тұста көше көріп тұрғаным жоқ. Көршілеріміздің айтуынша, көше бар, 20 шақты үйден тұрады екен. Өткен ғасырдың 50-жылдары олардың басын біріктіріп, Герцен көшесінің 1-ші өтпесі деп атапты. Ал біз тұрып жатқан үй кейінірек ескірген соң, 80-жылдары күреліп тасталып, солардың орнына тұрғызылыпты. Осы шағын аудандағы 6 қабатты жалғыз үй осы ғана. Сәкен Сейфуллин сияқты біртуар асыл азаматымызға осындай көшені берген сол кездегі қала басшылығы, қалалық кеңестің депутаттары не ойлады екен?! Бұл Сәкеннің әруағын қорлау ғой, – деп қария біраз өкпе-назын ақтарды.
Сонымен Сәкен Сейфуллиннің атындағы көшенің оң жақ бетінде алты қабатты №2-үй, ал сол жақ бетінде 3, 5, 7, 13 нөмірлі үйлер орналасыпты. №1, №9-үйлер тозығы жеткен соң күреліп тасталса керек.
Осыдан 50 жыл бұрынғы мына ақпаратқа назар аударайық. Облыстың мемлекеттік архивінің маманы Наталья Здоровец Қостанай қаласының «Наша газета» апталығында «Что было, то было» деген айдармен апта сайын шаһар өмірінде болған айтулы оқиғалар жөнінде қысқа ақпараттар беріп тұрады. Газеттің 2009 жылғы 14 мамырдағы санында (№20) былай деп жазылған: «22 мая 1968 года в районе комбината хлебопродуктов в Кустанае переименован 1-й проезд Герцена в улицу Сейфуллина».
Қайран Сәкен! Елім деп еңіреген атпал азаматқа Қостанайда жөні түзу бір көшенің бұйырмағанын қайтерсің.
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы