• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қаңтар, 2018

«Өмір деген жарқ-жұрқ еткен найзағай»

875 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газеті ұжымының Ерағасы – Ержұман Өтешұлы бүгін 70 деген мерейлі жасқа келіп отыр. Ол қазақ журналистикасына 33 жыл калтқысыз қызмет етіп, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, акционерлік қоғам президенті болып жұмыс істеді.  Мерейтой иесін егемендіктер атынан шын жүректен құттықтай отырып, Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Ержұман СМАЙЫЛМЕН әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Ержұман Өтешұлы, бүкіл ми жүйе­сін, саналы ғұмырын жұмысқа ба­ғыт­та­ған, өзіңіздей кәсібіне барынша адал жан­­дар некен-саяқ. Бұл қасиет кі­сі­ге не­­гізі отбасылық құн­ды­лықтар ар­қы­лы, ата-ана­сының тәрбиесінен даритын бол­са керек. Сіз үшін ша­ңы­­рақтың шат­ты­ғы неде?

– Қарашаш, журналистік қызметімде газет жанрларының ішінде интервьюді көбірек пайдаландым. Бірақ ешқашан бірінші сұрақты былайша асқақтатып қоймаған едім. Жұмыс істеп жүрген соңғы кездеріне өзім куә болған маңғыстаулық меншікті тілші Саламат Хайдаров ағамыз бір мерейтойында: «Осында айтылған сөздерде, оқылған тілек-одаларда, келген құт­тықтауларда менің атыма көптеген жы­­лы лебіз, ыстық ықылас айтылды. Мен өз деңгейімді, мүмкіндігімді біле­мін, сондықтан өзіме лайық­тал­ғанын қа­был­дай­мын, ал артығына айыпқа бұй­ыр­ма­ңыз­дар», деген көрінеді. Саламат аға­мыз­дың өлшемін сұрақтарыңа қатысты да айтқым келеді. 

Елімізде алғашқы колхоздар құрыл­ған­да соларға үрке қа­раған, бірақ советтердің де­геніне көніп, айтқанымен жүр­­ген діни адамдардың ұр­пақ­тарының отбасынан шық­қан­­мын. Әкеміздің арғы аталары 1913 жылы қажылыққа барса, әкем Смайыл Өтешұлының өзі кол­хоздың қара жұмысымен қа­тар Есік өзенінің бой­ын­­­д­ағы шөптерден түрлі қай­на­т­­­­­палар жа­сап, емшілікпен ай­­­налысқан. Анам Күләш Рыс­бай­­қызы діни сауатын ашып, өзі айтатындай «Құранға түсуіне әкесінің өмір­ден өтуі тоқтау болған» екен. Соғыс кезінде бірі еңбек батальонына алынып, Новосібір облысында зауыт салуға қа­тыс­са, бірі таңғы алагеуімнен түн қа­ра­ң­ғысына дейін кетпен шауып, сол кез­дегі ХТЗ тракторларының алғашқы жүр­гі­зу­шілерінің бірі болған. Ауылдың ауыр тір­лігінің жұпыны тұрмысын кешкен қа­рапайым отбасының кіші ұлымын. 

Бес жасымда әкем қайтыс болып, не­гіз­гі тәрбиешім анам болды. Екі ағай­ым жастайынан колхоз жұмысына ара­лас­­ты да, мен көбіне үй шаруасымен ай­налысыппын. Апамның жеңгесі, көр­ші­міз Ұлтай апамның қа­рауымен өс­тім. Адам­ның адал­дығы өз үйіне деген, ай­на­­ла­сындағы үлкендерге деген қаты­на­сынан қа­лыптасатын бол­са керек. Ауылдық жер­де­гі үлкен тәрбиешілер қарт атала­рымыз бен апаларымыз еді ғой. Мен солардың ыңылдап отыр­ған әуендерімен әлдиленіп, әң­гімелерін тыңдап өстім. 

Бала кезде қасымдағы жолдастарыма дұ­рыс қатынаста болып, өз ісімді ойда­ғы­дай ат­қа­руды адалдық деп ұғынсақ, қазір ат­қарған ісің, сөйлеген сөз­ің, жасаған қы­лығың ертең ал­дың­нан қандай болып шы­ғады, қан­дай қайтарымы болады деп ойланасың. 

Шаңырақтың шаттығы өз ойларыңмен, өз пайымыңмен бірге өсіп, ұлғайып отырса керек. Бала кезімізде апамыз түске қарай жұ­мыстан келгенде, жүгіріп жүріп са­ма­урынға қайнатқан шайымызды екі кесеге құй­ып, терлеп-тепшіп ішкені, жау­ын жауса, шидің үстіне жайып кеткен құртты су қыл­май жинап алуымыз, кешкілік бұзауды емі­зіп қоймай байлап қоюымыз қуаныш еді. Сәл есейгенде біз оқысын деп он алты жасынан колхоздың қойын баққан үлкен ағайға демалыс беруіміз, қолғабыс жасауымыз айрықша іс болған. Жар құшқан отбасылық өмірде балалы болғанда, олар өскен сайын шаңырақтың шаттығы еселене түскен. Ал жақсы қартаю, алаңсыз қарттық қандай бақыт десеңізші. Қазір енді елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, күніге ұл-қыздарыңның есендігін білу, немерелеріңмен телефон арқылы тіл­де­су шаңырақтың шаттығын келтіреді. 

– Көрнекті жазушы Дейл Кар­неги: «Досыңыздың кім екенін айт­са­ңыз, сіздің кім екеніңізді айтып бе­ре­­мін... Бақыт тапқыңыз келсе, өз­ге­­лердің сізді мойындауы туралы ой­­­ла­маңыз. Қу­анышты өз ішіңізден та­­­бу­ға ты­ры­сы­ңыз», деген екен. Сол айт­­қан­дай, жан дү­ниеңіздің байлығын шын ба­ға­лай­тын дос­тарыңыз көп пе?

– Адам ғұмырында көп жандармен жолдас, қызметтес, ұжымдас, ниеттес болады. Қазір зей­неткерлік жаста солардың әр­қай­сысы еске түсіп, ойша із­дестіре бас­тай­­сың. Қайда, не іс­теп, қалай жүргенін білгің келеді. Өзгелердің мені мойындауынан гөрі, менің өзгелерді мойындауым кө­бірек ойлантады. Өзім мойындаған адам­дарды достарым санаймын. Ондайлар көп емес. Оларды өзім іздеймін, сағынып тұра­мын. Хабарласып, әңгімелерін тыңдағанды ұна­тамын. Еліміз үшін, ортасы үшін, отбасы үшін жақсы істер тындырып жүргендері кө­ңілімді жадыратады. Ал жан дүниеңнің бай­лығын шын  бағалайтын адам қандай бо­латынын білу мүмкін бе екен өзі? Сон­дық­­тан мен үшін өзімнің мойындауым ма­ңызды көрінеді. 

– «Өмір деген – жол үсті» кітабыңызда оқитын, көңілге тоқитын ғибратты көп ой­лар бар. Тағы қандай тұшымды дүниелер жаздыңыз?  

– Университетте Х.Бекхожин, Т.Қожа­кее­в, З.Тұрарбеков, П.Құсайынов, М.Бар­ман­­құлов, Ә.Ыдырысов, Қ.Қам­бар­ов, А.Мархабаев, Т.Дүйсебаева сынды ұстаз­да­рымыз не үшін жазуды ғана емес, қалай жа­зуды да үйретті ғой. Журналистика фа­культетінде бес жыл бойы кураторымыз болған профессор Тауман Амандосов ағай­ымыз «күніге өзің үшін болса да жүз жол жазып қой» дейтін. Осы өсиетке барынша адал болуға ұмтылдым.  1976 жылы оқуды бітіріп, бір жылдай журналистика факультетінде ассистент болып, 1978 жылғы көктемде Тауман ағайдың айтуымен «Социалистік Қазақстан» газетіне әу бастағы жолдамам бойынша келдім. Ол кезде редакторы Сапар Бай­жа­нов, бірінші орынбасары Бал­ғабек Қыдырбекұлы болатын. Қызметке кіріскен екінші күнімде Бәкең шақырып әңгімелесті де, соңында газетке өз ауылым туралы ештеңе жазбауды тапсырды. Зейнеткерлікке шыққан соң ғана бала күнгі достарым жөнінде «Достар еске түскенде», Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл­дағы ауыртпалықтар, май­дандағы өшпес ерлік, тыл­дағы жанқиярлық еңбек туралы «Ағалар естен кетпейді» деген кітаптар жазып шығардым. Ар­тында қалған ұрпағының қандай б­о­латынын әкеміз ойлап, көп сөз қылады екен. Әке арманын орындап, «Әулет» деген суретті кітап шығардым. Анам туралы, ауылдағы апаларым туралы жазғым келеді. Бірақ соңғы кездері қолыма қалам алмайтын күндер көбейіп барады. Өкінішті-ақ...

– Журналистердің арасында «Бүгін іс­тейтін жұмысты ертеңге қал­дырма» де­ген қанатты қағида бар. Өз тә­жі­ри­бе­­ңізде осы қағиданы қанша­лық­ты ұс­тан­дыңыз?

– Газет дегеніміз бел­гілі анықтама бойын­­ша коллективтік үгітші, кол­лек­тивтік насихатшы ғана емес, коллективтік ұйым­дас­тырушы да. Мен осындағы «кол­лек­­тивтік» деген сөзге де ай­рықша мән бе­рер едім. Со­ны­сына қарай газет – кол­лек­тив­тік еңбектің жемісі. Демек әр нөмірде сенің де үлесің болуы керек. Ал әр нөмір белгіленген мерзімде шы­ғады. Га­зетті үзбей оқитын адамдар әр нөмірдегі кіш­кентай хабардың өзі дәл осы мер­зім­де қажет екенін аңғарады. Олай болса, ол хабардың нөмірдің қатталуынан ке­шік­ті­ріл­мегені – тәртіп. Газет соған үйретеді, соған тәрбиелейді. 

«СҚ»-ның редакциясына практика­дан өтуге келген кезімде Қаби Мың­жа­нов, Әбдібек Нұрмағамбетов секіл­ді алыптар қатарының соңғы өкілдерін, ұлы жазушыларымыздың талай кітап­та­рын мәшінкеге басып берген Бибіш Ба­тыр­бекова, Халима Үсіпова, Сәнәм Мыр­забекова секілді апайларды көр­дім. Кейінірек тілшілік қызметке қа­был­данғанда Бекділда Абдуллин, Хайдар Баймұхамбетов, Ха­мидолла Рахматуллин, Сы­дық Алдабергенов, Пер­небек Бейсенов, Уахап Қы­дыр­­ханов, Мыңбай Ілесов, Тәжібай Битаев, Мағзұм Көшеков, Совет Шиманбаев се­кілді ре­дак­­цияның ақсақал жур­на­ли­стерімен, облыстардағы бе­делі обком хатшыларынан кем соқ­пайтын меншікті тілшілер: қызыл­ордалық Бай­жігіт Әбдіра­за­қов, шымкенттік Алтын­бек Жолдасбеков, жезқазғандық Шәртай Сүлейменов, өскемендік Мұқан Әбу­ға­лиев, оралдық Боранғали Ырзабаев, көк­­шелік Баян Нұрпейісов, талды­қор­­ған­дық Сейдахмет Мұхаметшин, ал­ма­ты­лық Саматай Кәрі­ба­евтармен біраз уа­қыт қызмет­тес болдым. Сол үлкен жур­на­листердің бәрі де газетке «сіз» деген көзқараста болды. Олардың бәрі үшін «газет тәртібі» деген қағида айрықша еді. 

Редакцияға қызметке тұрған кез келген журналист жұмыс барысында ең алдымен машбюро мен корбюроның, хат бөлімінің сынағынан өтетін. Сондағы машинисткалар Өлмес Қалқабаева, Күлтай Биебаева, Шолпан Текеева, хат тіркеушілер Нәзигүл Байсарынова, Сарагүл Төребаева, корректорлар Ғайни Шәріпова, Тұрыскүл Дайрабаева, қабылдау бөліміндегі Халида Қазбақова секілді «СҚ»-ның қыздары» деген атпен танымал болған апайлар да «газет тәртібі» дегенде қаз тұратын. 

Осындай қағиданың тәр­бие­сін көр­ген Қойшығара Сал­ғарин, Ақселеу Сей­дім­беков, әділ дүйсенбек, Кеңес Юсупов, Сайраш Әбі­шева, Тоқ­тарбек Қызықбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Сабыржан Шү­кі­ров, Жа­нат Елшібеков, Жұма­гүл Солтиева, Қайсар Әлім және басқалары кейіннен танымал ақын-жазушылар, ғалымдар мен журналистер дәрежесіне көтерілді. Сол қағиданы қатаң ұстанғандардың бірі Сауытбек Абдрахманов басылымды ең ұзақ басқар­ған басшы ретінде белгілі болса, бүгінде Пар­ламент депутаты болып жүр. Сұрақта айтылған қағидадан гөрі мен үшін «газет тәртібі», «нөмір талабы» деген қағидалар жақынырақ сияқты.

Аттары аталған журналис­тер­дің өткен жолына қарасақ та, жеті жылдан бері зейнеткерлікте жүріп, жетпіс дейтін жасқа жеткен өзімнің артыма бұрылып қарасам да, үнемі өмір деген жолдың үстінде жүре­тін журналистердің болмысы жарқ-жұрқ ет­кен найзағай секілді көрінеді маған.  

– Ераға, белгілі қаламгер әріптесіміз Бауыржан Омар­ұлы «11-ші қаламұш» кіта­бын­да өзіңізді «...Қазақ жур­налистикасында сесі мен мысы Арқаның қысы секілді білікті бапкерлер жеткілікті. Тіпті, есімі қазақ баспасөзі деген ұғым­мен әбден тамырласып кеткен адамдар бар. Соның бірі және бірегейі – Ержұман Смай­ыл» деп сипаттайды. Ал журналисти­када өзіңіз кімді бапкер тұт­тыңыз? Кәсіби шеберлігіңіздің қа­лып­­тасуына кімдердің септігі тиді? 

– Журналист әріптестерім туралы жаз­ғаны үшін ғана емес, жалпысында Бауыр­жан күшті қаламгер, алғыр азамат болып қалыптасты. «Лениншіл жасқа» алғаш келгенде ебедейсіздеу, аңғалдау болып көрінетін. Курстас досым Сүлеймен Мәмет өз арамызда «тірі классигіміз» деп мақтан тұтатын қазіргі белгілі жазушы досым Қуаныш Жиенбайдың тәлімгерлігімен шыңдалды, пісіп-жетілді. Мен туралы жазғанын алғаш газеттен бас алмай оқып шыққанмын. Екінші рет кітаптан астын сызып, асықпай оқыдым да, менің тұрғымнан кей сөйлемдерін редакциялау, кей сөздерін алып тастау артық болмас еді деп түйгенмін. Мәселен, «есімі қазақ бас­па­сөзі деген ұғымға етене болған адамдар бар. Соның бірі...» деп кетсе, же­тіп жатар еді. Қалай дегенде де өзіңнен кейін­гі іні-қа­рын­д­астарыңның сен туралы жаз­ға­ны жақсы екен. 

Журналистік қызметімде сегіз бас редак­тордың қарамағында жұмыс істеп­пін. Сапар Байжанов «Социалистік Қазақ­станның» басшысы кезінде қатар­да­ғы тілші, Көрік Дүйсеевтің кезінде пар­тия тұрмысы, насихат бөлімдерінің мең­герушісі болдым. «Лениншіл жас­та» Сейдахмет Бердіқұлов, «Егемен Қазақ­станда» Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байұлы сынды ұлы ағаларымның, Нұр­лан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сау­ыт­бек Абдрахманов секілді керемет заманда­с­та­рым­ның бірінші орынбасарлары болып, екі рет бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көріп те – барлығы отыз үш жыл қызмет атқардым. 

Үйренгісі келген, үйрене білген адамға бұл аз мерзім емес қой. Үлкен ағалардан адалдықты, адамдарға қиянат жасамауды, қарамағыңдағы қызметкерлерді өзіңнен кем көрмеуді, әр күннен, әр кездесу, әр сапар, әр оқиғадан ой түюді, берілген тапсырма, айтылған ойды дамыта білуді, бүгін ер­теңгі күнге жоспар жасай жүріп жұмыс іс­теуді, өмір бір орында тұрмайтынын, бү­гін бар дегенің ертең өзгеретінін үйрен­дім. Орынбасарлық қызметте маңыз­дысы, бас­ты­ғыңның орнын басуды көздеу емес, орындаушылық қабілетіңмен танылу, соны көрсету, басқаларды соған тәрбиелеу деп ұқтым. Жаман болған жоқпын, нақтырақ айтсақ, ешкімнен кем қалған жоқпын. Саналы ғұмырымда ме­нің айнымас көмекшім, өмір­лік қосағым, берік тылым бо­лып келе жатқан жан жарым Жақан Сүлейменқызының: «Бәрі қолыңнан келіп тұрғанда маған бір кішкентай бизнес ашып бермедің ғой», дейтін назы болмаса, жетпіс жасқа қалыпты жеткен сия­қтымын. Ұл мен қызым, келінім мен күй­еу ба­лам бар, төртеуі де елі үшін қыз­­мет атқарып жүр, алты неме­ре­мнің ал­ды екін­ші курстың студенті, кішісі әлі бала­бақ­шада, шүкіршілік етемін. 

Журналистикадағы бап­кер­лерім, қа­лып­тасуыма септігі тиген тәлімгерлерім де­ген­де үш адамның аттарым атағым ке­леді. «Социалистік Қазақстан» газетінде дип­ломдық практикадан өтуге келгенде өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Мамадияр Жақып ағамның қарамағында болдым. Мәкең диплом тақы­ры­бына газеттің эконо­мика мәселелерін жазуды таң­дау­ыма көмектесіп, оның жазы­луына ұйытқы болды. Ол кейін «Жетісу» газетінің басшысы болып жүргенде Колбиннің қудалауына ұшырап, Шер-ағаңның тұсында «Егеменге» алынды. Университетте Ленин­дік стипендиат болып, қызыл дипломмен бітірдім. Ойдағыдай білім алдым. Сол тұста «СҚ»-да маркстік-лениндік саяси сабақ болып тұратын. Бір аға­мыз Коммунистік партияның рө­лі туралы лекция жасап, мен «КПСС кейін тарап кеткенде не болады?» деген сұрақ қойғанмын. Лекция өткізген бөлім меңгерушісі ағайымыз «СҚ»-ға жаңадан қызметке келіп жатқанда мына қойған сұрағың аполитичный болды» деп мені біраз тұқыртқан. Сонда тікелей бастығым насихат бөлімінің меңгерушісі, нағыз  бапкерім Бекболат Әдетов қоғамдық құрылымдардың ешқайсысы мәңгілік еместігін, КПСС те сондай ұйым екендігін айтып, қорғап шығып еді. Бекеңнен сөйлем құрудан бастап, өткір жаза білуге дейін үйрендім. Әлі де болса ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Тағы бір бапкерім жаңағындай саяси сабақтарға жетекшілік еткен, сол тұста қарамағындағы екі қызметкердің пікірлеріне түсіністікпен қарай білген «СҚ»-ның орынбасары, кейін «Халық кеңесі» газетін шығарған алғыр қаламгер Сарбас Ақтаев ағамыз болды. Осындай адамдарға жолықтырған тағдырыма ризамын. 

– Қазір алдыңғы буын өкілдерінің дені естелік-мемуар жазудан  алдына жан салмай кетті. Бұл үрдіске сіз қалай қа­рай­сыз?

– Егер кейінгілерге үлгі бо­лар­лықтай айтар ойларың болса, естелік-мемуар жазғанның әбестігі болмас. Жалпысында, өз ұрпағың үшін болса да, өмірбаяның жө­нінде жазып, артыңа бірдеңе қалдыр­ға­н­ның артықтығы жоқ. 

– Журналистің басқа ма­ман­­­дық ие­сінен ең басты  айыр­­машылығы – өмір бойы қо­­лынан қаламын тас­тамай, ақ­­парат алаңынан алыстамай­тыны, қоғаммен қоян-қол­тық арала­сып, қия­да­ғы­ны қы­рағылықпен ша­ла­ты­ны, сер­гек зерделеп, үнемі ой құ­ша­­ғында жүретіні, іс-әре­кет­терінің бәрі көпшіліктің көз ал­дында өтетіні... т.т. Деген­мен қа­зір не жазып жүрсіз, аға? 

– Мен мектепті бітірген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында жұрт жаппай өндірістік, экономикалық мамандықтарды таңдап жатқанда, төрт рет конкурстарда бір-екі балым жетпей «құлап қалып» жүріп, журналистік мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бұл мамандық маған мың сан адамдармен кездесуге, семейлік атақты шопанмен, алматылық тоқымашы келіншекпен, үш-төрт облыстың әкімдерімен дос болуға жол ашты. Қасымдағы жолдастарымның болмысына терең үңілуге мүмкіндік берді. Журналистік қызметімнің арқасында еліміздің барлық түкпірлерінде болып, әлемнің талай елдерін көрдім. 

Қызметте жүргенде партия­ның съез­дері, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз ту­ра­лы, алғашқы аяқ алыстарымыз, жас мем­ле­ке­тіміз шешіп жатқан сандаған міндеттер жөнінде жазудан, сол тақырыптардың жазылуына ұйытқы болудан қол тимеді. Қазір енді өз жаныма жақын адамдар туралы жазып жүрмін. 

– Ағаш жапырағымен, жер топырағымен құнды, ал адам баласы кіндік қаны тамған Отанымен, туған жерімен еңсе­лі ғой. Туып-өскен  алтын бесік мекеніңізге ат басын жиі бұрып тұрасыз ба? 

– Алматы қаласынан алпыс шақырым жердегі, Есік және Талғар өзендерінің Қап­ша­ғай теңізіне құяр тұсындағы бұрын­ғы Фрунзе, қазіргі Туғанбай  ауылында туып-өскенмін. Апам, үлкен аға-жеңгем бар кез­де ауылға жиі баратынмын. Ас­танаға көшкелі бері жылына үш-төрт рет баруға жағдай туады.

Балалық шағым өткен, әкем мен анам мәңгілік қоныс тепкен мекен маған ыс­тық. Талай елдерді аралап, әлемнің небір алып шаһарларын көрген мен үшін туған ауылым ең үлкен қорғаным. Қан­дай­лық танымал­мын, өстім десем де сол ауылға кішкентай бала болып барамын. Өскеніне, ұл­ғай­ғанына қуанамын. Ау­ыл адам­да­рының алдында өзімді әркез қа­рыз­дар санаймын. 

– Өзіңізді біреулердің мақ­тап-ма­дақ­тағанын жек көре­сіз, жағынып, жал­тақ­тауды білмейсіз, шымбайға батса да шын­дықты айтасыз... Адамды қандай қа­сиеттеріне қарап бағалайсыз?     

– Адалдығына, қарапайым сөйлесе білуіне, ата-анасын ар­дақ­тауына қарап құрметтеймін, жаныма жақын тұтамын. 

– Абай атамыз Он төр­тін­ші қара сө­зінде «Тірі адам­ның жүректен аяулы же­рі бола ма? Біздің қазақтың жү­рек­ті кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жү­рек­тің қасиеттерін анықтап бі­ле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Оң мен солын онша айыра қоймаған қан­шама жасқа сіз де көмек қолын созды­ңыз, жақсылық жа­садыңыз... Бас­па­сөз­де жасын­дай жарқырап жүрген сондай шәкірттеріңізден кімдердің есімін ай­рық­ша атар едіңіз?

– Хакім Абайдың айтқандарын ұғыну, тү­сіну, түйсіну келе-келе қалыптасатын бол­са керек. Алғаш кітап жинай бастағанда ал­ған қос томдығын әлсін-әлсін қарап қо­я­­мын. Әр оқыған сайын жаңаша сыр аша­мын, ұлы ұстаздың жаңаша ғибратын та­ба­­мын. 

Мың сан шәкірттерімнің ішінен жар­қырап жүргендерін атап, әрқайсысына бір ауыз сөзден арнағанның өзінде газеттің бір беті жетпес. Баяғыда «СҚ»-ның на­си­хат бөлімінің меңгерушісі болып жүр­ге­нім­де бір жап-жас қыз бала келді. Ашық екен, біраз ойларын айтты. Мен де бірер сұрақ қойып, оларыма жауап естідім. Кейін осы қыз жөнінде айтып жүріп, Шер-ағаңның тұсында «Егеменге» қызметке алдық. Сол кішкентай қыздың қазір енді газетте белді қызметкерге айналып, менен сұхбат алып отырған Қарашаш Тоқсанбай екенін айтсам болатын шығар.

Журфакта бір жыл ассистент болған­да­ғы студенттерімді атасам, тіпті таң қала­сың: Мей­рам­бек Төлепберген, Жұма­бек Кенжалин, Қайнар Олжай, Қайыммұнар Тәбеев, Әмір Оралбай, Шархан Қазығұл... Жарқырап көріне білген, көрініп жүрген қандай жігіттер десеңізші! «Лениншіл жаста» жүргенде журфактың бірінші курсымен кездесіп, араларынан он екі ұл-қызды таңдап алдым. Солар үнемі редакцияға келіп, газет шығару дегеннің не екенін біліп еді. Өкінішке орай редакцияда бос орын болмай, жұмысқа ала алмай қалдық. Алайда со­лардың екеуімен кейін бірге жұ­мыс істедік, олар: Нұртөре Жүсіп пен Еркін Қыдыр. Тағы екеу­ін атайын: Баян Бекетова та­нымал ақын, Бейбіт Сапаралы тамаша зерттеуші журналист болды. 

«Егемендегі» кезімде курстасым, алпыс жасқа да жетпей о дүниелік болып кеткен досым Ербол Шаймерденұлы бір кітап берді. Оқып шығып, авторын Солтүстік Қазақстаннан қызметке шақырдық – біліп тұрған шығарсың қазір­гі жүйрік журнали­ст Жақ­сы­бай Самратты. Семейдің қа­ла­­лық газетінің редакторы, өзім сыйлай­тын қарындас хабарласып, бір қыз бала ту­ралы айтты. Сөйлестік, жазғандарын көр­дім. Қазір ол «Егеменнің» мықты бір қыз­мет­кері дәрежесіне көтерілді – сіңлің Ләй­ла Тілеубаеваны білесің ғой. Айта берсе, ондай шәкірттерім жетіп жатыр. 

Бірақ мен ешкімге өзімнің жақ­сы­лы­ғым­ды, тәлімгерлігімді таңбай­мын. Мен үшін соны өздерінің біліп жүргені жет­кілікті. Өмір солай жалғаса бере­ді екен. 

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»