Қазан революциясының жүз жылдығына орай «Халыққа ол сор болып жабысты ма, жоқ, әкелген жақсылығы бар ма?» деген төтесінен қойылған сұрақ – орыс ой айдынын шымырлатып, бір-бірін қуалаған сөз нөпірінің толқыны жағалаудың біраз аумағын көпіршіген көбікке айналдырып тастағандай. Көкейде жүрген тақырыптар қозғалса да, басқа халықтар тағдырына қатысы шамалы сарын астамшылығын аулай түскен сайын бір түрлі қиянат шеккендей қолайсыз күй кешетіні несі екен? Басқа шығару мен жапа шегудің неше атасын көрген ата-баба халін осындайда тура жақыннан сезіну адам болмысында көп қайталана бермейтін құбылыс.
Жиырмасыншы ғасырдың осынау басты оқиғасына бүйрегі бұратындар, қатарының молдығын малданып, марқаятын құлықтарын байқатпай қоймады. Бүгінгі аға ұрпақ қатарына қосылатын қалың қауым арасынан Кеңес Одағы тәрбиесін алып, шарапат шуағына бөленгенін тілге тиек етіп, аңсары сол заманға ауа беретінін жасырмай жалғанға жария қылатын отандастар жеткілікті. Мәскеу теледидары мен баспасөзінен өз өкіліміздің ажар-келбетін ұшырата қалсақ бітті, мерейіміз өсіп, мейіріміміз қанатын халді бастан талай өткергенімізді жадыдан шығарып жіберуге тиіспіз бе, тиіс емеспіз бе? Оны зерттеп, қазылық кесімін ақи-тақи жариялаған қорытындыны әл-әзірге ұшыратпасақ та, ең басты ырысымыз бұйырған Тәуелсіздік екенін сезінудің өзіне едәуір ерік-жігер керек тәрізді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінен былай қарай қарбаласқа толы қапылыс соңы ойранға ұласатынын Кеңес Одағы билігінің болжай алмау салдарын өзегі өртене еске қанша алса да, енді қайтып оралмайтын дәуренді жоқтаудың түпкілікті себебін барып-барып аңғаратынымыз қызық. Мәскеу сарапшыларына Желтоқсан көтерілісі бейне болмағандай, қасақана атап өтпейтін дағдысын қараулыққа балау жетімсіздік жасайтын сияқты. Кеше ғана қор саналған жұрт өкілі жастарының алып империя құлауының бастауындағы ашық қарсылығы әлі күнге дейін қатты шамдандыратынын аңдайсың.
Кеңес Одағының ыдырау қарсаңындағы орыс әдебиеті өкілдерінің қолтаңбаларын талдаған танымал шолушы тұлғалар тоқтамдары көкейге қанша қонымды көрінсе де, бет-әлпеттерінен аңқыған тәкаппар кейіптері адамды сұмдық жабырқататынын несіне жасырамыз. Орыстың аса талантты ақыны Юрий Кузнецов Абайды аударуға кірісіп, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым депті» кезіктіргенде таң-тамаша болғаны сонша, «мұндай тұжырымды Пушкин мен Лермонтовтың өзінен кезіктіре алмайсың» десе керек қой. Көп жылдар Мәскеуде тұрған адам аузынан естіген бұл әңгіменің өзегінде. адамгершілікке саятын ізгілік барын аңдайсың. «Алла шексіз, адам өлшеулі» деген Абай қарасөзінен кезігетін тұжырымды Лев Толстой күнделігінен ұшыратқан уақытта ойшылдықтың үндесу нүктесіне таңданбасқа амалың қайсы. Бірінің ойын бірі іліп әкетіп, тарпа бас салып меншіктеп ала жөнелетін қазіргі заманның рухани барымтасы мен сырымтасы олар үшін мүлде жат.
Жариялылық дәуірі күшіне кіргеннен былай Мәскеудің Орталық Азияға деген қас-қабағы жараспай, ендігінің тілімен айтқанда, бүкіл кұрмет басымдығы Балтық жағалауы елдері мен Еуропада қоныстанған ағайындарына қарай ауып, Хан Тәңірінен Памирге дейінгі аралыққа көпе-көрінеу танытқан өгейлігі күні бүгінге дейін жадыда. Сонысымен қоймай әртүрлі атаудағы істерді қозғап, еңсені езіп, рухты жанши бастаған қадамдарында кемсітуші пиғыл ап-анық сезілетін. Қазақстан басшылығы ауысып, орнына қонжиған бейтаныс кісіге деген қарсылық дүр көтерілген әзелгі кездегі желпініп, желіге түскен халімізді айтпаңыз. Кеңес Одағы билігіне қыр көрсетіп, бүкіл халықтан кешірім сұрататындай өрекпу екпіні екі сөтке арасында сап басылды. Міне, содан кейінгі ауыр ахуалды көптің көптігінің арқасында өткердік-ау...
Желтоқсан көтерілісінің табын суытпастан бас көтерген әртүрлі оқиғалар жариялылықты ұлттық мүддеге қарай ұластырып, тәуелсіздік деген тұжырым бел ала бастады. Кеңес Одағы іргесі шайқала бастаған уақытта тек Орталық Азия ғана қалқан болатынына көзі жеткен Горбачев әйелі екеуінің Ташкентке жасаған сапарының еске түсе беретін себебі – өзбек кейуанасының аттанғалы тұрған екеуіне тандырдың күлшесін әкеліп қолдарына ұстатқаны еді. Алматыға да жолы түсіп, теледидар арқылы сөйлеген кезде Қонаевтың өз орнына ұсынатын ешкім жоқ деп айтқанын атап көрсетіп, тұнығымызды шайқап, былықтырып кеткенінен былай – бұлар да халық-ау деп санаспаған менмендігінен сол жолы жұрнақ та қалмағанын көзіміз көрді. Желтоқсанның қанды оқиғасының тікелей себепкері қазақ теледидары арқылы әлгіндей мәлімдеме жасауы көңілге әлбетте сыйымсыз. Кеңес Одағы құлауының қарсаңында Қазақстан территориясының тұтастығына қасақана көз алартқан сөзінен көңіл қалып, түңілуден бұрын, қазақты құдайы анық қаққан халық-ау деп еріксіз ойлайсың.
Ұлы деген мемлекеттің бірінші басшыларының тұрқы осындай, қалғандарының сұрқы айтпаса да белгілі емес пе?!
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»