Еліміздегі жоғары оқу орындарының басты міндеті студенттердің белгілі бір мамандық алып шығуын қамтамасыз ету екені белгілі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті бұған қоса нақты өндірістік жобаларды жүзеге асыруды қолға алды.
Аталған жоғары оқу орнының ғалымдары физика кабинетіне арналған зертханалық құрал-жабдықтарды әзірлеуге бел буыпты. Бұл тікелей өндіріспен айналыспайтын білім ордасы түгіл, арнайы мамандандырылған мекеме-кәсіпорындар да «қалпақпен соғып» ала алмайтын күрделі әрі күрмеуі қиын мәселе. Осыны ескерген өңірлік университет жаңашылдары аталған жобаны Беларусь елінің Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетімен және «Актюбрентген» АҚ-пен бірлесе отырып, іске асыруды ұйғарыпты. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі республика мектептерінде физика пәніне арналған зертханалық құрал-жабдықтардың бірқатары ескіріп, пайдаланылу мүмкіндігі төмендеп барады. Жұбанов атындағы жоғары оқу орнында жоба толықтай жасақталған жағдайда бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылары анық. Сонымен бірге жергілікті университеттегі өндіріс орны оқушылардың түрлі сынақтар мен тәжірибелерді оңтайлы әрі тиімді түрде жүргізулеріне септігін тигізбек.
Аталған жоғары оқу орнының ректораты бастамашы бола білген екінші бір өндірістік жобаның да баламасы жоқ деуге болады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаровтың мәлімдеуінше, бұл жоба өндірістік қалдықтарды өңдеп, одан хром алуды көздейді. Осы ерекше технологиялық үрдісті жолға қою үшін темір балқыту пеші сатып алынған. Оның құны 85 миллион теңгені құрайды, бағасы жоғары инновациялық құрал-жабдық «Трактор» ЖШС аумағына орналастырылған. Сөйтіп алдағы кезде Жұбанов университетіндегі техника факультетінің «Металлургия» кафедрасы бұл жобаның басы-қасында болмақ. Оны жүзеге асыру мақсатында жоғары оқу орны мен «Қазхром» АҚ арасында келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, осы кәсіпорынның өндірісінен шыққан қалдықтарды университет ғалымдары мен студенттері өңдеп, бұдан хром алуды жоспарлап отыр. Олардың мүмкіндіктері бір айдың ішінде 10 тонна қалдықты өңдеуге есептелген.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ