«Қазақ жаманы орыс болмас» деуші еді әжем бала кезімде. Сонда балалықпен осы сөздің мағынасына мән бермеуші едім. Жай, әншейін айта салған сөз шығар деп ойлайтынмын.
Содан бері елу жылдай уақыт өтіп, әжем өмірден озғалы көп болса да, кейбір сөздері жадымда сақталып қалыпты. Енді өзім де сол әжемнің жасына жеттім. Бір кезде түсінбеген сөздің мағынасын енді ғана біліп жүрмін. Хәкім Абай «Жиырма бесінші қара сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. ...Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады.
Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді...», деген екен. Олай болса, әжемнің де «орыс болу» дегені орыстың тілін, мәдениетін білген адамның озық ойлы, мәдениетті саналатынын білдіреді екен. Ал «қазақтың жаманы» ондай дәрежеге жете алмаса керек. Сонда шығатын қорытынды: өзгелерден озық болуың үшін қазақтың жақсысы болуың керек. Ал «қазақтың жақсысы» кім? Ол өз ұлтының тілін, мәдениетін жақсы білетін, салты мен дәстүрін қадірлейтін қазақ болса керек. Демек, әуелі өз ұлтыңның төл құндылықтарын игеріп алғаннан кейін ғана «орыс болуды», яғни өзгеден озық болуды ойластыру керек екен.
Бұл жерде менің айтайын дегенім, әжемнің – қарапайым қазақ әйелінің көрегендігі. Ол осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ кейін кейбір қазақтардың орысша оқып, білім алып, өзінің ана тілінде сөйлемей, тек қана орыс тілінде сөйлейтінін білгендей болып көрінеді. Олар өз ойын ана тілінде жеткізуге қиналады. Себебі, сөздік қоры кедей, қазақша ойлауға бейімделмеген. Ең өкініштісі, туған тілін білмегеніне намыстанбайды, қайта өзге ұлттың тілінде сөйлегенді үлкен дәреже көреді.
Біздің бала кезімізде еліміздегі барлық ұлттың өкілдері өз балаларын жаппай орыс мектебіне берді. Қазақ тілінің өрісі тарылуына байланысты ғасырлар бойы қалыптасып, орнығып қалған ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз бірте-бірте ұмыт бола бас- тады. Оған көптеген нақты мысал келтіруге болады. Мен оның біреуін ғана айтпақпын. Біздің жас кезімізде жеңгелеріміз бізге ат қоюшы еді. Ол ағайын-туыстар арасындағы ерекше сыйлық пен бауырға тартудың үлгісі болатын. Қазір өкінішке қарай, осындай тамаша салтымызды көре алмай жүрмін.
Ал, жаһандану заманында ана тіліміз – қазақ тілі мен орыс тілінен басқа, ағылшын тілін білудің қажеттілігі туып отыр. Бұл заман талабы және оған ешкімнің де қарсылығы жоқ деп ойлаймын. Алайда мектеп оқушыларына ағылшын тілін меңгертуде мен мүлде түсінбейтін, тіпті мүлде келіспейтін істердің жүзеге асып жатқаны қатты ойлантады. Мен қазір зейнет демалысындамын. Бұрын жиырма жылға жуық мектеп директоры болып қызмет істедім. Шет тілін, менің ойымша, мектепте 5-сыныптан бастап оқытқан дұрыс. Ал бірінші сыныптан бастап оқыту мүлде қате. Физика, информатика, биология және химия пәндерін ағылшын тілінде оқыту деген бос әурешілік. Назарбаев зияткерлік мектептерінде және қазақ-түрік лицейлерінде шет тілін оқыту көздеген нәтижені береді. Себебі, оларда оқу базасы мен білікті мамандар бар. Оның үстіне ол оқу орындарына түсетіндер – іріктелген дарынды балалар. Ал жаппай барлық мектепте жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытудан ешқандай пайда таппаймыз. Әуелі сол пәндерді оқушының ана тілінде меңгеру нәтижесі қандай екен, бағдарламалық талаптар толық орындалып жатыр ма екен? Осыларды нақты зерделеуіміз керек.
Оқушының білімі мен дағдысы стандартқа сай келмеуі де мүмкін. Өйткені бағдарламалық талап деңгейінде білім беру үшін мұғалімнің тиісті білімінен басқа, оның осы мақсаттағы табанды да қажырлы еңбегі қажет. Ал пән мұғалімі шет тілінде оқытумен әлек болып жүргенде жоғарыда аталған бағдарламалық талаптарды қамтамасыз ете алмауы әбден мүмкін. Бұл оңайлықпен бола қалатын нәрсе емес. Оның үстіне алдағы уақытта оқушылардың кириллицадан латын әліпбиіне көшуі қосылып, оқушы еңбегін мүлде қиындатып жібереді. Осы орайда, салыстырмалы түрде мына жағдайды алып қарайық. Орыс сыныптарында қазақ тілі оқытылады. Қазақы орта бар. Мамандар жеткілікті. Бірақ соған қарамастан, қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, күткен нәтижеге ондаған жылдар бойы қол жеткізе алмай келеді. Осыдан он бес жыл бұрын орыс мектептеріне арналған қазақ әдебиеті оқулықтары тек қана қазақ тілінде басылып шықты, мектептерге таратылды. Бірақ мектептер оны балалардың білімі мен қабілетінің төмендігінен пайдаланбады.
Кітаптарды шығаруға қаншама қаражат босқа жұмсалды. Қазіргі уақытта да мұғалімдерді ағылшын тілін үйретуге бірнеше айлап курстар өткізілуде. Ол курстардан өткен мұғалімдер балаға үйретпек түгіл, өзі де үйреніп шықпайды. Сондықтан оған жұмсалған мол қаржы да желге ұшқанмен бірдей болады. Өйткені жекелеген пәнді ағылшын тілінде оқытатын бір-екі мұғалім оқушыларға ағылшын тілінде талап деңгейінде білім беріп шығуы мүмкін емес.
Бұрын өмір тәжірибесінен «Қазақ жаманы орыс болмас» деген мәтел пайда болғанын айтып өттім. Енді бірнеше жылдан кейін «Алаш жаманы ағылшын болмас» деген мәтел де тілдік қорға еніп кете ме деп алаңдаушы едім. Алайда ондай ұғым қалыптаса қоймас. Себебі ағылшын тілін жекелеген адамдар меңгергенмен, халықтың жаппай, орыс тілін білгеніндей, үйреніп кетуі мүмкін емес. Ал таңдаулы кітаптарды қазақ тіліне аударып, көптің игілігіне ұсыну әрине, тиімді әрі толық қолдауға тұратын дүние.
Серік САТЫБАЛДИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Лебяжі ауданының құрметті азаматы
ПАВЛОДАР