Құдірет адамзатты керемет хикметпен, ілтипатпен, мейірбандықпен, көркемдік сұлулығымен қызықтырып, сыңғырлатып жаратқаны мәлім. Ойлау мен қарекет жасау үшін жаралған адамның тұлғасы, таратыңқырап айтқанда, оның қолынан, қиялынан, білімдарлығынан шыққан сәулет, сурет, мүсін, қолөнер, музыка, сөз өнерінің таңғажайып жәдігерлері, телегей-теңіз шынайы жан сырлары, ғылыми-шығармашылық ғаламат жетістіктері өлшеусіз ғой.
Көркем көрегендік пен парасаттың биігінен толғайтын Шекспирдің ұлы трагедиясының бас кейіпкері Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы» дегенінен-ақ көп сырды түйсінуге болады.
Италия ойшылы, гуманист жазушы Джованни Пико делла Мирандолдың (1463-1494) «Адамның адамгершілік қасиеттері туралы сөз» дейтін кітабында: «Адамның ғажап, көтеріңкі мақсаты бар, адам сол мақсатына ұмтылады, ол өзінің қалағанына жетуі тиіс! Адамды әлемнің заңдарын түсіну, оның сұлулығын сүю, оның құдіреттілігіне таң қалу үшін құдай жаратты. Адам өз еркімен өсе алады, жетіле алады» деп жазған-ды.
Адам баласына зерек зейін, ерек па- йым, ұшқырлық, естігіштік, көргіштік, сұңқарлық, алғырлық тән. Ол тумысынан естігенін, көргенін, оқығанын зердеге тоқуы, ішке түюі, миға жүгіртуі, рухын, қайратын жануы қажет. Осы алуандас қабілет-қасиеттер ақыл-ойды толықтырады, тәжірибені молайтады. Үйренгенін, ілім-білімін, ішкі рухани қазынасын ұлы мақсат, ұлы мұрат жолында жұмсауға жұмылдырады.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Адам баласының дүниедегі іздегені – құт-береке» деп айтқандай, құт-береке дегеніміз – елдік сана, мәдениет, тіл, дәстүр, атакәсіп тәрізді ұлттық-рухани құндылықтар жүйесі – сәулетті қоғамның да, ұлт тұлғасының да, ел бастаушылардың да, «сәулелі кісінің де басты сипаты», деді. Осы ретте біздің нарықтық қоғамымыздың ала-құлалығы да жанымызды күйіндіреді, жүйкемізді тоздырады, шаншудай қадалады, сағымызды сындырады. Ішіміз қара қазандай қайнағанмен, ұғатын да, ұқтыратын да ешкім жоқ. Түрлі-түрлі бастар бар, түрліше көзқарастар мен тағдырлар бар, алуан-алуан тәрбие мен дағды бар. Бұндай көріністер жаһанданудың да кесапатынан болса керек. Осындай ойдың шырғалаң соқпақтарына кезіккенде, бейдауа көріксіз жәйттерден денең түршіккенде Сәбит Дөнентаевтың: «Қазақ» газетінде жарияланған (1914 жыл, 30 қыркүйек, №80) мына өлеңіне жүгінер едіңіз:
Талай кәрі жорға жүр,
Ақаулы боп зорға жүр.
Іліне алмай жарысқа,
Кейбір жүйрік орда жүр.
Кейбір сұңқар тауда жүр,
Томағасы жауда жүр.
Дұшпандары аңдыған.
Тұзақ құрып ауда жүр.
Кейбір тырна көкте жүр,
Қиқу салып текке жүр.
Қара қарға қарқылдап,
Өлексені жеп те жүр.
Құйрық сорып борсық жүр,
Түлкі мырза жортып жүр.
«Құдай, аман сақта!» - деп,
Қой мен тауық қорқып жүр.
Тышқан аңдып мысық жүр,
Алдап көзін қысып жүр.
Ін таба алмай саршұнақ,
Сорлы сасып-пысып жүр.
Кей мырзалар серпіп жүр,
Қарыны шығып шертіп жүр.
Мінін айтқан кісіге,
Ашуланып тертіп жүр.
Иә, ақынның өлеңінде сол бір қоғам өміріндегі шындық дәйектілікпен кестеленіп көрсетілген. Осындай жағымсыз қылықтарға малшынған пысық пасықтар, сасық арамзалар, үзеңгі бауы алты батпан менмендер, ойсыз, жігерсіз, өнерсіз надандар, Абай айтқандай, «сиырдың жорғасы секілденіп, қартайғанда жалғыз өзім болсам дейтұғын», «расы жоқ сөзінің, ырысы жоқ өзінің» су жұқпас атандайын алшаңдаған серкелер, өзі түйе сойса да ешкі сойғаннан дәмететіндер, сегіз кессе сіркедей қаны шықпайтын безбүйректер, қара судан қаймақ қалқығандар, жұмыртқадан жүн қырыққандар, сынық ине, сыдырым таспа бермейтіндер, қырық құбылған тұрлаусыз құбақандар қазір де жеткілікті.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» дейтін 2018 жылғы Жолдауындағы: «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды» дегені бұл пікірімізге дәлел. Бұл деген сұмдық көрсеткіш, масқара жүгенсіздік, обыр тойымсыздық, шектен шыққан дүниеқоңыздық, халықтың дәстүріне, тіліне, даналық мәйектеріне, ғибраттарына деген құлықсыздық, рухсыздық. Рух – адамның қанаты. Тыңдау, оқу, көріп үйрену, тәжірибе жинақтау өнерін меңгеру – адамның тағдыранықтағыштық, өміртанытқыштық қабілет-қарымын ширықтырады. Осындай кәусар таза рухтылыққа ұмтылайық, ағайын!..
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор