Маңғыстау тарихының ерекшеліктері қазірден бастап дәлелденіп, ғылыми тұрғыда әлемде қызығушылық тудыруда. Өлкедегі әрбір құпиясы ашылған ежелгі палеолиттік Сарыташ шығанағы шеберханалары, тас дәуірінің аяғына жататын Қосқұдық кешенді елді мекені, қола дәуірінің қала типтес Тоқсанбай, Айтман ескерткіштері, Бәйте 1-3, Қызылүйік, Тасастау, Қайнар, Әурентөбе, Соққы, Ақпан ерте темір дәуірінің ғибадатханалары, Жезді, Қарақабақ және Қызылқала орта ғасырлық қалашықтары, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан-епе, Шопан ата, Бекет ата жерасты мешіттері, орта ғасыр және жаңа заман кезеңдерінің кешенді қорымдықтары сынды ескерткіш Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында да маңызды орын алады.
Осы орайда мұралы өңірдің археология саласындағы бүгінгі жаңалығы қандай деген оймен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаевпен әңгімелескен едік.
– Нұрлан Абызұлы, Маңғыстаудағы тарихи ескерткіштерге соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер қорытындысы өткен мен бүгінге бей-жай қарамайтын жас жеткіншектер мен тарихшылар, барша зиялы қауым өкілдері үшін қызықты деп ойлаймыз...
– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстаудың бүгіні бақуатты болса, кешегісі киелі. Ерте орта ғасырларда Маңғыстау аймағынан белгілі Ұлы Жібек жолы континентаралық сауда жолдарының солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегі құрлық және теңіз сауда қатынастарының тамаша ұштасқан сауда жолдарының транзиттік бөлігінің бірі ретінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда алғашқы отырықшы елді мекендер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалауында портты қыстаулардың пайда болуына септігін тигізді. Теңіздегі сауда барлық Каспий маңы мемлекеттерін біріктірді. Облыстағы соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағыттарының бірі – Х-ХІІІ ғғ. кезеңдерімен шамаланатын Қызылқала орта ғасырлық қалашығы қалдықтары. Қызылқала туралы білу оқырмандар үшін де тартымды жаңалық болады. Маңғыстау ауданында Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан Х ғ. екінші жартысы – ХІІІ ғ. басы кезеңдеріндегі Қызылқала қалашығы – неғұрлым маңызды ескерткіш. Бұл археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындысы Қызылқала – ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары болған деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл жерден табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғғ. басталған, ал қайнаған өмір ХІІІ ғ. екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған. Қызылқала қалашығы мәліметтері Арал-Каспий өңірі көшпелілерінің орта ғасырлық тарихы, сондай-ақ Шығыс Еуропа мен Азия елдерінің сауда бағыттары мен дамуы туралы шексіз жұмбақтардың шешіміне негізді жол сілтейді.
– Қалашықтың зерттелу тарихы кездейсоқтық емес шығар?
– Қызылқала қалашығына алғашқы зерттеулер өткен жүзжылдықтың 70-80-ші жылдарында КСРО ҒА Археология институтының Еділ-Жайық археологиялық экспедициясымен Ресей археологы Л.Галкиннің жетекшілік етуімен жүргізілген. Бұл экспедицияның нәтижесінде ескерткіш құрылымы мен өмір сүру уақыты жайында алғашқы деректер алынды. Қалашықты зерттеудің жаңа кезеңі Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығымен 2004 жылы басталды және әзірге аяқталған жоқ. Зерттеудің негізгі мақсаты – қалашықтың құрылыс тарихы мен оның белгілену уақытын зерделеу. Бұл жұмыстарға жергілікті археолог А.Астафьев басшылық жасауда. Соңғы жылдары дала жұмыстары кезеңдеріне қазақстандық және ресейлік археологтар М.Қалменов пен В.Плахов қатысты.
Қалашық құрылысының тарихы саз-балшықтан соғылған бекіністің іргесінен басталған. Бекініс жоспарда он екі және төртбұрышты аралық мұнаралармен 110х115 м дұрыс төртбұрыш пішінінде болып келеді. Диагональды қақпалары мұнаралы бекініс қабырғаларының біріне жанаса, солтүстік-шығыс қабырғада орналасқан. Ішкі периметрі бойынша бекініс қабырғаларына кең аула пішінінде, бұл құрылысты алып керуен-сарайға айналдырған кең көлемді тұрмыстық және шаруашылық бөлмелер жалғаса салынған болуы мүмкін. Елді мекен өмірінің біраз уақыттарынан кейін бекіністің саз-балшықты қабырғалары алдыңғы беті жағынан қалқан түрінде қалыңдығы 2 метрге дейін ірі тұтас табиғи шомбал қалау тастарымен қапталған. Тас қабырғалар бекіністі алынбас қамалға айналдырды. Уақыт өте келе бекініс айналасына қолөнер-сауда елді мекені – орамдар мен жекелеген үй-жайларға бөлінген рабат қалыптасады. Археологтар үйлердің іргетастары, тұрғын-үй бөлмелерінің құрылымдық элементтері (пештер мен от жағу орындары, қолжуғыштар, жататын және отыратын орындар, дәрет алуға арналған бөліктер, жерқоймалар) және мәдени шөгінділер нәтижесінде пайда болған алты құрылыс қабаттарын анықтады. Сондай-ақ, құрылыс аумағынан түрлі шаруашылық және тұрмыстық мағынадағы көптеген шұңқырлар анықталды. Қазба жұмыстары барысында кең көлемді болып келетін бөлмелердің аралары кішілеу етіп бөлінген тұстарында, яғни, қалашықтың осы бөлігінде халықтың тығыз болғандығын білдіретін бірнеше бөлмелі құрылыс қалдықтары айқындалды.
– Қызылқалалықтар Маңғыстау жерінде шаруашылықтың қандай түрін белсенді дамытты дей аласыз?
– Елді мекеннің барлық аумағында тас диірмендердің сынықтары кездеседі, ал жоғарғы мәдени қабаттардан егін оратын бүтін орақ табылды. Қалашық айналасын тексеру барысында ежелгі диқаншылық кәсіп игерілген кең жер бөлігі анықталды. Бұл табыстар қызылқалалықтардың дәнді дақылдар мен бақша мәдениетін белсенді игеруі жайындағы айғақтар болуы мүмкін. Қалашықтың мәдени қыртысы тұрғындардың тамағы ретінде қолданған жануарлардың сүйектеріне толы. Қой, қозы, жылқы, түйе және қабанның сүйектері байқалады. Қала тұрғындарын жергілікті көшпелі малшылар малмен қамтамасыз еткен болу керек. Қалада ішкі сауда дамыған. Бұл жерден әзірге тиындар табылған жоқ, бірақ ақша орнына қолданған болуы мүмкін сырға түріндегі және сом мыс сақиналар жиі кезедеседі.
Қаланың оңтүстік шетінде қыш бұйымдарын өртеуге арналған бірнеше пештің қалдықтары сақталған. Бұл жердің көзешілері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және асүй ыдыстарын өндірген, оның ішінде құйма қышын дайындау бойынша әрекеттерді де жүзеге асырған. Мұнда өндірілген ыдыстар түрліше болып келеді: хумдар мен хумшалар – дәндік дақылдарды, ұн және басқа да азық-түліктерді сақтауға арналған – ірі ыдыстар – пішіні мен көлемі бойынша әртүрлі құмыра-құмғандар, күрішкелер, қазандар, тәрелке-табақтар, табақшалар, кесе-стақандар, косметикаға арналған ыдыстар, шырағдандар. Ыдыс-аяқтардың көпшілігі көзешінің ұршығы көмегімен дайындалған. Асүй ыдыстары жетіспеген жағдайда қолдан мүсінделген және үйде күйдіріліп жасалған ыдыстармен орны толтырылып отырған. Ыдыс-аяқтардың бір бөлігі Хорезм мен Ираннан тасып әкелінген. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген.
– Ірі сауда орталығы болған соң, түрлі мәдениет, түрлі өнер түрлері осы қалашықта тоғысқан болар? Яғни қазба жұмыстары нәтижесі арқылы бұған көз жеткізуге бола ма?
– Әрине, Қызылқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтармен қола және күмістен құйылып жасалған ұсақ бұйымдар, зергерлік әшекейлерді құюға арналған тас пішіндердің сынықтары, амальгама (сәндік бұйымдарға алтын жалатуда қолданатын алтын мен сынап қоспасы) тасымалдауға арналған қыш ыдыс – сфероконус табылды. Сондай-ақ жергілікті шыны ыдыстарының өндірісі болған деп болжанады. Шыны, нефрит, гагат, ақық (қызыл, қызғылт сары түсті асыл тас), тау хрусталі, көк тас және кәріптастан жасалған түрлі түсті моншақтар жиі кездеседі. Мыс пен жезді өңдеу тәрізді аса күрделі кәсіп те өркендеген. Мәдени қыртыс-қабаттарында көптеген темір шегелер мен ағаш жабынды немесе есік ойықтарының бөліктерін бекітуге арналған қапсырмалар кездеседі.
– «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені туралы айтып өтсеңіз?
– «Маңғыстауға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» деген аңыз бар. Бұл өлкенің ерте ортағасырлық кезеңіндегі тарихы ақтаңдақ болғандықтан нақты тұжырым жасау қиын. Осы кездерде шығыстан батысқа қарай жаппай көшкен ерте түрік қағанаттарының мемлекеттік құрылуы жүргендігін ескеретін болсақ, Арал-Каспий айырығы әсіресе, Маңғышлақ түбегі бұл оқиғалардан шет қалды дегенге сену қиын. Солай бола тұра бұл жерде ерте түркілермен байланысты болуы мүмкін ескерткіштер әлі де белгісіз. Осы уақыттарда Үстірт жазығы мен Маңғыстауды алан тайпаларының мекендегенін де жоққа шығара алмаймыз. Орта Азиядағы аландар туралы ғұлама ғалым Әбу Райхан әл-Бируни (974-1048 жж.) өз еңбегінде Джейхун (Әмудария) өзенінің аңғары туралы айта келе, «Оның ағысы ұзақ уақыт көптеген жерлерді қиратты, ал тұрғындары Хазар (Каспий) теңізінің жағалауына қоныс аударды. Бұл алан және ас тайпалары...», деп көрсеткен.
2010 жылы Маңғыстау ауданы аумағынан ашылған «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені алан тайпасына тиісті болуы мүмкін. 2014 жылы бұл ескерткішке алдын ала археологиялық зерттеулердің алғашқы кезеңдері жүргізілді. Зерттеу барысында кешеннің аумағы 130 га жерді қамтитыны анықталды. Бұл жерден тас құрылыстардың бірнеше түріне жататын және үйіндіге айналған 5 қорған, барлығы 198 археологиялық нысан табылды. Ескерткіштерді зерттеуде негізгі жұмыстар екі кірісі бар төртбұрышты келген үлкен діни қоршауларға бағытталды. Алғашында олардың қабырғалары аласалау болып келіп, жергілікті плита тастардан тұрғызылған. Қазіргі уақытта 4 қоршау зерттелінді. Олардың екеуінен бор жынысты құрбандық тастардың қалдықтары табылды. Қоршаудан және оның айналасынан құрбандық шалу рәсімі болғандығын дәлелдейтін қыш ыдыстардың сынықтары табылды.
Қоршаулардың бірінің қабырғасы астынан жерасты үңгірлік қабір табылды. Әйел адам мен баланың мәйіті жерден 2,5 м тереңдікте жерленген. Қабірден шағын қыш ыдыстар, бордан жасалған күлсалғыш, шыны моншақ және қорғасын мен қалайының қоспасынан жасалған сырға табылды. Қабірлеу б.з.1 мыңжылдығының басына жатады.
Көршілес басқа қоршаудан таспен толтырылған, дөңгелек қоршау түріндегі тастан жасалған қабір үсті құрылысының қалдықтары қазылды. Тас іргенің астынан археологтар жасөспірімнің бас сүйегі мен үйіліп жиналған қаңқа сүйектерін, жылқының тұяғы мен сүйектерін және темірден жасалған заттар – екі үзеңгі, белдік тоғасы, жебе ұштары, кішкентай пышақ кездесетін шағын қабір ойығын тапты. Үзеңгі мен тоғаның пішіндеріне қарап, қабір нақты ІХ-Х ғасырларға жатқызылады және көшпелі мәдениеттің барлық салт-дәстүріне сай жасалған.
– Зерттеу анықтамасына немесе болжамдарға сәйкес, ескерткіш қай кезеңдердің қолтаңбасы болып табылады?
– Құрылыстың негізгі бөлігі діни салт-жоралғыларға бағытталған. Қоршаудың бірінің ішіндегі шағын ойықтан өте сирек кездесетін ер-тұрманның күміс қаңқасы және қамшының күміс бөлшектері табылды. Қаңқаның пішіні ағаштан қайта қалпына келтірілді. Бұл ер-тоқым ерте түркі дәуіріне тиесілі. Бірақ күміс қаңқаның безендірілуі мен үзеңгі пішін ерекшелігіне қарап, оны ІV ғ.аяғы – V ғ. І жартысына жатқызуға болады. Қаңқада зооморфтық бейнелер, қасқыр, қабан, бұғы, ақбөкен және үшкір тұмсықты құстар тәрізді жабайы аң-құстардың суреттері салынған. Қаңқаның бір бөлігінде ғұн дәуірі мәдениетіне тиісті бедерлі ою-өрнектер түсірілген. Мұндай бейнелері бар ер-тоқым еуразиялық археология тәжірибесінде алғаш табылып отыр және жәдігерлер еш жерде қайталанбауымен ерекшеленеді.
Ескерткіш аумағынан ат әбзелдеріне тиісті металдан жасалған әртүрлі бұйымдардың көптеген жиынтығы табылды. Бұйымдардың бір бөлігі мыстан жасалып, сырты алтын мен күміс қоспасымен қапталған. Кейде кәріптас және шыны қойылып, безендірілген. Табылған заттар негізінен, құрбандық сыйы ретінде қалдырылған. Заттардың кей бөлігі Еділ маңы, Кавказ, Солтүстік Қара теңіз территорияларында зерттелген халықтардың Ұлы көші дәуірінің ескерткіштеріне ұқсас келеді. Осы айтылған ерекшеліктерді ескере келе, «Алтынқазған» кешенінің құрылу уақыты болжам бойынша б.з. ІІІ ғ. екінші жартысы – V ғ. аралығын қамтиды дейміз. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша Еу- разиядағы антикалық және ерте ортағасырлық аралықтағы ерекше діни-қабірлеу кешені саналады.
«Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені ескерткіштерінің негізгі бөлігі алан тұрғындарынан қалған деген болжам қарастырылады. Бұл арқылы Маңғыстау аймағы үшін Ұлы Халықтар көші дәуірі тарихының жаңа, белгісіз парақтары ашылды.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы