• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 25 Қаңтар, 2018

Отыз оқушыға – қырық мұғалім

1113 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылы облыс орталығынан ең алыс жатқан ауылдардың бірі. Шамамен 550 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл Қарағандыдан гөрі Шығыс Қазақстан облысына анағұрлым жақын. Семейдің Шұбартауымен шектесіп жатқан сол Айыртасқа жақында жолымыз түсті. Заманында дүрілдеп тұрған ауыл болғаны қираған ғимараттардың қаңыр­аған қаңқаларынан анық байқалады. 

Маң да­лада мыңғырған мал да көрінбейді. Бұл ауыл­дың табыс көзі қайда дейміз ғой? Сөйт­сек, Айыртаста отырған азған­тай тұр­ғындардың тұрақты жұмысы мек­теп­тің айналасында ғана екен. Мектеп дирек­торы Қанат Бәкіровтің айтуына қа­рағанда, биыл тоғыз жылдық мектепте 35 оқушы білім алып жатыр. Ал мұғалімдер мен басқа да қызметкерлердің саны баладан көп. Айыртастың қырықтан астам тұрғыны осы мектептен нәпақа тауып отыр. «Сонда отыз оқушыға қырық мұғалім болып тұр ғой!» дейміз. Сөйтсек, әкім былтыр сол отыз бес оқу­шының өзін ойдан-қырдан жинағанын мектеп директоры Қайыр Шайкеновпен бір­ге қынжыла жеткізді. Қазір ауылда не­бары 208 адам қалған. Кезінде 1200-дей адам тұрған дегенге көңіл сенеді, көз сенуі қиын... 

Түйткілдің бірнеше түйінін осы жерде та­ратқан жөн. Ең бірінші, Айыртас ауы­лы­ның шалғайда жатқандығы бірден-бір әсер етіп, тұрғылықты халық тоқса­нын­шы жылдары үдере көшіп кеткен. Сорақысы тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан ас­там уақыт өтсе де Айыртастың жолы жөн­делмеген. Жолақысын төлесең де Айыр­тасқа ешкім апарғысы келмейді. Же­ңіл көлік жете алмайтын қайран ата­ме­кенді көктемде су, қыста қар, жазда шаң басып қалады. Үкімет тым құрығанда ауыл­ға бұрылатын көтерме жолдың 65 ша­қы­рымының сын көтермейтіндігін қаперлеріне алса деген айыртастықтардың тілегі бар. 

Алайда көнбіс халық көп болмаса да біршамасы әлі тұрақтап отыр. Шүкіршілік етет­іні «Ақбұлақ» бағдарламасымен ағып тұр­­­ған суы мен жанып тұрған жары­ғы көңілге медеу. Мәселенің бар­лығы ауыл­­­д­ағы адам тапшылығынан шыға­ты­­ны айқын. Бала саны жетпесе мектеп жа­был­­мақ. Мектеп жабылса, ауыл тара­мақ. Ауыл тараса, ертең қазақтың та­мы­ры­на қа­ра балта шабылатыны ащы да болса шын­дық. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағытта үлкен бағдарламалар қолға алынып, көп­теген игі жобалар кезең-кезеңімен жү­зе­ге асырылуда. Оның ішінде ауылды да­мы­туға қатысты тың бастамалар да бар. Ел­басы қамқорлығымен қолға алынған ауыл­­дық квота мен ауылға қажет түрлі ма­­ман­дықтарға оқу гранттары және «Дип­лом­мен – ауылға!» жобалары бар. Алайда осы бағдарламаны бағамдап жатқан жас байқалмайды... 

Және осы бір жерде ескере кететін тағы бір жайт шығады. Біз шын мәнінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын тек жастар қолдап, жастар қолдануы керек деп ойлайды екенбіз. Алайда оны зейнет жасынан аспаған кез-келген қазақстандық қолдана алатынын біле бермейміз. Мысалы, Қарағанды облысының Абай ауданы, Топар кентіне мұғалім болып барған біздің бұрынғы әріптес Ержан Имаш осы сөздерімізге айқын дәлел бола алады. Бағдарлама негізінде жұмысқа орналасып, тіпті баспаналы да болған. Бұдан шығатын қорытынды, Айыртас сияқты ауылдарға тек қана жас­тарды көгендеуді көздемей, көп бала­лы үлкен отбасыларын да тартуды ой­ластырған дұрыс болар еді. 

Әйтпесе екі жыл бұрын Ақтоғай ау­да­нындағы оқу жылының қорытын­дысына қарасақ, ауданға қарайтын Қарасу орта мек­тебі мен Сона бастауыш мектебі жа­был­ған. Калинин орталау мектебі мен Қарақой бастауыш мек­тебі жабылу қау­іпінің алдында тұр. Айыр­тас ауы­лындағы орта­лау мектептің жағдайын көзіміз көр­ді. Қайталап айтсақ, егер мектеп жабылса, ауылдық округ те жабылып қалуы әбден мүмкін. Осындай оқушы санының азаюы Нарманбет, Кежек ауылдарында да орын алып отыр. Бұл мектептер жоғары жақ­тағы білім саласы басшылары мен жер­гілікті әкімдердің ерекше назарында бо­луы тиіс. 

Осы жерде сол ауылдан шыққан ақын әріптесіміз Ілияс Мұқайдың «Сыныптасы жоқ бала» деген өлеңі ойға оралады: «Болмаған соң болаттай ірге мықты, Орман жұртым селдіреп үлгеріпті. Сырласы жоқ кәріні көріп едік, Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?

Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара, Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана. Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп, Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала…» 

Бізді бір ғана жайт қуантты, ол – қазақы мейірім. Жоғарыда айтқан Калинин ауылы былтыр бала санына байланысты, оның арғы жағы қазақы қамқорлыққа ба­рып тірелетін патронаттық тәрбие бой­ынша 1 баланы бауырларына басып, мектептің жабылуынан жол тауыпты. Ал сол Ақтоғайға қарайтын Қоңырат ауы­­лын­дағы Жәлел Бәкіров есімді азамат патронаттық тәрбиеге баланы алып, мек­­тептегі оқушы санын қажетті межеге жет­­кізген. Осы мақсатта Қусақ ауылы 2 ба­ланы, аудан орталығы тағы бір баланы тәр­биелеп отыр. 

Айыртастағы оқушылармен кездесіп, оларды әңгімеге тартқанда көздеріндегі оттан кеңсірік удай ашығанын қалай жасы­расыз? Аулада жиырма бірінші ғасыр, ауылда жиырмасыншы ғасыр секілді. Бір баланың есімі Орал екен. Бұл нені мең­зейді деп ойлар болсақ, ол ауыл­дың дені көбін қазір бірді-екілі тарихи ота­нына қайтып оралған қаракөз қан­дас­тарымыз екенін ұғасыз. Шіркін-ай, ағайын-туыстың бәрі осы лекпен, осы рет­пен ауылға қайтып келсе Айыртас ар­шындап, Шұбартау шарықтап кетер еді-ау... Мұндай мәселелер тек Ақтоғай тө­ңірегінде емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар екенін айта кеткен жөн. 

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»