Таяуда Ұлттық ғылым академиясының кезекті сессиясы өтті. Жиында академияның 2017 жылғы жұмысы қорытындыланып, Елбасы Жолдауы талқыланды. Басқосуға академиктер, мүше-корреспонденттер, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы, академик М.Қалимолдаев әлемді өзгеріске бастаған заманауи технологияларды меңгеру, дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында қазақстандық ғалымдардың үлесі қомақты болатынына сенім білдірді. Жолдауда белгіленген басымдықтар туралы Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев баяндама жасады. Отандық ғалымдардың ғылым мен технологияның интеграциялануы барысындағы рөлі сараланды.
Ал Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың айтуынша, академияның бос орындарына жаңа мүшелерін сайлау, дәстүрлі Ұлттық баяндамасының биылғы 14 томын даярлау, көп жылғы үзілістен кейін қайта берілген ғылым саласындағы Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, Д.Қонаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Күлтегін атындағы сыйлықтарды тағайындау, 73 мемлекетке таралатын 8 журналды уақтылы жоғары сапалы етіп шығару, басым ғылыми бағыттарды анықтауға қатысу, Ұлттық ғылыми кеңес құрамына академиктердің көптеп кіруіне және сараптама жасауға белсенді қатысуына ықпал жасау іспетті ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Былтыр Елбасының ресми сапары аясында Беларусь академиясымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Сондай-ақ Франция, Қытай, Молдова, Татарстан, Абхазия ғылым академияларымен белсенді ғылыми серіктестік дамып келеді.
«Биылғы Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау алдымен зиялы қауымның, оның ішінде озық, алдыңғы қатарлы ғалымдарға қатысты. Жолдауда айтылған 10 мәселе отандық ғалымдардың күш салуын талап етеді. Әсіресе, инновациялық индустрияландыруды ғылыми сүйемелдеусіз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ретте академияның халықаралық беделі жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Бұл – ортақ табыс. Келешекте де отандық ғылымның таза әрі биік идеалдарын одан әрі дамыту үшін қызмет ете берейік», деді М.Жұрынов.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ