Бұған дейін бүкіл Қазақстан комсомол ұйымының жетекшісі,әрі басшысы тек Ғани Мұратбаевты ғана танып, біліп келдік. Ал оның ісін жалғастырып, өңір-өңірде, облыс, аудан, тіпті ауыл-аймақтардағы комсомол ұйымдарында қызмет етіп, бастапқы баспалдақтарда жұмыс атқарған жастар туралы білмедік десем қателеспеймін-ау деп ойлаймын.
ХХ ғасырдың басында қараңғы қазақ көгіне күш-жігерімен, қабілетімен, білімімен, өнерімен өрмелеп шығып, қараңғылықтың бұлтын серпіп тастап, қазақ жеріне, еліне, күн нұрындай шуағын шашқысы келген жастар аз болған жоқ. Солардың бірі ағайынды Сәт пен Бекпенбет Әміровтер.
Әлқисса, қазіргі Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылындағы Әмір ақсақалдың құдай берген он екі ұлы болған. Тұңғыштары Сәт,(1906 ж.) одан кейін Бекпенбет. Осылайша аралары бір жарым, екі жастан он екі ұлдан кейін, қыз баламыз болмады-ау деп жүргенде он үшінші менің анам Әсілхан 1927 жылы дүниеге келген. Азын-аулақ малымен қоса осынша баланы тарықтырмай асырау мақсатында диқандықпен айналысқан атамыздың соқа-сайманын алғашқы ұжымдастыру кезінде өкімет адамдары алып қояды. Жуас мінезді атамыз бәріне қарсылықсыз мойынсұнған сыңайлы. Ликбезде сауатын ашқан Сәт нағашымыз (13.05.1926ж.) комсомол қатарына еніп, көп кешікпей-ақ бір болыс елдің (Қарабақыр) комсомол ұйымын ұйымдастырушы, әрі соның жетекшісі болады.
Көп кешікпей ағасының ықпалымен Бекпенбет нағашымыз да комсомолға мүшелікке кіреді (20.02.1928ж.). Сөйтіп ол да белсенді мүшелердің біріне айналады. Бұл мәліметтердің бәрін тек анам мен сол дәуір куәгерлерінің естелік әңгімелерінен бөлек, облыстық архивтен табылған жазбаша деректерге сүйеніп жазып отырмын.
Архивтегі құжаттардың қай-қайсысын алсақ та, байқайтынымыз, бір үйдің екі баласының комсомол белсендісі болғаны.
Қарабақыр болыстығында жалғыз комсомол мүшесі Сәт Әміров ол, ал жалғыз коммунист Мейірманқұл Байсеркеұлы болған. Бұл кісі сол Сарыбарақтағы ең алғашқы артель «Бірліктің» бірінші басшысы болған. Кейін 1937-1938-жылдары халық жауы боп ұсталып, із-түзсіз кетті деген дерек бар. Әйелінің аты Седекүл, Сатыбалды деген жалғыз ұлы, Зылиха атты қызы болған.Тағы 26 адам комсомол ұясына тартылған. Оның жетеуі – батырақ, он тоғызы – диқан.
Бұл кісілердің қызмет орны, яғни Әулиеата Угоркомының орталығы қазіргі Тараз қаласында үш жерде болған: Ленин көшесі №12- үйде, Ленин көшесі №85- үйде және Пушкин көшесі №7-үйде. (Үйлердің нөмірлері қазір, әрине өзгерген).
Алғашқы комсомол жетекшілері не жұмыс атқарды, халыққа пайдалы қандай іс тындырды? – деген заңды сұрақ туындайды. Комсомолдар азамат соғысы кезіндегі қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру үшін сенбілік пен жексенбіліктер ұйымдастырған. Қалалардағы комсомол ұйымдары жақын ауылдарды қамқорлыққа алып, айына 2-3 рет демалыс күндері пьесалар қойды. Көркемөнерпаздар кештері мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе Гладковтың «Цемент» атты спектаклін жиі қойған. Қысқа уақытта 10 тегін, тағы бірнеше ақылы ойын қойылғаны архив деректерінде көрсетілген.
Олар бұзақылықпен, маскүнемдікпен күресті. Сонымен қоса партия тапсырмасын орындай отырып, саяси ағарту, жетім балаларға қамқорлық жасау және дінге қарсы насихат жұмыстарымен айналысқан. Әйел теңдігі жолында күрес ашты.
«1928 жылғы 4 наурызбен 29 наурыз аралығында заемды елге үгіт-насихат арқылы тарату. Партияда жоқ жастарды тарту және сонымен қатар үлкендерді де. Осы халықтың ішінен белсенді, жауапты адамдарды ұйымдастыру жұмысына басшылық етуге баулу» делінген құжаттарда. Шаралардың барлығы дерлік уездік орталықтарда өткізілген. Ұжымдастыру жұмысынан да көптеген мәліметтер келтіруге болады. Сауатсыздықты жою мақсатында алғашқы нөмірленген ауылдарда ликбездер құрылып, жұмыс жасай бастаған. Соның нәтижесінде жастар арасындағы алғыр топтардан алғашқы мұғалімдер шықты, бастауыш мектептер құрылды. 1926 жылы республиканың барлық мектептерінде дерлік пионер отрядтары құрылып, жұмыс істей бастаған. Ал аудан орталықтары мен қалалық жерлерде қысқа мерзімді мұғалімдік курстар мен училищелер, шаруашылықтың сол кездегі аса мұқтаж мамандарын даярлайтын техникумдар құрылған. Аудандық және уездік комитет қызметкерлері осы күндіз-түнгі жан аямай еткен еңбектеріне ешқандай жалақы алмаған. Тек жарнаға жиналған астықтан өздеріне тамаққа қалдырып отырған.
Қазақ жастары бойларына біткен үлкенді сыйлау, олардың айтқандарын екі етпей орындау, алдарынан кесе көлденең өтпеу қасиеттеріне байланысты ауыл байлары, ақсақалдар мен игі жақсыларына қарсы келе алмаған. Сондықтан да тек тәркілеу жұмысына бел шешіп араласа алмаған. Республика басшылығына Ф.Голощекиннің келуіне байланысты «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» – деген ұранмен байлардың барын тартып алып, бай болмаса да бірер күнкөрістік шаруасы барларды да аяусыз тонаудың салдарынан 1931 жылы халық ашығады. Жағдай өршіп, 1932 жылы шарықтау шегіне жетіп, халық жаппай аштан қырыла бастайды. Сол кезде амалы таусылған халық балық аулап талғажау ету мақсатында Қарабақыр өзені мен Шәлкенің суын жағалайды. Бір жағы аштық, бір жағы қақаған суыққа шыдамай адамдар сол сулардың жағасында көптеп қырғынға ұшырайды. Мәйіттердің бетін жасырып жерлеу рәсімін жасауға адамдардың шамасы келмейді. Көктем шығып, күн жылына бастаған кезде осы мәйіттер шіріп, айнала адам төзгісіз жағдайда болады. Ақыры, осындай жағдайдың кесірінен бұрқ етіп оба ауруы тарайды. Енді халық аштықтан ғана емес, індеттен де қырыла бастайды.
Сол кезде бүкіл уезде жалғыз ғана білікті дәрігер, 3-4 фельдшер, 4-5 кіші медицина қызметкері бар екен. Медицинаның күші мүлде жетімсіз болған себепті, жоғарыдан аса құпия бұйрық келеді. Індет өзге де өңірлерге тарап кетпеу үшін шұғыл шара түрі, амалсыз, аурудың шыққан ұясын өлі-тірісіне қарамай өртеу болады. Бірнеше бригада боп шыққан комсомол жетекшілері, ішінде менің нағашыларым да бар, осы тапсырманы орындауларына тура келеді. Өртеу көбіне түн қараңғылығында жүргізіледі. Таң ата кезекті бір ауылға таяп келгенде бір кейуана жүгіріп кеп, бізді де өртейсіңдер ме? деп Сәт нағашымды құшақтай алады. Содан індет жұқтырып алған ол кісі бірнеше күнге жетпей-ақ қайтыс боп кетеді. Ұзамай Бекпенбет те қаза болады. Айналасы бір айдың ішінде 12 ұл тегіс қаза болған. Сол кезде 43-44 жастағы нағашы анамыз Бегайым балаларының қайғысын көтере алмай, үш-төрт баланың қазасынан соң-ақ көз жұмады.
Алғашқы артель басшысы Мейірманқұл Байсеркеұлының ұйымдастыруымен шыққан сатылы арбаға жас балаларды сиғанынша отырғызып, сол кездегі Әулиеата қаласындағы балалар үйіне өткізеді. Бұл сұмдық жайдан менің анам осылайша аман қалады. Біз бертінге дейін атамыз Әмірді де сол кезде қайтыс болдыға санайтынбыз. Атамыз немере қарындасы боп келетін Меңдібала әжейдің айтуына қарағанда, 1949 жылы, жетпіске таяған шағында қайтыс болыпты. Бүкіл отбасының қайғысынан атамыз ешкіммен сөйлеспей, ештеңемен ісі болмай, өмірінің соңына дейін меңіреу күн кешіпті. Ертелі-кеш тек жүз қаралы қойдың соңында жүріпті. Ол кісіге де, қойларына да ешкім тиіспеген көрінеді. Осы жағдайды айтуға үлкен кісілер, сол кездің куәгерлері қатты қорқатын.
Ал анам біреу естіп қоятындай, маған сыбырлап қана айтқан. Бірінші кітабым «Замана сырын» жазып жатқанымда тарих пәнінің мұғалімі, қазіргі Мәдімәр ауылының тұрғыны: – Абайла, құрысын! Шындықты жазамын, – деп сотталып кетпе! – деген. Мен сонда да, не де болса тәуекел деп жаздым. Кітапта осы жоғарыда айтылған аштықтан да, індеттен де, өрттен де аман қалып, басынан кешкен бар оқиғаны өз аузымен айтып берген ананың суреті де бар.
Қай кезде де, кімнің де болсын артында іздеушісі болмаса ұрпақ ауыса келе барлығы ұмытыла бастайды екен. 90-жылдардың ауыр кезеңдерін аз да болса еңсеріп, сәл де болса ес жиып өз-өзімізге келе бастаған 1999 жылы анам 72-ге шыққан еді. Бала-бала деп жүріп осы күнге дейін анама не істей алдым? – деп өз-өзіме іштей сұрақ бергенде алдымен ойға келгені, төркін жұртын іздеу болды. Сол кезде маған көмектесіп, талай құнды деректерді алдыма жайып салған үлкен кісілердің де көбісі жоқ бұл күнде. Тіпті кейбірінің аты-жөні де ұмыт болды. Ол кезде кітап, мақала жазамын деп ойлаппын ба? Сұмдық нәубеттен аман қалған жалғыз қарындастарынан туған жиен немересі болғандықтан, сол кісілердің жанқиярлық ересен еңбегімен халқымды, ел-жұртымды таныстыру, келер ұрпаққа аманаттау парыз. «Замана сыры» Сарыкемердегі музейде, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапханада, (электронды нұсқасы да бар), Қазақстан ұлттық кітапханасында, Түркістандағы Қазақ-Түрік ұлттық университетінің кітапханасында, Шымкент қуғын-сүргін құрбандары архиві мен музейінде бар. Сондай-ақ Елбасының кітап қорына да жіберілген. Ол кісінің атынан келген алғыс хат та бар. Сонымен қатар көптеген мешіттер мен мектептерге де таратылды.
Ендігі бір айтарым, өздерінің ұрпағы үшін жанқиярлық еңбек етіп бұл өмірден отбасын да құрмай қыршын кеткен сол кісілердің аруағын ұлықтап, ең болмаса туған ауылындағы Сарыбарақ орта мектебі Сәт Әміровтің атымен аталса деймін. Аудан орталығындағы көшелердің біріне Бекпенбет Әміров аты берілсе. Ал осы күнге дейін Тегістіктегі Чапаев орта мектебі болып келе жатқан мектеп Мейірманқұл Байсеркеұлының атымен аталса, артықтық етпес еді-ау...
Қазіргі біздің замандастарымыздың қай-қайсысы болса да осы аталарымыз бен апаларымыздың, бабаларымыз бен ұлы аналарымыздың өмірінен үлгі алса болғандай.
Ұлдана МОЛДАБАЕВА, зейнеткер, ұстаз