• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Ақпан, 2018

Үкіметте медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару шаралары қаралды

339 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру мәселесі, шағын және орта бизнесті дамыту жайы, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту шаралары қаралды.

Техникалық реттеу жүйесі жетіледі

Жиында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, техникалық реттеудің қолданыстағы инфрақұрылым жүйесі төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – техникалық реттеу мен стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті баға­лау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау. Жал­пы, жүйені жетілдіру екі кезеңде жүзе­ге асырылмақ. Біріншісі, биыл «Стан­дарттау туралы» жаңа заңды және метрология мен аккредиттеу саласын­дағы жұмыстарды жандандыру және жетілдіру туралы заңнамаға енгізілетін басқа да өзгерістерді қабылдау және іске асыру бойынша шаралар қабылданады. Екіншісі, 2018-2020 жылдары сәйкестікті бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жүргізіледі.

Бүгінде «Стандарттау туралы» заң жобасы әзірленген, оның аясында авто­мат­тандырылған жүйелер – стандарттау процестерінің Стандарттау жөніндегі ұлттық орган арқылы жұмыс істейтін бірыңғай операторы анықталмақ.  

Министр метрология саласында да жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға өзгерістер ен­гізу аккредиттеу жүйесін жетілдіруге және аталған сала субъектілерінің жауап­кершілігін арттыруға бағытталған.

Техникалық реттеу жүйесін жетіл­дірудің екінші кезеңі сертификаттау сынақтарының нәтижелеріне өзара сенімді төмендету және импорт­таушы­лар­дың «тауарларды шартты түрде шығару» кедендік рəсімі арқылы сер­ти­­фи­каттаудан өтуін болдырмау сияқ­ты түйткілді мəселелерді шешуге бағыт­­талған. Министр бұл бағыттағы жұмыс­тар бүгінде басталғанын жеткізді.

Министрлік мемлекеттiк бақылау саласында қабылданған шаралардың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында мемле­кеттiк органдардың өкiлеттiктерiн саралауды ұсынбақ.

Бұдан әрі Ж.Қасымбек техникалық реттеу жүйесін автоматтандыру және цифр­ландыру туралы айта отырып, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық ко­мис­сияға сәйкестік туралы декларация­лар мен сертификаттар жөнінде мәлімет беру жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқ­талды. Сондай-ақ «E-КТРМ» бір­ыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Ол Қазақстандағы және ЕАЭО аясындағы барлық үдерістерді автоматтандырады және біріктіреді.

ШОБ өнімі өсті

Шағын және орта бизнесті дамыту бо­йы­нша қолға алынған шаралар туралы Үкімет отырысында Ұлт­­тық эко­номика министрі Тимур Сүлей­менов баяндады. Министрдің айтуын­­ша, жұмыспен қамтудың, ин­вес­ти­циялар тартудың негізгі көзі, экон­о­ми­каның бәсекеге қабілеттілігін қалыптас­тырудың іргетасы болып табылатын экономиканың аталған секторын дамыту – Ұлттық экономика министрлігі жұмы­сының негізгі басымдығы. Аталған бағыт­тағы жұмыс мемлекеттік реттеуді жеті­лдіру және бизнес ахуалды жақсарту; қаржы­ланды­руға қолжетімділікті арттыру және қолдау шараларын жетілдіру; са­лалық кедергілерді жою сияқты үш жү­йелік блок бойынша жүзеге асырылады.

Бүгінде «Мемлекеттік реттеуді жетіл­діру және бизнес ахуалды жақсарту» бағыты бойынша сәйкес заң жобасы әзірленген, онда 100 заң мен 13 кодекс­ке өзгерісті қамтитын шамамен 1000 түзету бар. 

Келесі маңызды бағыт – кәсіпкерл­ік қызметті қаржыландыруға қолжетім­ділікті арттыру бойынша қолдаудың басты құралдары «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бизнесті қолдау мен дамы­тудың бірыңғай бағдарламасы, Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сон­дай-ақ халықаралық қаржы ұйым­дарының кредиттік желілері екені анық. 

Министрдің мәлімдеуінше, «Биз­нестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2017 жылдың қорытындысы бойынша қолдау шараларымен 192 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар адамдар қамтылған, бұл 2016 жылмен салыс­тырғанда 10 пайызға артық. Ал сый­ақы және кредиттерге кепілдік беру мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілген кредит қоржыны 286,6 млрд теңгені құраған. Барлығы 3351 жобаға қолдау көрсетілген, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10 па­йызға артық. 490 млн теңге сомасы­на 276 жобаға мемлекеттік грант ұсы­ныл­ған, 12,1 млрд теңге сомасына 25 жоба­ға жетіспейтін инфрақұрылым жүр­гі­зілген, оқыту бағдарламаларымен және сервистік қызметтермен 74,8 мың жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңге сомаға өнім өндіріпті, 17,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 217 млрд теңге салық төленген. 

Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша тағы бір маңызды бағыт салалық кедергілерді жою болып табылады. Өткен жылдардағы жұмысты ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 552 бизнестің проблемалы мәселелерін қараған, олардың 497-сі шешілген. Статистика комитетінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 145 994 бірлікті құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Оған қоса, ШОБ-та өнім өндірісі едәуір өскен. Өткен жылдың 9 айында өнім өндірісі 14,4 трлн теңгені құраған.

Басқару ісіне басымдық беріледі

Жиында қаралған үшінші мәселе – медициналық ұйымдардағы корпора­тивтік басқару және менеджментті дамыту шараларын іске асыру туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.

100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамын, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасында денсаулық сақтау сала­сын дамытудың 2016-2019 жыл­­дарға арналған «Денсаулық» мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру шең­берінде Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі медициналық ұйымдарда кор­по­ра­тивтік басқаруды және менедж­мент принциптерін енгізу жұмысын жүр­гізуде. Бұдан өзге, Мемлекет бас­шысының 2014 жылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін ЭЫДҰ қағидаттары мен стандарттарын енгізу міндетін қойды. Осылайша, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ЭЫДҰ-ның кор­по­ративтік басқару принциптерін енгізу мәселесі өзекті болып табылады.

Министр атап өткендей, қазір Қазақ­­станның денсаулық сақтау ұйым­дарының көпшілігі байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар (БК бар ШЖҚ РМК), АҚ пен ЖШС сияқты корпоративтік басқару элементтерін енгізуге ықпал ететін заңды формаларға ауыстырылған. Бүгінде өңірлік деңгейде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына ұйымдастыру-әдістемелік қолдау көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің барлық ведом­ствоға қарасты ұйымдарында және ішінара өңірлік медициналық ұйым­дарында енгізілген үлгілік корпоративтік құжаттар акционерлік қоғам, шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мемлек­ет­тік кәсіпорын үшін әзірленіп, енгізілуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың ресми сайттарында «Корпоративтік бас­қару» бөлімін құру арқылы медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын қам­тамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Денсаулық сақтаудағы көшбасшылық пен менеджментті дамыту бағыты аясында арнайы білімі бар басшыларды дайындау ісі өзектілігін сақтауда. Бұл салада 3000-ға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда, медициналық ұйым­дар басшыларының 60 пайызы тек жоғары медициналық білім ие­лері, арнайы менеджмент саласында жоғары білім алмаған азаматтар екен. Бірінші басшылардың тек 13,5 па­йы­зы әртүрлі мамандық бойынша магистр дәрежесін алған. Осы ретте Е.Біртанов медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруы тиістігін баса айтты.  Мәселені талқылау қорытындысында Е.Біртанов корпоративтік басқаруды және менеджментті дамыту бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді. Медициналық ұйымдардағы тиімді корпоративтік басқару мен менеджмент үшін ЭЫДҰ басқару принциптеріне сәйкес корпоративтік басқару принцип­тері мен түсініктерін заңнама түрінде бекіту жоспарланған. 

Динара БІТІК,  «Егемен Қазақстан»