• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Ақпан, 2018

Шертпе күй шеберлерінің бірі композитор Мағауия Хамзин

1642 рет
көрсетілді

Қазақтың ұлттық мәдениетіне, оның ішінде сонау түркі дәуірінен бүгінгі таңға дейінгі саф қалпын сақтап келе жатқан күй өнерінің кемелденуіне өзінің зор үлесін қосқан шертпе күй шеберлерінің бірі композитор Мағауия Хамзин еді. Бүгінде оның сонау Тәттімбеттен бергі текті өнерді тегіс жұртқа жеткізген ерен еңбегі ел игілігіне молынан жарады. Тіпті Арқадан Алатауға дейінгі абыз далада Мағауия мектебі қалыптасқан десек, артық айтпаған болар едік. Сол шекпеннен шыққан қаншама жас дарын қара домбыраны жанына серік етіп, шертпе күйден шартарапқа күй шалқытуда.  Тұғырлы тұлғаның шығар­машылығы былтырдан бері өзінің тоқсан жылдық мерейтойы аясында еліміздің әр аймағында кеңінен насихатталып жатыр. 

Сонау дөңгелек датаның түйінді толғамы таяуда елордамыздың еңселі төрінде «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйы­мының ұйымдастыруымен өт­кен «Қоңырқаз» атты еске алу кешінде қорытындыланды.

Дарқан дарын иесінің мерейлі мерекесіне оған дейін асқақ Ала­тау төрі де ат қосқан болатын. М.Хамзиннің өнердегі шәкірт­тері Ж.Шәкәрім бастаған, Е.Төлеутай, М.Әбуғазы бар, Алма­тыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сы, Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясы, П.Чайковский атындағы Алма­ты музыкалық колледжі және Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттерін қатыс­­тырып асқаралы тұлғаның атын­да мұражай ашқан болатын. Мағауия Хамзин қоры, Халық­аралық «Көшпенділер Ата­мұрасы» қоғамдық қоры, «Ке­ңес» орталығы бас болып, «Адырна» ұлттық-этногра­фия­лық бірлестігімен серіктесе атқарған ол игі шара кемеңгер тұл­ғалардан гөрі келешек жыл­ға­ларға аманат іспетті ауқымды жұмыс болатын.

Әріптесіміз Аманғали Қал­жан бірде өзі жұмыс істейтін «Ас­тана ақшамы» газетінде «Қазақ­концерт» мемлекеттік кон­церттік ұйымының директоры Асхат Маемировпен сұхбат жасаған болатын. Сұхбатта шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзин де «Қазақконцерттің» құрамында өнер көрсеткенін тілге тиек ете келіп, оның осы­дан тура жарты ғасыр бұрын Ермек Серкебаев екеуі Кана­да­ның Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-67» көрмесіне қатыс­қаны туралы деректі алға тартады. Күйшінің таланты мен тағдырын, ғибаратты өмір жолын әңгімеге арқау ете келіп, А.Маемиров мырзаға Астанада Мағауия Хамзинді еске алуға арналған үлкен кеш өткізуді ұсынады.

Не керек әлгі сұхбаттың сұрағы мақсатына, Асхат мырза жақсы атына жетіп тамаша кеш таяуда өз дәрежесінде дүркіреп өтті. Кештің келісті өтуіне араға алтын көпір болып жүрген Мағауияны қазаққа берген Ақтоғайдың азаматы Ерлан Дәкеновтің де ықпалы бар. Аталмыш өнер жәрмеңкесіне қазақ руханиятының кіл қас­қалары келіп, күйші жайлы келелі әңгімені кеңінен тол­ғады. Шара тізгінін атақ­ты күйші Жанғали Жүз­бай ұстаған. Сәнді сахна төрінде Мұхаметжан Тілеухан, Қай­ролла Сəдуақасов төгілтіп күй төккенде көңіл көкжиегі күн астында шырайланып сала берді. Қазақ әдебиетінің белді өкілдері Төлен Әбдік, Қойшығара Сал­ғара, Әнес Сарай, Қайролла Сә­дуақасов қатысқан кеште жас дарындар Манап Анықбеков, Балжан Серікболқызы сияқты дәулескер күйшілер өнер жарыстырды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары әнмен әрлеген кешті көрермендер зор қошеметпен қабыл алды. Серік Оспанов, Амантай Жұмашев, Нұрай Тана­баев, Аяулым Қамажан Мағауия шығармашылығының шыңына шуақ боп төгілді. Әсерлі естелік­тердің арасында Мағауия Хам­зиннің інісі Дәнелия ақсақал жай­лы да айтылды. Оны тілге тиек етуіміздің өзіндік орны бар. Өкінішке қарай аталмыш кешті ұйымдастырушылардың басында болған Дәнелия ақсақал оны тамашалауға аз ғана уақыт қалғанда өмірден озды... Кешке Д.Хамзиннің зайыбы Бақыт шешей қатысып, Мағауия өзі қолдан шапқан домбыраларды ала келді. Шертпе күй шеберінің осындай да өнері болғанын бірі білсе, бірі біле бермейтін болар. Ол домбыралардың формасы да әдеттегі домбыралардан бөлек жасалған. Шертпе күйге келетін қалақ домбыралардан да қалыбы ерекше. Өнертанушы Раушан Малдыбаеваның айтуынша, Мағауияның əкесі Хамза ұлына бала күнінде дəл осындай музыкалық аспапты сыйлаған екен. Содан бері күйші өзге фор­мадағы домбыраны онша ұната қоймаған. 

Кеште айтылғандай, күй құты қонған Мағауия Хамзин қос ішекті домбыраны оркестрде ойнатуымен ерекшеленген дарын иесі. Ол – шертпе күймен бірге, əлемнің классикалық шы­ғар­маларын үлкен сахналарда ойнап, шетелдің талғампаз көрерменін тəнті еткен күйші. 

Көкірек көзі ашық әлеумет әуезді әуен мен кемеңгер күй құшағынан шыққысы жоқ. Одан біз күйшінің өнердегі ғұмыры ұзақ әрі әлі де насиxаттала бе­ретініне еш күмән келтірмедік. Осындай жиындар арқылы қазақтың ұлттық бай мұрасы ұр­пақтан-ұрпаққа табыстала бере­тіні сөзсіз ақиқат.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»