Қазақстанның жаһандық беделінің нығая түсуі оның Еуропа одағына (ЕО) біріккен мемлекеттермен қатынастарының жақсаруына байланысты. Елбасы сыртқы саясаттың осы бағытын анықтайтын «Еуропаға жол» бағдарламасын ұсынған болатын.
Қазақстан бұл бағыттағы қатынастарды жандандыруды 1992 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болумен бастады. 1995 жылдан Еуроодақ компанияларының Қазақстанның мұнай, газ, уран, түсті металдар секторларын игеруге ден қойды. Сонымен қатар біздің елдің халықаралық терроризмге, наркотрафикке, түрлі індеттерге қарсы белсенді қызметі және ядролық қаруларға қарсы күресі Еуроодақ елдерінің жаһандық қайшылықтарға қатысты ұстанымдарына сәйкес келді. Қазақстанда неміс, поляк диаспораларының болуы Германия мен Польша сияқты елдердің бізбен қатынастарын тереңдетуге мүдделі ете түсті. Еуроодақ Қазақстанға ең көп инвестиция құйды. Қазақстанның Еуропа елдерімен тығыз қатынастары оның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болуына әкелді.
1999 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Әріптестік пен ынтымақ туралы келісімге Брюссель қаласында қол қойылды. Еуропа мемлекеттерімен байланыстардың өрістеуі барысында елімізде 3000-нан астам бірлескен кәсіпорын ашылды. ЕО елдерімен сауда көлемі 2017 жылы 24,4 млрд долларға жетіп, Қазақстанның сыртқы тауар ай- налымының 40 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылдағыдан 23% артық. Тығыз байланыстардың арта түсуіне 2015 жылы желтоқсанда Қазақстан мен ЕО қол қойған жаңа Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім /КӘЫК/ өз ықпалын тигізді. ТМД елдерінің арасында Қазақстан ғана ЕО-мен осындай келісімге келіп отыр. ЕО-ға кіретін 28 елдің 18-нің парламенттері бұл келісімді ратификациялады. «Еуропаға жол» бағдарламасын іске асыру барысында Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп, Кеден одағын және Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыра алды. Бұл шаралар Брюссельмен қатынастарды үнемі үйлестіріп отыруды талап етті. Әрине ЕО елдері өз мүдделерін қорғайды. Олар үшін Ресей мен Украина қатынастарының шие- ленісуі жағдайында энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, шикізатты тасымалдау, континенталдық қауіпсіздікті нығайту мәселелері маңызды. Қарқынды дамып келе жатқан, ашық, саяси тұрақты Қазақстанмен жақсы қатынастар орната отырып, Еуроодақ Орталық Азия аймағындағы ықпалын арттыра түсуді көздейді.
ЕО елдері Қазақстанда нарықтық реформалар жүргізуге, экономиканы бейтараптандыруға, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, ғылыми-зерттеулер салаларын жетілдіруге көмектесті. 1992-2000 жылдар аралығында тек ТАСИС бағдарламасы шеңберінде еліміздегі экологиялық сараптаулар жұмыстарына 120 млн еуро көлемінде техникалық көмек берілді. Қазақстан үшін Семей ядролық полигонында жасалған сынақтардың салдарларын анықтау және жою, Арал теңізі бассейнінің экологиялық мәселелерін анықтау, Алматының әуе кеңістігінің ластануын азайту мәселелеріне қатысты зерттеу шараларының пайдасы болды. Бұл қатынастар тұрақты байланыстарға ұласты. Мысалы, 2016 жылы сәуір айында Алматы облысында қазақ-француз радиолокациялық техника өндіру зау- ыты ашылды. 2017 жылы венгриялық «Эксимбанк» бірлескен шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 255 млн еуро бөлді. Еуропалық инвестициялық банк «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұжымына ұлттық АӨК-ті дамытуға 200 млн еуро қаржы бөлді. Еуропа қайта құру және даму банкі еліміздегі 17 жобаны қаржыландыруға 500 млн доллар жұмсағалы отыр. «Индустрия 4.0» бағытында өнеркәсіпті цифрландыру жұмыстарын ұйымдастыруға озық неміс тәжірибелерін енгізуге Германия мен Қазақстан арасында 1 миллиард доллар көлеміндегі 20 құжатқа қол қойылды.
ЕО үшін Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін пайдалану маңызды. Қытайдың алып экономикасымен Еуропаның байланысын Үрімжі (Қытай) – Алтынкөл (Қазақстан) – Рига (Латвия) – Роттердам (Нидерланд) трансконтиненталдық тасымалдау жолы жеңілдетті. Бұл жолдың еліміздің Еуропа елдерімен сауда-саттығын өсіруге ықпалы күшті. 2017 жылдың күзінде Коувола (Финляндия) – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) контейнерлік темір жол бағыты іске қосылды. Жыл сайын бұл жолмен 1 млн тоннадан артық жүк тасымалдануы жобаланған. Аталған істердің Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген төртінші міндет – көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуда көмегі зор. Еуропаға жүк транзитінен қазынамызға бірнеше млрд доллар табыс кіреді.
ЕО-мен қатынастарымызды жақсарту Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция үрдістеріне енуін жеңілдетуге көмектеседі. ЕО-мен тығыз қатынастар ғылым, білім, мәдениет, медицина салаларында жақсы дамыса, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Әлемдік өркениет жетістіктеріне айналған еуропалық демократия игіліктерін ұлттық құндылықтарымызбен ұштастыру арқылы ғана дамыған мемлекеттер қатарынан көріне аламыз.