Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында тұңғыш рет шетел азаматына бүйрек трансплантациясы жасалды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен атқарылған бұл игі іске екпін бере «сүйіншілеуіміздің» себебі де жоқ емес.
Қазіргі таңда, әсіресе адамның денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған медициналық туризмнің дамуы мемлекеттің басты міндетіне айналуда. Медициналық туризм, бір жағынан қоғамның тұрақты дамуына үлкен үлес қосса, екіншіден, мемлекет үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз ететін сала болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2022 жылға қарай туризм және денсаулық сақтау әлемдік салалардың негізгісіне айналады. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаев отандық медициналық туризмді дамыту керектігін айтып келеді. Мысалы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Ұлт денсаулығы – біздің жетістікті болашағымыздың негізі» болып табылатынын атап айтты. Сонымен қатар отандық медициналық туризмді дамыту керектігін еске салған болатын. Осы бағытта оңтүстікте денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мақаламызға арқау болған ота сол жұмыстардың бір нәтижесі.
Аурухананың бас дәрігері Мәди Биғалиевтің айтуынша, Израиль мемлекетінде тұрақты жұмыс істейтін Германия азаматының қазіргі жағдайы жақсы. Елу жастағы реципиент ауруханада стационарлық ем қабылдап жатыр. Жақын арада үйіне жіберілмек. Қызметі рұқсат етпейтіндіктен ол аты-жөнін де айтқан жоқ, тілшілермен тілдесуді де қаламады. Ал, оған бір бүйрегін берген донор 32 жастағы Украина тұрғынының науқаспен туыстық қатынасы бар екен. Оның да жағдайы жақсы, ауруханадан шығарылып, амбулаториялық емдеуге жолданған.
– 2013 жылы мұндай операция біз үшін өте күрделі болатын. Содан бері 100-ге жуық бүйрек ауыстыруды сәтті орындап, тәжірибе жинадық, кәсіби шеберлігіміз артты. Өзім басшылық ететін 22 адамнан тұратын хирургиялық топтың әрбір маманы өз ісін өте жақсы біледі. Сондықтан төрт сағатқа созылған бұл трансплантация аса ауыр бола қойған жоқ, – дейді хирург М.Биғалиев.
Былтыр Тұңғыш Президент күні пайдалануға берілген аурухананың жаңа ғимаратында жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Операция жасауға қажетті бірегей преператтардың қоры жасақталған және сервистік палаталар бар. Мұнда жүргізілетін хирургиялық ем қазақстандықтар үшін тегін болғанымен, шетелдік науқастарға да қолжетімді бағада көрсетіледі. Мәселен, неміс азаматына жасалған трансплантация құны – 4,5 миллион теңге, долларға шаққанда 15 мың долларға жуықтайды. Ал, мұндай орган ауыстырудың орташа құны Еуропа елдері мен АҚШ-та шамамен 60-70 мың доллар болады екен.
– Келесі айда осы аурухананың базасында тағы екі шетелдікке трансплантация операциясы жасалады. Білікті дәрігерлерімізге сенім артып, заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған ғимаратта хирургиялық ем қабылдауға өтініш білдірген Румыния, Болгария азаматтарының денсаулығы тексеріліп жатыр. Дегенмен, отандық медицина туризмін дамыту өңірде бір ауруханамен шектеліп қалмайды. Бұл бағытта облыстық клиникалық ауруханада, кардиология орталығында жүйеленген жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Сонымен қатар облыстық тері венерологиялық диспансерінде де ветелиго дертін емдеу бойынша республиканың барлық аймағынан венеролог дәрігерлер келіп, тәжірибе жинақтап, үйреніп жүр. Бүгінде көрші Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен келген науқастар ем қабылдап жатыр. Қазірдің өзінде мұнда емделгісі келетіндердің кезегі бір жылдан асып кетті. Биыл Оңтүстікте тері трансплантациясын жасайтын боламыз. Бұл өз кезегінде ең алдымен емдеу мекемелерінің қаржылық жағдайын жақсартуға, базасын нығайтып дамытуға, дәрігерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыруға көмектеседі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, соңғы жылдары Ресейден тісін емдеткісі келетін шетел азаматтары көптеп келе бастапты. Былтыр көктем мезгілінен бастап, тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуге көшкен облыстық тіс емдеу емханасындағы дәрігерлердің біліктілігі ресейліктерден бір мысқал да кем емес. Сондықтан бұл бағытта да басқарма басшылығы медицина туризмін дамытуды қолға алмақшы. Яғни, шипа іздеп Шымкентке келетін шетелдіктердің саны арта түспек.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»